Алматы облысындағы Жетіген елді-мекені енді Алатау қаласы болмақ. Арнайы жарлыққа ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Жетіген Алматы қаласынан шамамен 20 шақырым жерде орналасқан. Қазіргі уақытта аталмыш елді-мекенде 22 мыңға жуық адам тұрады. Алғаш рет Жетігенді қалаға айналдыру мәселесі 2023 жылдың қарашасында үкімет отырысында талқы болған еді.
Концепцияға назар аударатын болсақ, Алатау қаласы төрт бағытта өркендеуі тиіс. Яғни қалада қаржылық орталықтар, білім және денсаулық саласының хабы, туристік бағыт пен индустрия және сауда-логистикалық торап ретінде дамуы тиіс. Осы бағыттарға сай қалада халық саны жыл сайын артып, жүздеген мың адамға жетеді деген де болжамдар айтылуда.
Жоспарға сай Алатау қаласы бизнес хаб ретінде дамуы тиіс. Қаланы осы мақсатта дамытып, логистикалық мүмкіндіктерін арттыру арқылы Қытай және Орталық Азия елдерімен жасалатын сауданы арттыру көзделіп отыр. Көршілес елдерден инвестиция тартып, қалада кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту да көзделген. Ол үшін инвесторларға бірқатар уақытша жеңілдік беру мәселесі қарастырылуы ықтимал.
Қазақстан билігі Алматы маңында кіші қалалар санын арттыру арқылы Алматының жүйесіз урбанизация мәселесін шешуге тырысып жатқанына бірқатар жыл болды. Қапшағай қаласына облыс орталығы статусын беріп, атауын Қонаев деп өзгерту және Қаскелеңді дамыту жоспарын қабылдау әрекеттері іске асты. Ендігі таңда Алатау қаласы арқылы да осы мәселені шешуге тырысады дейді мамандар.
Mezgil.kz