«Қазақстандық әзербайжандықтар ассоциациясы» Республикалық қоғамдық ұйымның төрағасы, ҚР Парламент Мәжлісінің VII шақырылым депутаты Әбілфас Хамедов мырзадан соңғы уақыттағы Ресейдің кей саяси және танымал тұлғаларының арандату сипатындағы мәлімдемелеріне қатысты пікір алдық.
- Әбілфас аға, Cізді «Қазақстандық әзербайжандықтар ассоциациясы» Республикалық қоғамдық ұйымның төрағасы, ҚР Парламент Мәжлісінің VII шақырылым депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде тек біз емес, Әзербайжандағы ағайын да екі ел арасындағы алтын көпір ретінде жақсы біледі. Түркия, Өзбекстан, Қырғызстанда да Сізді жақсы таниды.
Жуырда Михаил Смолин дейтін ресейлік «таришы» «Қазақ, өзбек, әзербайжан деген ұлт болған емес» деген мазмұнда «пікір» білдірген-ді. Одан бірнеше күн бұрын Тина Канделаки «Қазақстанда орыс тіліне қысым жасалып жатыр» деген сыңайда көкіп, қырғыз ағайындар туралы да кереғар көзқарасын жасырмады. Сіздің мемлекеттік және қоғам қайраткері, Қазақстандық әзербайжандықтар ассоциациясының төрағасы және азамат ретінде осы бір тақырыпқа қатысты пікіріңізді білейік деп едік?
- Орынды сұрақ. Біріншіден, әр затты өз атауымен атаудан бастайық. Смолинді «тарихшы» дегеннен гөрі «арандатушы» дегеніміз жөн. Барып тұрған надан әрі қаскөй провакатор. Өйткені, мұндай сандырақты ғалымның не болмаса тарихшының айтуы мүмкін емес қой. Шовинистік, фашистік пиғылдағы мұндай сандырақты тек қана арандатушылар не болмаса надандар ғана айтады. Сорақылығы сол – Смолин және «смолинтектестер» осы пікірі арқылы Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестігімізге, бейбіт, мызғымас көршілестігімізге және қазақ пен орыс, өзбек пен орыс, әзербайжан мен орыс халықтары арасындағы тату-тәтті қарым-қатынасымызға, бауырластыққа сызат түсіруді көздегені айдан анық. Әйтпесе, ғалым адам осындай бауыр елдердің ішінде негативті тудыратын сандырақ айтар ма еді? Әрине айтпас еді!
-
Екіншіден, байқайсыздар ма, Ресейде көршілес елдердің ішкі саясатына араласып олар туралы қасақана жалған ақпарат айтатындардың қатары көбейе бастады. Бүгін Канделаки мен Смолин, ал ертең тағы кім шығар екен? Кім шықса да, бұл оң тенденция емес. Ең бірінші Ресей үшін қайыры жоқ тенденция. Сондықтан да бізден бұрын бұған еліндегі теріс тенденцияға Кремль басшылығы тосқауыл қою керек. Неге десеңіз, мысалы Канделакидің сандырағы тәуелсіз әрі стратегиялық серіктес елдің ішкі мәселесіне тұмсық сұғу әрі ақпараттық манипуляция жасау. Мұны ешбір елдің заңы да, моральдық құндылықтары да мақұлдамайды. Оның үстіне, шындап келгенде, ең алдымен Канделаки секілді тұлғасымақтар мен Смолин сияқты тарихшысымақтар қайраткерлігі асып-тасып бара жатса ең алдымен өздерінің ішкі мәселелерін шешіп алсын. Мәселен, біз «федерациядағы халықтарға ана тілін үйренуге, оны насихаттауға мүмкіндік жасасын, мектептерде ана тілін міндетті пән ретінде оқытсын, пікір еркіндігі мен адам құқықтары салтанат құрсын, оккупацияланған территориялардағы тарихи атауларды өзгертпесін» деп ұран салып жатқанымыз жоқ қой! Неге? Өйткені, біріншіден, біздің мақсатымыз анық, жолымыз айқын. Қазір еліміз үлкен әрі күрделі реформаларды жүзеге асыруда. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Әділетті Қазақстанды құрамыз деп жұмыстанудамыз. Азамат ретінде және «Қазақстандық әзербайжандықтар ассоциациясы» ұйымы ретінде де бар күш-жігеріміз осы бағытта.
Шындап келгенде әлеуметтік желідегі қайдағы бір қайраткерсымақтың, ғалымсымақтың, саясаткерсымақтың сандырақтары біз үшін ешқандай назар аударуға тұратын, алтын уақытымызды бөлуге тұрарлықтай дүние емес. Ал ең бастысы, кім не десе о десін, біз үшін бір ғана айқын мақсат бар, ол – алтын бесігіміз, құт мекеніміз, қастерлі отанымыз – Қазақстанның мызғымас мүддесі мен еліміздегі азаматтарымыздың жұмылған жұдырықтай бірлігімізді сақтау әрі оны одан сайын нығайта түсу.
Канделакисымақтар ынтымақтастығымыздан үлгі алсын! Сондықтан да мен өз атымнан және «Қазақстандық әзербайжандықтар ассоциациясының» атынан канделакилер, Смолиндерді және басқа да шовинист арандатушыларды қатаң түрде айыптаймын! Сондай-ақ, ҚР СІМ-нің позициясын қолдаймын!
Бізге, дәл қазір араздық емес, тұтастық, бірлік керек. Сондықтан да, еліміздің барша азаматтарын мұндай арандатуларға бой алдырмауға, Әділетті Қазақтанды бірге құруға атсалысуға шақырамын!
Mezgil.kz