Отбасы – озбырлық жасайтын жер емес!

Дәл осылай жар салуға тура келіп тұр. Себебі елімізде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандардың саны азаймай тұр. Соңғы екі жарым жыл ішінде Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстар саны екі есеге артқан. Ресми органдардың мәліметтері бойынша үйінде көрген зәбірдің салдарынан 300-ден астам адам көз жұмған, денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 фактісі және орташа зиян келтірудің 808 фактісі тіркелген. Осындай құқық бұзушылықтар бойынша 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


Сіз үшін отбасы нені білдіреді?

 

Алдымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа анықтама берсек. Мамандардың пайымдауынша, оның 4 түрі бар.

 

1. Физикалық зорлық - денсаулыққа қасақана физикалық күш көрсету;

2. Психологиялық зорлық - бұл адамның эмоциясына немесе психикасына әсер ету: қорқыту арқылы, қоқан-лоқы көрсету, балағаттау, сынау және т.б;

3. Сексуалдық зорлық - басқа адамға қатысты сексуалдық сипаттағы кез келген әрекетті қолдану;

4. Экономикалық зорлық - бөгде біреудің ақшасын немесе басқа да материалдық ресурастарын (тұрғын-үй, тағам, киім) бақылап, оны жұмсау.

 

Бүгінде Қазақстан Республикасында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заң жұмыс істеп тұр. Аталмыш заң азаматтарымызды барынша қорғайды. Зардап шеккен азаматтар егер арыз жазса заңмен қорғалады, қылмысқа барғандар жазаланып та жатыр. Дегенмен үйдегі әлімжеттікке тоқтау болмай тұр. Өйткені заңның солқылдақ тұстары да жоқ емес. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жолдауында және жақында ғана осы мәселені шешу қажеттігін қадап айтты. Бұл туралы Мәжілісте де кеңінен талқыланып, «Отбасылық-тұр­мыс­тық зорлық-зомбылыққа қар­сы іс-қимыл туралы» заң жобасы қайта қаралған болатын. Осылайша, Президент Тоқаев биыл 8 желтоқсанда үкіметке 2024 жылдың қаңтарында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнаманы қатаңдату бойынша заң жобасын дайындауды тапсырды.

 

Ел президенті «үйдегі әлімжеттіктің» алдын алуға мән беру керектігіне баса назар аударып отыр. Қылмыстың жолын кесу үшін, үкіметке 2025 жылдың наурызына дейін «отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін әлеуметтік-психологиялық түзету практикасын енгізу» туралы заң жобасын дайындауды тапсырды. Мұның бәрі азаматтар арасындағы жауапкершілікті ұлғайтуға әсер етпек.  

 

Ел үкіметінің бұл бағыттағы жұмысы мұнымен тоқтамайды. Заң жобасы қабылданса, әлсізге күш көрсететін озбырларды орнына қою мәселесі біртіндеп шешілмек. Өйткені бұл қоғамымыздағы ушыққан мәселеге айналып отыр. Елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен олардың балалары үшін дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Бір ғана Алматы қаласының өзінде жыл басынан бері дағдарыс орталықтарына 300 ден астам әйел көмек сұрап келген. Көпшілігі - балалы әйелдер. Қиын жағдайға тап болған қыз-келіншектердің құқығын қорғау мәселесі осыдан келіп туындайды. Тәуелсіз сарапшылардың мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын 400-ге жуық әйел күйеулерінің зорлығынан қаза табады.  Бұл сұмдық жағдай.

 

Үй ішіндегі әлімжеттіктен көбінесе әйелдермен қатар, кәмелетке толмаған балалар да жиі зардап шегеді. ЮНИСЕФ мәліметтері бойынша, республика бойынша күн сайын 5-6 бала зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Тәрбиелеу мақсатында ересектердің 75 пайызы кәмелетке толмаған кішкентайларға күш көрсетеді екен.

 

Заңгер Қазбек Дәуітәлінің пайымдауынша, елде заң қатаңдатылмаса, қылмыс азаймайды. «Зорлық-зомбылық қылмыстарының 7-8 пайызы отбасы кеңістігінде орын алады. Қылмыс құрбандарының 90 пайызы қыз-келіншектер  екен. Бұл - әлемдік статистика. Сонымен қатар, жас балалар да, қартайған ата-аналар да отбасындағы озбырлықтың құрбаны болып жатады екен. Осының ішінде әйелдерді алып қарасақ, олардың құқықтары Қазақстанда аз қамтылды деп айтуға келмейді. Барлығы заңда қарастырылған. Бірақ іске асуында аздап мін бар. Жалпы біздің қоғам менталитеті шығыстық типке жататындықтан, тұрмыстық зорлық-зомбылықты тек қатаң заң арқылы ғана тоқтата аламыз. 

 

Әлеуметтанушы Айжан Шабденованың пікірінше, зорлық құрбандары көбінесе өз басындағы жағдайды жасырып-жабады.

 

«Көбінесе адамдар бұл туралы ашық айтпайды. Үйде болған жайт – үйде қалсын деген де бар. Үндемей қалатындар - көбінесе әйелдер. Ал кәмелетке толмаған кішкентайлар өз құқығының өрескел бұзылып жатқандығын біле бермейді. Сондықтан да біздегі статистиканы 100% шынайы деуге келмейді».

Отбасы - ошақ қасында жасырылып қалатын қылмыстар саны бұдан да көп болуы ғажап емес. Сондықтан да қоғамдағы нақты жағдайдың қандай екенін бағалай алмаймыз. Қаншама жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе енді нақты шешімін табатын сияқты. Қазақстан президенті үкімет пен әкімдіктерде аудан орталықтары мен шалғай ауылдарда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға көмек көрсету бойынша дағдарыс орталықтары санын көбейтуді де міндеттеді.

 

Мемлекет басшысының бастамасымен 2024 жылы негізінен әйел полицейлерден тұратын тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресетін арнайы бөлімшелер құрылады деп күтілуде. Бұл алдағы уақытта республиканың өзге аймақтарындағы ахуалды дұрыс бағалауға мүмкіндік береді.

 

ҚР Президенті Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес кешенді болу керектігін алға тартып отыр.

 

- «Көптеген әлеуметтік кеселдің түп тамыры, соның ішінде қылмыс көбіне тұрмысы нашар отбасылардан бастау алады. Мұндай отбасылардағы зорлық-зомбылықтар балалардың сана-сезіміне және психикасына кері әсерін тигізеді. Сондықтан құқық қорғау органдары адамдардың құндылықтар жүйесі мен мінез-құлық моделін өзгертуде шешуші рөл атқара алады және атқаруы қажет», - деп мәлімдеген еді.  

 

Әлеуметтанушылар, педагогтар және көптеген сарапшылар осы пікірмен толықтай келіседі. Қоғам дертіне айналған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түп-тамырында әлеуметтік мәселелер де жатыр. Одан қалса, қоғамда адами құндылықтарды дәріптеу жағы ақсап тұр. Профессор, педагогика ғылымдарының кандидаты Нұрсұлу Әлқожаева мәселенің мәнісі - тәрбиеден бастау алады деген пікірде.

 

«Отбасы құндылықтарын дәріптеу арқылы біз үйдегі әлімжеттіктің алдын аламыз. Ол отбасындағы әке мен ананың рөлі, ата-әжелердің өнегелі өсиеті секілді ұлттық тәрбиеге негізделуі тиіс. Үйдегі жанжал неден басталады десек, әрине дау-дамай түсініспеушіліктен, білімсіздіктен, тәрбиесіздіктен бастау алады. Ешкім баласына «баскесер бол, барып біреуді ұрып-соқ» деп өсірмейтіні анық. Бірақ балалалар өскенде не істейді? Әрине ата-анасының іс-әрекеттерін қайталайды. Олқылықтың бәрі сол отбасылық тәрбиеден деп санаймын. Сондықтан біз әрдайым адами құндылықтарды дәріптеп, жанұяның маңызын жоғарылату керек, сонда ғана жанұядағы жамандықтың алдын алуға болады».  

 

Нақты айтсақ, үлкен болсын, кіші болсын, мейлі әйел, мейлі ер азамат болсын, адам құқықтарының аяққа тапталмауы аса маңызды. Қысым көрген, таяқ жеген, қорлық көрген адамдардың мәселесі үйдегі зорлық-зомбылық тоқтағанда ғана шешіледі. Ол үшін қоғамдық сананы өзгерту маңызды. Азаматтардың таным-түсінігіне қозғау салу қажет. Осыған орай Қазақстанда отбасы институтының беделін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта өз нәтижесін берері анық. Ал әзірге тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңның қатаңдатылуын бүкіл қоғам күтіп отыр. 

 

«Ұлағатты отбасы – ұлт тірегі, «Отбасы – шағын мемлекет» екенін ескере отырып, осы шағын мемлекеттердан құралатын еліміз өркениетті елге айналсын десек рухани құндылықтарды сақтай отырып, адам құқықтарын бұзбасақ, болашағымыздың жарқын болары сөзсіз. Сыйластық пен түсіністікке негізделген қарым-қатынасты көрген балалар әрине бақытты, өнегелі болып өседі. Өнегелі ұрпақ – берекелі отбасында тәрбиеленеді. Татулықты ту еткен берекелі шаңырақта ешқашан да ұрыс-керіс болмайды.

 

Сандуғаш Райым



Ұқсас тақырыптар