Ресей импершілдігі: Дугинге Ресейдің дұғасын оқитын күн де алыс емес...

Орыстың қатып-семген шовинисі, «Орыс әлемінің» бас насихатшысы, саясаттанушы Александр Дугин «Ресей Федерациясы Ресей империясына айналу үшін ең алдымен Украинаны толық бақылауға алуымыз керек, қалғанын сосын көрерміз», – деп мәлімдеді.

1700819924643565.jpg

Бұл – жеке адамның көзқарасы емес. Ресей кеңес одағынан тәуелсіздік алған елдерге бұрыннан көз алартып келеді. Көз алартып қана қойған жоқ, өзге елдің жеріне басып кіріп, белгілі бір аумақты бөліп тынды.

Мәселен, Ресей 1992 жылы Молдоваға әскер кіргізіп, елде жарты жыл бойы дұрбелең туғызған. Нәтижесінде Ресейден басқа ешкім мойындамаған «Приднестровия Молдова Республикасы» «құрылды».

Дәл осындай құйтырқылық Грузияда қайталанды. Соның салдарынан Грузия Оңтүстік Осетия мен Абхазиядан «айырылды».

Ресей 2014 жылы Қырымды аннекциялап, Донбассты дүрбеленге ұрындырды. Шовинистерге бұл да аздық етті, олар 2022 жылдың ақпанында басқыншылық соғысты қайта бастады. Қазіргі таңда орыстың ойыны осылып, ойсырай жеңіліп жатыр. Бірақ Дугиннің сөзі әлгіндегідей.

Дугин деген дүбәра қазаққа да қарсы аузына келгенін оттаған. Оның Қазақстанның тұтастығына, Солтүстік Қазақстан облысына қатысты жасаған мәлімдемелері мен айтқан сөздерін ұмыта қойған жоқпыз.

«Орыс әлемінің» бас насихатшысы импершілдік ойынан айнымаса, онда Дугинге Ресейдің дұғасын оқитын күн де алыс болмаса керек. Өйткені ашкөздіктің түбі – құрдым.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар