«Украина – Ресей емес. 20 жылдан кейін»: Кучманың кітабы Кремльдің жынын қоздырып жатыр...

«Украина – Ресей емес». Осындай тақырыппен 1994-2005 жылдар арасында Украина президенті болған Леонид Кучманың кітабы 2003 жылы жарық көрген еді. Кітап өз тұсында Украина халқының рухани манифестіне айналып, Ресейдің «жынын қоздырған».

1701075574183949.jpg

Былтырғы ақпанда Путиндік Ресей Украина жеріне ашықтан-ашық басып кірді. Ендеше, екі ел арасындағы қарым-қатынасты қайта қарастыру қажеттілігі табиғи түрде туындады.

Өткен аптада экс-президент Леонид Кучманың аталмыш кітабы қайта басылып шығып, таныстырылымы өтті. Кітап «Украина – Ресей емес. 20 жылдан кейін» деп аталады. Автор 2023 жылдың 14 қаңтарында Днепрдегі тұрғын үйге ресейлік оккупанттар зымыраны тиген кезде бұл кітапты қайта шығару туралы шешім қабылдағанын айтады.

Яғни, Путин әскері атқан зымыран тұрғын үйді жермен-жексен еткен кезде, жиырма жыл бұрынғы кітаптың сау тамтығы қалмаған. Бұл жайлы автордың өзі тұсаукесер рәсімінде:

«Кезінде Ресей туралы айтылған жылы сөздердің бәрін Ресейдің өзі өртеп жіберді. Ол тек осы кітапта ғана емес, ғасырлар бойы Ресеймен араласып келе жатқан халқымыздың жаны мен жадында өртенді. Сол кезде кітапты қайта шығаруды жөн көрдім», – деді.

1701075593419505.jpeg

Кітаптың бірінші басылымынан айырмашылығы, екіншісінде орыстарға арналған бөліктер жоқ және енді өзекті емес тараулар да қысқартылған. Автор әр тарауға түсініктемелер қосып, 2003 жылғы мәтінді өзгеріссіз қалдырды. 2021 жылдан бастап Ресей президенті Путин келесі формуланы үнемі қолдана бастады: Украина Ресейге қарсы.

«Қасиетті су сайтандарға қалай әсер етсе, «Украина – Ресей емес» деген сөз де Ресей билігіне солай әсер етеді. Демек, бұл сөз енді бұрынғыдан да қаттырақ және қатал айтылуы керек. «Украина – Ресей емес» деген сөзді бұдан 20 жыл бұрын дәлелдеуге тура келген. Ол кезде бұл револуция сияқты еді. Қазір де солай оқылады, бірақ қазір ол басқа нәрсені білдіреді. Украина – Ресей емес. Яғни, Украина – Ресеймен бірдей емес. Ортақ ештеңе жоқ, керісінше, абсолютті қарама-қарсы мағынаны білдіреді», – деді Кучма.

Кітап Киевтің «АДЕФ-Украина» баспасынан шыққан. Кучма таралым ең алдымен Украинаның қауіпсіздік және қорғаныс күштеріне, Украинаның ірі кітапханаларына, университеттеріне, орталық және аймақтық билік органдарына арналғанын атап өтті. Кейінірек «Украина Ресей емес. 20 жылдан кейін» электронды нұсқасы еркін қолжетімді болады.

Тұсаукесерге Украинаның үшінші президенті Виктор Ющенко, Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов, Қорғаныс министрлігі Әскери барлау бас басқармасының бұрынғы бастығы Игорь Смешко, Гордон басылымының негізін қалаушы Дмитрий Гордон және басқа да танымал украиндар қатысты.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар