Кремльдің ядролық бопсасы: Путин енді Одессаға көз тікті

Бүгін Ресей президенті Владимир Путин «РИА Новости» агенттігінің басшысы Дмитрий Киселевке көлемді етіп, көлдей етіп сұхбат берді. Ол сұхбат Кремльдің сайтында жарияланды.

1710329651402923.jpg

Хош, сонымен Ресей президенті алғаш рет сұхбат беріп отырған адам емес. апта сайын болмаса да, ай салып не ресейлік, не ақысы төленген шетелдік БАҚ-қа сұхбат беріп отырады. Ресейдің экономикалық-саяси ахуалы жайлы айтады, соғыс туралы сөйлейді. Міндетті түрде Украинадағы «нео-нацистер», «бандеро-фашистер» туралы әңгіме етеді һәм Батыс пен АҚШ-ты айыптайды. Путиннің әсіресе соңғы 2 жылдағы риторикасы мүлде өзгерген жоқ. Әр жолы алдыңғысын қайталайтын болды. Бұл жолғысында да айтарлықтай жаңалық жоқ. Десе де:

ПУТИННІҢ КЕЗЕКТІ ЯДРОЛЫҚ БОПСАСЫ

Ресей телеэфирінің басты пропогандашыларының біріне айналған Дмитрий Киселев радикалды консервативті философ Александр Дугинге сілтеме жасап, ядролық соғысқа дайындық туралы сұрақ қояды, бұл жолы.

Путин әлгі Дугиннің көзқарасына ешқандай түсініктеме берген жоқ, бірақ: «Ресей армиясы мұндай соғысқа дайын, ал ядролық күштер жоғары жауынгерлік әзірлік жағдайында», - деп сөйлейді. Путин сондай-ақ: «Ресейлік ядролық триада АҚШ-қа қарағанда заманауи», - деп пікір білдірген.

Путин өз сөзінде Ресей ядролық соғысты бірінші болып бастамайтынын, егер АҚШ бастаса, жауап берілетінін айтқан. Ядролық қаруды сынақтан өткізу мәселесінде де осы риториканы қайталаған.

Онан соң Кисилев Путиннен: «2022 жылдың күзінде Ресей армиясы сәтсіздікке ұшыраған кезде, Ресейдің ядролық қаруды қолдану жоспары болды ма?»,- деп сұрады. Путин шіміркпестен: «Мұндай қажеттілік ешқашан болған емес», - деп жауап берді.  

Путиннің сөзінде, 2022 жылдың күзінде Ресей әскері шегінсе де, фронтты ыдыратқан жоқ-мыс. Ал Херсоннан ерікті түрде, жоспар бойынша шегінген. Сенсеңіз де осы, сенбесеңіз де осы...

Десе де, Путиннің екіұшты әңгімесінен ұққанымыз – егер сол уақытта майданда Ресей тас-талқан болса, «ядролық қару қолдану жоспары болған болар еді». Өйткені, Путин бұл сұраққа жауап берерде, Ресейдің ядролық доктринасына сілтеме жасап сөйледі. Ал ядролық доктринада: «Ядролық қару мемлекеттің өмір сүруіне қауіп төнген кезде қолданылуы мүмкін», - деп жазылған.

Ресей Украинадан аннексиялап, оккупациялап алған территорияларды өзінікі санайды және оларға жасалған шабуылды – Ресейге жасалған шабуыл деп есептейді.

ПУТИН КЕЛІССӨЗДЕР ТУРАЛЫ

Ресей президенті Путин Украинадағы соғысты аяқтау үшін келіссөздерге дайын екенін айтты, бұл жолы. Бірақ, бір шарт бар. «Біз келіссөздерге дайынбыз. Бірақ, қазіргі жердегі жағдай ескерілуі тиіс! Сондай-ақ Ресейдің қауіпсіздігіне белгілі бір кепілдіктер талқылануы тиіс! Қазір олардың патрондары таусылып жатқандықтан келіссөздер жүргізу біздің тарапымыздан күлкілі», - деді Путин келіссөзді Украина ұсынсын дегенді меңзеп.

ПУТИН ОДЕССАҒА КӨЗ ТІГІП ОТЫР

Путин Украинадағы соғыстың алдағы мақсаттары туралы тікелей айтқан жоқ, бірақ Киселевтің: «Одесса - Ресей қаласы. бұл бағытта үлкен үміт бар», - деген сөзіне жауап ретінде: «Әрине», - деді.

НАТО ӘСКЕРІН УКРАИНАҒА ЖІБЕРУ ТУРАЛЫ

НАТО әскери қызметшілерін Украинаға орналастыру мүмкіндігі туралы айта келе, Путин бұл ұрыс алаңында ештеңені өзгертпейтінін айтты. Сонымен қатар, ол АҚШ әкімшілігі американдық әскери қызметшілердің Украинаға жіберілмейтінін бірнеше рет мәлімдегенін атап өтті.

Ол сондай-ақ: «Польша Украинаның батыс өңірлерін басып алуға ниетті», - деп айыптады.

Түйінінде: Путин салық салудың жалпақ шкаласынан прогрессивті шкалаға, яғни табысы жоғары адамдарға көбірек салық салуға көшуді қолдайтынын растады. Ол сондай-ақ көп балалы отбасыларға қолдау көрсету қажеттігі туралы айтты. Бұл ретте ол бұл жолы дәстүрлі құндылықтар тақырыбын қозғамады.

Сұхбат Ресей президентінің сайлауында дауыс берудің ресми басталуына екі күн қалғанда шықты. Путин бесінші мерзімге сайлануда. Тәуелсіз сарапшылар мен бақылаушылар Ресейдегі сайлауды әділетсіз деп атайды. Бұл сайлауға Путинді тікелей сынаған немесе соғысқа қарсы ұстанымда сөйлеген бірде-бір кандидат жіберілген жоқ.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар