Ресей Тергеу комитетінің басшысы Бастрыкин Еуропаның декоммунизациясымен соғыс жолында айды аспанға шығарып келеді.
«Медиазона» журналистері Ресей ІІМ-інің іздеу жариялап, қылмыскер деп таныған жоғарғы лауазымды тұлғаларының тізімін жасапты. Оған көз жүгіртсек, ресейлік күш құрылымдары бірқатар еуропалық шенеуніктерге, саясаткерлерге, сондай-ақ ХҚС судьяларына қатысты қылмыстық іс қозғаған.
Сонымен, Ресей: «Ұстап алсақ, аямаймыз», - деп екіленіп отырған «қауіпті қылмыскерлер» кімдер? Қараңыз:
ЛАТВИЯ. «КСРО мұраларын қиратқаны үшін»
Еуропалық шенеуніктерге қарсы іс көбінесе кеңестік ескерткіштерді бұзумен байланысты қозғалған екен. 2022 жылдың мамырында Ресей ТК басшысы Бастрыкин Латвия сеймін «КСРО ескерткіштерін қиратты» деп айыптаған.
Ол кезде Сейм депутаттары Ресеймен екі арадағы мемориалдарды сақтау туралы шарттан шығу үшін дауыс берген. Бұл Латвиядағы Кеңес монументтерін, соның ішінде Ригадағы Жеңіс саябағындағы Кеңес сарбаздарына арналған ескерткішті бұзуға мүмкіндік берген.
Ресей КСРО ескерткіштерін бұзуды қолдап дауыс берген Латвия Семінің 59 депутатына іздеу жариялаған. Ресей полициясы іздеп жүргендердің арасында - Латвияның қазіргі Ауыл шаруашылығы министрі Армандс Краузе, Қаржы министрі Арвил Ашераденс, сондай-ақ Әділет министрі Инесе Либиня-Эгнере бар. Бұл заңға қарсылық білдірген Латвиядағы «Келісім» партиясының бірде-бір мүшесіне іздеу жарияланған жоқ. Бұдан басқа, кеңес сарбаздарының ескерткіштерін бұзу туралы шешім қабылдаған Ригадан 15 муниципалды депутат іздестірілуде.
ЛИТВА. «КСРО-дан қалған ескерткіштерді құлатқаны үшін»
Литвалық саясаткерлерге де Кеңестік ескерткіштерді бұзғаны үшін іздеу жариялаған.
Клайпедадағы Кеңес сарбаздарына арналған мемориалды бұзғаннан кейін, Ресей Тергеу комитеті Клайпеда қаласының мэрі Арвидас Вайткусқа, оның орынбасарына, қалалық кеңестің 13 мүшесіне, сондай-ақ ескерткіштерді бұзуды көпшілік алдында қолдаған шенеуніктер мен екі тарихшыға - барлығы 25 адамға іздеу жариялаған.
Бұл тізімде Литва Мәдениет министрі Симонас Кайрис пен Вильнюс қалалық кеңесінің тағы 6 депутаты кірді.
ЭСТОНИЯ. «Премьер-министрі Ресейге қарсы сөйлегені үшін»
Бастрыкин тізіміндегі ең ірі саясаткер Эстонияның қазіргі Премьер-министрі Кая Каллас болып отыр. Бұл Ресей билігінің қазіргі Эстонияның мемлекет басшысына алғаш рет іздеу жариялауы. Калласпен бірге ресейлік билік Эстонияның мемлекеттік хатшысы Таймар Петеркопқа іздеу жариялаған.
ПОЛЬША. «Анти-Ресейлік көзқарастары үшін»
Бастрыкин тізімінде Польша азаматтары онша көп емес, бірақ оларды да Балтық елдерінің шенділеріне тағылған айып бойынша іздеуге жариялаған.
Ресей Валбжих қаласының мэрі Роман Шелемейге, Польшаның Ұлттық еске алу институтының директоры Кароля Навроцкийге және Польшаның мемлекеттік активтер министрінің орынбасары Кароля Рабендаға іздеу жариялаған.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ СОТ. «Путиннің кегін алу үшін»
2023 жылдың наурызында Халықаралық Қылмыстық Сот Ресей президенті Путинді және Украинаның оккупацияланған аумағынан балаларды Ресейге заңсыз депортациялады деп айыпталған Ресейдің балалар омбудсмені Мария Львова-Белованы қамауға алуға ордер шығарды.
Мәскеу сот шешімін «құқықтық тұрғыдан мәніссіз» деп атады, себебі Ресей ХҚС құзырында емес. Осыған кектенген Кремль ХҚС судьяларына іздеу жариялаған.
«Қара» тізімде ХКБ-ның бірнеше судьясы бар: Айтала Росарио Сальваторе, Годинес Серхио Херардо Угальде, Томоко Аканэ және Шмитт Бертрам.
Сондай-ақ тізімге Карранс ХҚС вице-президенті Лус дель Кармен Ибаньес, Хофман ХҚС төрағасы Петр Юзеф және ХҚС прокуроры Карим Асад Ахмад қосылған.
БЕЛАРУСЬ. «Ресейге қарсы көзқарастары үшін»
Ресейде ондаған белорустарға іздеу жарияланды - олар Украинадағы ресейлік агрессорларға қарсы соғысып жатқан «Калиновский полкінің» еріктілері, сондай-ақ NEXTA негізін қалаушы және бас редакторы Степан Путило.
Mezgil.kz