Қазақ бизнесіндегі Ресей ақшасы соғысқа қызмет ете бере ме?

Қазір әлем назары ХАМАС пен Израиль текетіресін біржаққа ысырып, Ресей мен Украина шайқасына қайыра зер сала бастады. Батыс үшін Таяу Шығыс алыста жатқан әлдебір ел, ал, орыс аюы Еуропаның жандарымы екенін тарихта әйгілеген.

1702883796289256.jpg

Еуропаның жандарымының жандайшаптары Батыс тұсау салған капиталын ебін тауып, ОА-ға ағылтып, қазақ, өзбек пен қырғыз жерінде түрлі фирмалар құрып үлгерді. Осыған байланысты:

«Кремль бірте-бірте Ресей экономикасын соғыс соқпағына түсіреді. Бірақ Путиндік соғыс мәшинесі ішкі өндіріспен ғана шектеліп қалмайды. Ресейдің әскери-өндірістік базасын өсіру мен қолдауды қамтамасыз ететін үшінші елдер мен желілердің де желкесін қиятын санкция қауқары керек», – деп АҚШ қаржы министрі Джанет Йелленнің жаны шыға мәлімдеуі де тегін емес.

Осылайша Батыстықтар ТМД елдерінің ішінде Ресейге бүйрегі бұратын елдер қатарына Орталық Азияның 5 республикасын жатқызып та қойған. Осы Батыс жаққан қара бояуды еліміздің кәсіпкерлері мен фирмалары одан ары баттастыра түсуде. Баттастыра түсуде дейтін себебіміз, «отандық «Elem Group» фирмасы Украинадағы Ресей армиясы үшін қызмет етіп келеді» деген сыбыстың шетін «Азаттық Радиосының» журналистік зерттеу тобы қылтитты.

Осы қылтима былай берілген: «Азаттық Радиосының» маусым айында жүргізген зерттеуі «Streloi E-Kommerts» компаниясы қазақ жерінде орналасқан еншілесі «Elem Group» компаниясы арқылы Ресей Украинаға баса көктеп кірген ақпан айынан бастап, жүздеген партия қосарлы сипаттағы тауарларды алып келген», – дейді журналистер өз зерттеулерінде.

Ресей Украинаға баса көктеп кірген ақпан айынан кейін бізде 14 наурызда Алматыда тіркелген «Elem Group» өндірістік құрал-жабдықтар логистикасына байланысты тауарларды Ресей жеріне еш кедергісіз жөнетілтіп отырған. Бұған дейін «KAZTAG» қазақ компаниясы «Аспан Арбаның» самғауыттарды (дрон) Ресейге жеткізіп отырғанын әшкере еткен болатын. Сонымен қатар «Limited Liability Partnership» «ITS – Astana» ЖШС мен «Тыныс» ЖШС украиндық санкцияға іліккен еді.

Ресейлік кәсіпкерлерді нарығымыздан ығыстырмай, әлемге қара бет болып қала береміз деген ойға келеміз. Ресей ақшасы елімізге енді, ол қазаққа емес, соғысқа қызмет етеді. Осыны түсінетін уақыт жеткен сияқты.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар