Стратегиялық серіктестік: Қазақстан мен Италия арасындағы қарым-қатынас

Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретіндегі тарихын бастау жолында көптеген мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен серіктестік орнатып, халықаралық қарым-қатынастың ынтымақтастық жолын бастаған болатын. Осындай серіктестіктердің тізбесінде Қазақстан мен Италия мемлекеті арасындағы серіктестіктің маңыздылығы мен мызғымастығын, сапалы және екі елге де тиімді жобалардың болғандығын атап өту керек. Бұл мақалада Италия мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа толқынының басталуына тоқталмас бұрын, жалпы екі ел арасындағы қарым-қатынастың орын алуының тарихын айтқым келеді.


Казахстан - Италия: справка по сотрудничеству - 18.01.2024, Sputnik  Казахстан

 

Италия-Қазақстан серіктестігі, бұл Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы саяси, мәдени, экономикалық, басқа да салаларды біріктірген екіжақты дипломатиялық қатынастардың жиынтығы мен үйлесімділігі. Ал бұл дипломатиялық қарым-қатынастар туралы келісімге 1992 жылы тамыз айында қол қойылған. Осындай серіктестіктің бірінші орындалған жұмыстарының бірі ол 1992 жылы қазан айында Қазақстанда Италия Республикасының елшілігінің ашылуынан басталды. 2005 жылдан бастап бұл елшілік еліміздің бас қаласы Астанада жұмыс істеп келеді. Ал Италия Республикасында Қазақстан елшілігі тек 1996 жылы ашылды. 2009 жылы Италия Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасында халықаралық стратегиялық серіктестік туралы Келісімшарт жасалды.

 

Екі ел арасындағы қарым-қатынас пен серіктестіктің орнау сәтінен бастап мемлекеттердің екі жақты дамуына қатысты тиімді жобалар жасалып, одан пайда түскен болатын. Италия-Қазақстан арасындағы серіктестіктің тағы бір маңызды бөлігі ол саяси бағыттағы қарым-қатынас пен достықтың орын алуында деп ойлаймын. Бұл достықтың көрінісі 2024 жылдың басталу сәтінде Қазақстан Республикасының Италия мемлекетіне жасаған іс-сапарынан көруге болады. Бұл сапар кезінде Қазақстанның мемлекет басшысы еліміздің дамуына қатысты бірнеше шаралар жүйесін айтты. Төменде Қазақстан мен Италия Республикасы арасындағы экономикалық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас, оның ішінде білім мен ғылым, туризм саласының алдағы уақыттардағы дамуының көріністері мен халыққа пайдасы туралы айтатын боламын.

 

Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы экономикалық серіктестік

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италия Республикасына іс-сапары мемлекеттің президенті Серджо Маттарелламен кездесуден басталды. Осы кездесу барысында Тоқаев екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасты дамытудың, екі мемлекеттің дамуының ортақ көзі ол экономикалық қарым-қатынастарды қолға алу керектігін ашық айтқан болатын. Шын мәнісінде Италия Қазақстан үшін Европадағы тауар айналымы мен сату нарығындағы маңызды серіктестердің бірі. Бұл туралы Президент: «Өзара сауда-саттық көлемі 14,5 миллиард доллардан асты. Таяу жылдары елдеріміздің арасындағы тауар айналымы 20 миллиард долларға жетеді деп сенеміз. Италия – Қазақстан экономикасына қаржы салған басты инвесторлардың бірі. Біздің нарықта 300-ге жуық италиялық компания жұмыс істейді, соның ішінде ENI кәсіпорны да бар. ENI – көшбасшы компания. Біз екіжақты қатынастардағы жетістіктерді жоғары бағалаймыз. Біз олардың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыра береміз. Дегенімен экономика бағытына ғана емес, мәдениет, туризм сияқты басқа да көптеген саладағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру қажет. Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық өте табысты болатынына сенімдімін», - деп айтқан болатын.

 

Екі ел арасындағы экономикалық серіктестікті сараптай келе, Қазақстан 2023 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында Италияға экспортқа 22,7 миллион тонна тауар сатты, ал 2022 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 30,4%-ға артық. Қазақстан тауар жеткізілімінен 13,3 миллиард табыс тапты.

Қазақстан- Италия арасындағы экономикалық серіктестік кезінде Қазақстан дәстүрлі түрде бұл мемлекетке мұнай экспорттайтындығын айту керек. Бұл көрсеткіш 22 миллион тонна (29,3%). Аталған бағыт бойынша серіктестіктің маңызын екі мемлекеттің де басшылары мойындап отыр, солай энергетика саласы ол екі мемлекетті серіктестік жолында біріктіретін экономикалық ынтымақтастықтың негізі болатындығы анық. Ал бұл жайында Италияға сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан мұнайының 80 пайыздан астамы Еуропаға экспортталды. Бұл Еуропа Одағына қажет мұнайдың шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді. Қазақстанның ұзақ жылдан бергі және сенімді энергетикалық серіктесі Италияға алғыс айтқым келеді. Біз италиялық ENI компаниясының Қазақстан экономикасына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз, Қазақстан мұнай мен газды барлау саласында мол мүмкіндік ұсынып отыр. Біз маңызды кен орындарын ашу мақсатында әлемдік озық тәжірибені енгізіп отырмыз. Сондай-ақ, Италия компанияларын мұнай-газ саласында сервистік қызмет көрсету ісіне ат салысуға шақырамыз», - деген болатын.

 

Италия- Қазақстан арасындағы орнатылған жаңа серіктестік кезінде Қазақстанның «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Италияның «ENI» компаниясы арасындағы жалпы қуаты 247 МВт болатын гибридті электр станциясын (жел электр станциясы, күн электр станциясы) салу жөніндегі бірлескен жобаны жүзеге асыру туралы бірлескен түпкілікті инвестициялық шешім қабылданды.

 

Қазақстан экспорттайтын келесі тауар ол бидай. Бидай экспорты 2023 жылы 2,5 есеге артып, 496,6 мың тоннаға дейін немесе $165,6 миллионды құрады. Қазақстан әлемдегі бидай тасымалдау бойынша алдағы қатардағы мемлекеттердің бірі, дегенімен одан да басқа, яғни ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау бойынша да алдыңғы қатарда тұр. Бұл бойынша да Қазақстан мемлекет басшысы Италиядағы кездесуде ашық айтқан болатын. Президент: «Территориямыздың 70 пайыздан астамы ауыл шаруашылығына жарамды. Еліміз Орталық Азиядағы астықты өлке деп саналады. Біз бидай мен ұн өндіру бойынша әлемдегі он елдің қатарына кіреміз. Ауыл шаруашылығы өнімдеріміз әлемнің 80-нен астам еліне жеткізіледі. Әлемде азық-түлік тапшылығы артып келе жатқанын ескере отырып, біз осы сектордың өніміділігін үш есе және экспортты екі есе арттыруды көздеп отырмыз. Қазақстан италиялық серіктестермен бірге дәнді және майды дақылдарды өсіру, сондай-ақ макорон, ет және сүт өнімдерін өндіру бағыттарындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі», - деген болатын.

Қазақстанның шекаралық орналасуы тікелей ауыл шаруашылығын жүргізуге, бұл шаруашылықтан алынған өніммен басқа да мемлекеттерді қамтамасыз ете алатындығын көрсетіп келеді. Біздің елімізде ауыл шаруашылығына қатысты инвестициялық жобалар осы уақытқа дейін тиімді жүзеге асқандығын, пайдалы сала екендігін көрсетті. Ендігі кезекте орнатылған серіктестік барысында Италиялық кәсіпкер- элиталарда осы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласына назарларын аудару керек, бұл жобалар жүзеге асатын болса, онда мемлекеттің халқы жұмыс орындарымен қамтылып, әлеуметтік жағдайлары да артатындығы анық.

 

Қазақстан Италия Республикасына ферроқорытпа өнімін (+6,1%), 51,9 мың тонна тас көмірін, 3 мың тонна желімделген фанера (+5,9 есе) және 385 тонна титан (+2,2 есе) сатқан болатын.

 

Президент Тоқаевтың Италияға іс-сапары кезінде екі мемлекет үшін де маңызды келісімдер мен жобалар жүйесін бастау туралы келісімдер жасалған болатын. Оның ішінде, «Самұрық-Қазына» АҚ мен Balestra арасындағы Түркістан облысы Созақ ауданындағы Тайқоңыр ауылында қуаты жылына 800 мың тонна болатын күкірт қышқылы зауытын салу жобасының шарттары мен жүзеге асыру мерзімі көрсетілген келісім жасалды. Келесі, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен SACE арасындағы экономиканың басым секторларындағы инвестициялық жобалар туралы Италияның қатысуымен жасал,ған мәмілелерді сақтандыру лимитін белгілеу туралы негіздемелік келісім жасалды. Үшінші маңызды инвестициялық жобалардың бірі ол, «Самрұқ-Энерго» АҚ мен Ansaldo Energia SpA арасындағы қуаты 544 МВт-қа дейін жететін бу-газ қондырғысын салу арқылы Алматыдағы үшінші ЖЭО-ны реконструкциялауды көздейтін ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Сондай-ақ, Қазақстанның «Самұрық-Қазына» қоры мен Италияның «Cassa Depositi I Prestiti» компаниялары тобы арасында бірлескен инвестициялық қор құру туралы және өңдеу өнеркәсібі, энергетика, логистика салаларына инвестиция салу туралы келісім жасалды.

 

Қазақстанның Италияға экспорттайтын кейбір тауарларын сатудың көрсеткіштері де азайғандығы анықталып отыр. Мысалы, 2023 жылы аллюминий экспортының 11,5 мың тонна сатылғандығы, яғни оның өткен жылмен салыстырған кезде 2,4 есеге азайғандығын анықтадық. Сондай-ақ, қымбат металдардың қалдықтары мен сынықтарын экспорттау 21,6 тоннаны көрсеткен, ол 2 есеге аз, ал құбыр төсегіштер, бульдозерлер мен крандарды экспорттау тек 74 бірлікті көрсетті, ол өткен жылмен салыстырған кезде 4,9 есеге аз.

 

Ал Италиядан Қазақстанға импорт 23,2%- ға, яғни 85,5 мың тоннаға немесе $1,1 миллиардқа дейін өскен. Италиядан біздің еліміз фармацевтикалық өнімдер 1,1 мың тонна (+40,1%), косметика мен парфюмерия 2,4 мың тонна (+7,7%), дәрумендер мен диеталық қоспалар – 1,4 мың тонна (+2,6 есе) сатып алған. Сонымен қатар, тұтыну өнімдерінің ішінде Қазақстан итальяндық шоколодты 1,1 мың тонна (+2,3 есе көбірек) және жүзім шарабын – 5,1 мың тонна (+10,2%) сатып алған болатын. Дегенімен, Қазақстан Италиядан киім-кешекті сатып алуды 259,5 мың бірікке дейін, яғни 8,5%-ға дейін қысқартқан.

Қазіргі кезде елімізде Италияндық балмұздақтарды жасайтын кәсіпорындар да бар, ол жерде қолданылатын шикізаттар тікелей Италияның өзінен жеткізіледі.

 

Екі ел арасындағы экономикалық серіктестіктің басқа да көрсеткіштері бар, дегенімен аталған экспорт пен импорт көрсеткіші екі елдің де дамуына әсер ететіндігі сөзсіз. Сондай-ақ, осы кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда «жасыл» энергетиканы қоса алған кезде, шет елдік инвесторлар үшін ел экономикасының неғұрлым тартымды және перспективалы салалары туралы да егжей-жегжейлі айтып берген болатын.

Қазақстан-Италия арасындағы серіктестіктің көрінісі ол елімізде, Ақтөбе аймағында Италиялық инвесторлардың қаржысына салынған 2 жел электростанциясының салынғандығынан көре аламыз. Айта кету қажет, бұл екі ЖЭС-тің қуаты 96 мегаватты құрайды. Олар облыстың Қарғалы ауданында орналастырылған. Бұл жобаның нәтижесінде сол жақтағы жақын аймақтар мен ауылдарды өздерінің электроэнергия станциясымен қамтамасыз етілген. Бірінші станция 2019 жылы салынды, 13 турбина. Екі жылдан кейін 10 турбинаға арналған екінші станция салынды. Бұл жобаға 69 миллиард теңгелік инвестиция соммасы жұмсалды.

 

Қазақстан мен Италия арасындағы экономикалық серікстестіктің халыққа қандай пайдасы бар? Бұл серікстестік мемлекеттің дамуына, және оның халқының жағдайының жақсаруына алып келеді. Экономикалық даму жағынан алып қарайтын болсақ, өзара сауда мен инвестициялар көлемінің ұлғаюынан түскен соманы экономиканың әртүрлі салаларын қолдау үшін, мысалы, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға мүмкіндік ала аламыз. Технологиялық айырбас жағынан, италияндық компаниялар, Президент айтып отырған ENI компаниясымен серіктестік екі ел арасында технология мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді, ал бұл мемлекетіміздің технологиялық базасының жақсаруына, Қазақстанның инновациялық потенциялының өсуіне алып келеді. Тиімділікті диверсификация жағынан қарайтын болсақ, Президент айтып отырған «жасыл» энергетика бойынша серіктестік, Қазақстанның осының негізінде өзінің экономикасын тұрақты және диверсификацияланған күйде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Ал ол болса, қазіргі кездегі күрделі жағдайларды ескеретін болсақ, яғни әлемдегі энергетикалық картаның өзгеруі мен экологиялық таза техникаларды қолдану кезінде еліміз үшін маңызды бола алады.

 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатының маңызды қырларының бірі ол елімізді шет елдік ұйымдар арасында беделін көтеріп, олардың сенімін аудартқысы келетіндігі. Қазақстан мен Италия арасындағы қарым-қатынас, серіктестікті дамытуы арқылы Қазақстанды әлемнің қолдауына жеткізу мүмкіндігін де береді. Бұндай қарым-қатынастың орнауы БҰҰ және ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимыл қауіпсіздігі, Адам құқықтары және тұрақты даму сияқты түрлі мәселелер бойынша әлемдік қоғамдастықтардың қолдауын қамтамасыз етуге көмектеседі.

 

Қазақстан мен Италия арасындағы мәдени-гуманитарлық серіктестік

 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың 18 қаңтарындағы Италияға сапары барысында екі елдің арасындағы экономикалық қарым-қатынас пен серіктестік, инвестициялар мен туризм туралы айтқан болатын. Соған қоса, екі елдің арасында мәдени-гуманитарлық серіктестіктің де маңызы бар. Сол үшін, бұл мақалада мен Қазақстан-Италия арасындағы мәдени-гуманитарлық серіктестік туралы да айтып кеткім келеді.

 

Италия мемлекет басшыларымен кездесу кезінде біздің Президентіміз Алматы қаласында Италия мәдени институтының ашылуын қолдайтындығын, сондай-ақ екі мемлекет арасындағы мәдени дипломатия, білім бағытындағы серіктестік, туризм салаларын дамытудың маңыздылығын айтып, соның негізінде екі ел арасындағы қарым-қатынастың мызғымастығының орын алатындығын айтты. Алматы қаласында Италия мәдени орталығының ресми ашылуы 2023 жылдың 30 қарашасында болды, енді Италия мәдени институтының ашылуы ол екі елдің мәдени мұраларын зерттеуге жаңа тыныстар беретіндігі анық.

 

Президентіміз екі мемлекет арасындағы жетекші университеттерде, атап айтқан кезде ғылым мен технология бағытында маманданған университеттер арасында жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейтудің маңыздылығы да аталды.

 

Қазіргі кезде, Қазақстан Италиямен жоғары білім беру жүйесі мен ғылым саласында өзара серіктестікті нығайтуы керек. Италия өзінің бай мәдени мұрасымен және өнерге, әдебиетке және ғылымға қосқан үлесімен танымал мемлекеттердің бірі. Олардың ЖОО білім беру жүйесі осы құндылықтарды жеткізуге және сақтауға мүмкіндіктер береді. Менің ойымша, тек қана осының өзінде-ақ біздің мемлекетіміз осы қасиеттерді еліміздің құндылықтарын ұрпаққа тарату мен сақтау кезінде қолдана алады. Сонымен қатар, Италияда әлемдегі үздік ЖОО орналасқан, мысалы Болон университеті, Падуи университеті мен Сапиенца Рим университеті бар. Аталған университтерде Қазақстандықтардың оқу мүмкіндігі мен қолжетімділігін арттыру керек, себебі ол жерде мәдениет, гуманитарлық ғылымдар, жаратылыстану мен техникалық ғылымдарды оқытуға қатысты зерттеу мен инновацияға негізделген оқу бағдарламалары қолданылады. Осындай ЖОО оқыған отандастарымыз Италияда қазақ мәдениетін, қазақ тілін таныта алады, ал отанымызға келіп барлық үйренгендерін халқы үшін іске асыра алады.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Италия мемлекетінде болған дөңгелек үстелге қатысушыларды биотехнология, фармацевтика салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктер туралы хабардар еткен болатын. Осы бойынша, мемлекет басшысы Италияның бірқатар ірі компанияларын Қазақстанда жергілікті өндіріс ашуға шақырды. Президент, сөзін осы кездесудегі қорытынды сөзінде, Қазақстанның әлеуеті инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін айтты. Сонымен қатар, кездесуге қатысушыларды «Астана» халықаралық форумына қатысуға шақырды.

 

Іс-сапар барысында, мәдени-гуманитарлық серіктестік бағытында екі маңызды меморандумға қол қойылды. Оның біріншісі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Италия Республикасының Мәдениет министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы. Ал екіншісі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Италия Республикасының Университеттер және зерттеулер министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум жасалды.

 

Басқа да мәселелер

 

Президенттің Италияға сапары кезінде бірнеше кәсіпорындардың басшыларымен кездесулер өткізілді. Олардың ішінде ENI компаниясының бас операциялық директоры Гвидо Брускомен кездесу өтті. Кездесу барысында, Қазақстан мен ENI компаниясының серіктестігінің тиімділігі айтылды, яғни былтырғы жылы Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы 63,5 миллион тонна мұнай тасымалданғандығы. Бұл рекордтық көрсеткішке жеткендігі айтылды. Сол жылы, Қашаған мен Қарашығанақ кен орындарында мұнай өндірудің жалпы көлемі 30,8 миллион тоннаны құраған. Мемлекет басшысына италиялық компанияның Маңғыстау аймағында газ өңдеу зауытын, қуаты 250 МВт болатын гибридті электр станциясын салу және алдағы уақытта биодизельге өңдеу үшін өсімдік майын өндіру жоспары туралы мәлеметтер берілді.

 

Келесі маңызды кездесу ол Президенттің Maire Tecnimont компаниясының бас атқарушы директоры Алессандро Бернинимен кездесуі болды. Кездесу кезінде екі мемлекет арасындағы энергетика және мұнай химиясы салаларындағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланды. Аталмыш компанияның декарбонизация және энергетикаға көшу жөніндегі жобаларды іске асыру ісінде тәжірибесі мол, бұл компания әлемнің 45 елінде кең көлемде жұмыс істеп келе жатыр. Аталған компания мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың тиімді тұсы, ол компания елімізде газ-химия кешенін салуға қатысу ниетін оң қабылданатындығы айтылды. Maire Tecnimont компаниясымен Атырау облысындағы газ-химия кешені құрылысының екінші кезеңінің полимерлеу учаскесін жобалау жөніндегі шартқа 2023 жылдың сәуір айында қол қойылған болатын.

 

Аталған келіссөздер желісіне қарап, біз, Қазақстан Президентінің еліміздің табиғи ресурстары мен инвестициялық жобаларға ашықтығын айқын көрсетуде. Бұл жобалардың еліміз үшін пайдасы зор болатындығы анық, сонымен қатар бұл жобалардың барлығы экологиялық «жасыл», қауіпсіздіктікті негізге алғандығын атап өту маңызды. Жаңа жобалардың жүзеге асуы мен кәсіпорындардың салынуы халқымыздың әлеуметтік жағдайының жақсаруына әсер етсін деген үміттемін.

 

Қорытындылай келе, айта кету керек, Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың қаңтар айының 18 жұлдызында Еліміздің Президенті мәртебесіндегі Италияға алғашқы сапарын жасады. Екі ел президенттерінің кездесуі Квириналь сарайында, яғни Италия президентінің резиденциясында өтті. Қазақстан Президентін салтанатты шарамен, тіпті атты әскерге дейін сап түзеп, құрмет көрсетіп қарсалған болатын. Бұл кішігірім бақылаудан, менің ойымша Италия Басшысы мен мемлекет қайраткерлері Қазақстан Президенті мен мемлекетке деген құрметін де көрсеткен сияқты. Ал жалпы кездесу барысын қорытындылайтын болсақ, онда екі мемлекеттің серіктестігі ұзақ жылға созылған экономикалық пайдаға көзделгендігі көрінуде. Дегенімен, осы жолдағы ынтымақтастық пен серіктестік кезінде мемлекеттің дамуы (энергетика, инвестиция, экология, туризм, т.б.) көзделген. Жаңа экономикалық серіктестіктен салынған кәсіпорындар халық үшін, мемлекеттің дамуы үшін маңызды болмақшы.

 

Сонымен қатар, мақала барысында екі елдің серіктестігі кезінде ескерілуі керек сәтті де қосып отырмын, ол Қазақстандықтардың Италияның үздік ЖОО білім алу мүмкіндігін, жаңа технологиялар мен мәселелерді зерттеудің жаңа әдістерін игеруді қамтамасыз ету керектігін айтқым келеді. Жалпы, барлық мемлекеттермен серіктестік орнату барысында Қазақстан білім мен ғылымға, ғылыми әлеуетімізді көтеруге ден қоюы керек.


Айнұр Бақытжанова

 

Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар