Қазақ бітімгерлері Голан биіктігін бағындыруға сақадай сай...

Қазақстандық бітімгерлер Таяу Шығыстағы, Сүриядағы Голан биіктігіне аттануға соңғы дайындықтарын машықтады. Бұл туралы Қазақстанның Қорғаныс министрлігі хабарлап айтты.

1708504094529990.jpg

(Сурет ҚР Қорғаныс министрлігінің телеграм арнасынан алынды)

«Жуырда Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасында Голан биіктігінде «БҰҰ бөлінуді бақылау жөніндегі күштері» миссиясына бітімгершілік контингентті өрістету үшін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Алғаш рет БҰҰ Қазақстанға бітімгершілік миссиясын дербес өрістету және орындау мандатын берді. Сөйтіп, Қазақстанның әскери контингенті 139 әскери қызметшіден тұратын болды. Біздің бітімгершілеріміз БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес қарсы тараптар арасында оқ атуды тоқтату режимін қолдау жөніндегі міндеттерді орындайтын болады», - деді құзырлы ведомства.

Миссияны орындау үшін Қазақ әскері БҰҰ талаптары мен стандарттарына сәйкес мұқият іріктеу мен даярлықтан өтуі тиіс болған. Сол даярлық жұмыстары мәресіне жетті.

«Алты айлық кешенді (мұқият) дайындық Қорғаныс министрлігінің Бітімгершілік операциялар орталығының базасында ұйымдастырылған. Әскери қызметшілерді оқытуға бітімгершілік операциялар, минасыздандыру және әскери медицина орталықтарының нұсқаушылар құрамы қатысқан.

Әскери қызметшілер әуелі ағылшын тілін үйренген. Сосын күш қолдану ережелерін, халықаралық және гуманитарлық құқық нормалары туралы дәрістер оқыған. Бітімгершілік базаны күзетуді қамтамасыз ету, блокпосттарды ұйымдастыру, патрульдеу, жарылғыш құрылғыларды залалсыздандыру, көмек көрсету және эвакуациялау жөніндегі міндеттер Іс жүзінде пысықталды.

Практикалық дағдыларды және контингент штабының офицерлерімен жедел үйлесімділікті арттыру үшін жедел-тактикалық деңгейде әскери шешімдер қабылдау бойынша сабақтар өткізілді. Сарапшылардың бағалауы бойынша, контингенттің жеке құрамы дайындық пен ынталандырудың жоғары деңгейін көрсетті», - деп атап өтті қорғаныс ведомствосы.

Қазақстанның қорғаныс министрлігі қазақ бітімгерлері миссиясын БҰҰ стандарттарына сәйкес келетін қару-жарақ және әскери техниканың қазіргі заманғы үлгілерімен жан-жақты қамтамасыз ету бойынша ауқымды іс-шаралар кешенін жүзеге асырғанын қосты.

«Контингентте жауынгерлік модульдермен, сондай-ақ тіршілікті қамтамасыз ететін қажетті жабдықтармен жарақтандырылған брондалған дөңгелекті машиналар бар. Оларды қамтамасыз етуде сондай-ақ «КамАЗ», өтімділігі жоғары автомобильдер және инженерлік мүлік бар. Жараланғандарды эвакуациялауға қайта жабдықталған көліктердің бірі оттегі аппаратымен, дефибриллятормен, дәрі-дәрмектермен және басқа да медициналық жабдықтармен жабдықталған», - делінген хабарламада.

Ақпаратқа сәйкес, миссиядан өту кезінде бітімгершілік контингенттің әскери қызметшілеріне ай сайын үш есе ақшалай қаражат төленетін болады. Бұдан басқа, БҰҰ бюджетінен олар ай сайын $1448-ден астам ақша алатын болады. Миссиядағы қызметi аяқталғаннан кейiн әскери қызметшiлер санаторийлiк-курорттық емделуге және жыл сайынғы негiзгi демалысқа қосымша 14 тәулiкке үмiт арта алады.

«Жалпы алғанда, Қазақстанның Қарулы Күштері бітімгершілік миссияларға әскери бақылаушылар мен штабтық офицерлер ретінде жекелеген әскери қызметшілерді, сондай-ақ ең қажетті мамандандырылған бөлімшелерді: жаяу әскерлер, медициналық, барлау, инженерлік бөлімшелерді бөлуге дайын. Айта кетейік, он алты жыл ішінде 600-ден астам қазақстандық әскери қызметші БҰҰ-ның Азия, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі жеті бітімгершілік миссиясына қатысты. Қазір 19 қазақстандық әскери қызметші Ливан Республикасындағы, Батыс Сахарадағы, Конго Демократиялық Республикасындағы және Орталық Африка Республикасындағы БҰҰ бітімгершілік миссияларының құрамында қызмет етуде», - деп қортындылады Қазақстанның Қорғаныс министрлігінде.

Голан биіктігі - Сирия мен Израиль шекарасында орналасқан даулы аумақ, оған екі мемлекет те үміткер.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар