Шойгу: Батысшыл күштер ОА-ны Ресейге қарсы қойғысы келеді...

Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу ресейлік әскери ведомствоның алқа мәжілісінде сөз сөйледі. «Не демей жатыр, Құдайдың құтты күні сөйлеп жатқан жоқ па», - дейтіндей емес. Бұл жолы бізге, Орталық Азияға қарата сөз арнады.

1709115247547866.jpg

Сонымен, Ресейдің әскербасы Сергей Шойгу не дейді? Қараңыз:

Алқа-қотан жиында сөз алған Шойгу: «Батысшыл үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) Орталық Азияда Ресейдің өңірдегі мемлекеттермен ынтымақтастығына нұқсан келтіру үшін белсенді жұмыс жасап жатыр», - деді.

Оның сөзінше, Орталық Азияда 100-ден астам «батысшыл ірі үкіметтік емес ұйым» бар. Олардың 16 мыңнан астам өкілдігі мен бөлімшесі бар.

Шойгу: «Арнайы әскери операция» (Ресей Украинаға қарсы соғысты осылай атайды) аясында бұл ҮЕҰ Орталық Азия мемлекеттерінің Ресей Федерациясымен әскери-техникалық, экономикалық және мәдени ынтымақтастығын төмендету мақсатында өздерінің Ресейге қарсы қызметін едәуір арттырды. Сондықтан, біз ескерту шараларын қабылдап жатырмыз», - деді Шойгу.

Оның айтуынша, 2024 жылы Орталық әскери округте негізгі күш-жігер өңірдегі елдерде дағдарыс жағдайларын шешуге және Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан аумақтарындағы 7 оқу-жаттығуға қатысуға бағытталатын болады.

«Әскерлерді даярлаудың қорытындысы ҰҚШҰ Ұжымдық жедел ден қою күштерінің «Өзара іс-қимыл-2024» оқу-жаттығуы болады, оған 5 мемлекеттің әскери контингенттері қатысады», - деп толықтырды ол.

РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ САНКЦИЯЛАР: ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН САНКЦИЯЛАРДЫ САҚТАЙДЫ!

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, бүған дейін ЕО Ресейге қарсы 13-ші пакет санкциясын жариялады. Оның ішінде Қазақстан, Өзбекстан, Түркия т.б. елдердің жекелеген компаниялары да аталған санкцияға ілінген болатын. Бірақ бізден қанша және қандай компанияялардың оған ілінгені айтылмады.

Жалпы Батыс: «Жанама санкциядан сақ болыңдар», - деп Орталық Азия елдеріне бірнеше мәрте ескерткенін жақсы білеміз.

Бүгін Қазақстандағы «Freedom Finance» банкі ресейлік «Мир» карталарымен операциялар жүргізуді тоқтатқаны белгілі болды. Бұл АҚШ-тың анти-ресейлік санкциялар енгізуімен байланысты.

Өзбек банкі де  ресейліктердің шоттарына қызмет көрсетуді күшейтті.  Өзбектің «Ipak yuli Bank» клиенттері жеке тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірін ұсыну қажеттігі туралы хабарлама жіберді. Банк кері жағдайда карта мен шот бойынша шектеулер (РБК) енгізілуі мүмкін деп ескертті.

Осының алдында Қытай мен Түркия банктері де Ресейден іргесіне аулақтау жайын айтқан еді. Осылайша іскер әлем де бірте-бірте Ресейден теріс айналу процессі басталып кетті.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар