«Бізді санкция табыстырды»: 400 зымыран һәм оқшаудағы екеудің мәмілесі

Иран жыл басынан бері Ресейге 400-ге жуық баллистикалық зымыран жеткізді. Бұл туралы «Reuters» агенттігі жазды. Олардың айтуынша, Ресейге зымыран жеткізу алдағы уақытта да жалғаспақ.

1708601661197321.jpg

Әңгіме «Fateh-110» санатындағы «жер-жер» зымырандары туралы болып отыр. Олар 300 бен 700 шақырым қашықтықтағы нысаналарды атуға қабілетті.

Ресейге зымырандарды жеткізу өткен жылдың соңында Мәскеу мен Тегеранда өткен ресейлік және ирандық әскери ведомстволар мен қауіпсіздік қызметтері өкілдерінің кездесуінен кейін, биыл қаңтардың басынан басталған. Кейбір зымырандар Ираннан Ресейге Каспий теңізі арқылы кемелермен жеткізілсе, басқалары ұшақтармен жеткізілген.

Ирандық жоғары лауазымды шенеунік агенттікке: «Жеткізу жалғасады. Мұны жасыруға негіз жоқ. Біздің кез келген елге қару жеткізуге құқығымыз бар», - деген.  

Агенттіктің ресми сауалдарына Иран мен Ресейдің әскери ведомстволары жауап бермеген.

Иран мен Ресей Украинадағы соғыс басталғаннан кейін әскери саладағы ынтымақтастығын кеңейтті. Қаңтар айының ортасында Ресей Қорғаныс министрлігі Тегеранмен әскери-техникалық ынтымақтастық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша «үлкен мемлекетаралық шартқа» қол қоюға дайын екенін мәлімдеді.

Өткен жылдың желтоқсанында Ресей мен Иранның СІМ басшылары Мәскеудегі кездесуде санкциялардың теріс салдарын өтеу және қарсы әрекет ету құралдары туралы декларацияға қол қойды.

Иран да, Ресей де көптеген халықаралық санкциялар астында. Иран - 1979 жылғы Ислам революциясынан бері 40 жылдан астам уақыт бойы санкцияда. 2014 жылы Қырым аннексияланғаннан кейін және 2022 жылдың ақпанында Украинаға толық көлемде әскери шабуыл басталғаннан кейін Ресейге қарсы санкциялар күрт күшейтілді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар