Жаңа операция: Мәскеу Молдованы Ғағауыздардың көмегімен жоймақ

Мәскеу Молдовада сепаратизмнің жаңа ошағын тұтатты. Мақсаты - Кишиневтің Еуроодаққа баратын жолын бөгеу.

1710500558742766.jpg

Соңғы айларда өршелене түскен тенденция - Приднестровьеден кейін, Ғағауыздар да Кремльге бет бұрды. Путин Ғағауыздар башканы Евгения Гуцулды қабылдады. Екеуі биыл наурыздың басында Сочиде жолықты. Сарапшылар бұл жолығуды – Кремльдің Молдоваға қарсы жаңа гибридтік операциясының басталуы ретінде қарастырады. Молдовадағы Ғағауыз автономиясы мен Кишинев арасында үзілді-кесілді келіспеушіліктер бұрыннан бар. Бұл келіспеушіліктер әсіресе Молдованың саяси басшылығына, оның саяси бағыт-бағдарына қатысты.

1710500133568900.jpg

ГУЦУЛ ПУТИНГЕ, САНДУ МАКРОНҒА АРҚА СҮЙЕДІ

Соңғы жылдары Молдованың еуропашыл билігі ЕО-ның базалық құндылықтарын таратуға ұмтылып, Брюссель бөлетін экономикалық көмектің бір бөлігін автономияға қайта бағыттағаны кездейсоқ емес.

Сочиде Ғағауыз башканы Евгения Гуцул Ресей президенті Путинмен жолықса, сол арада Молдова президенті Мая Санду Парижде Франция президенті Макронмен жолықты.

Евгения Гуцул Путинге: «Кишинев біздің автономияға қысымды күшейтті. Біз Мәскеуден көмек сұраймыз. Бай-жай қалдырмассыз», - десе, Мая Санду Макронға: «Мәскеу Кишиневке қатысты энергетикалық бопсалау әдістеріне жүгінуде. Тіпті мемлекеттік төңкерісті де жоспарлап отыр», - деп шағымданды.

Сонымен Гуцул деген кім, ол қайдан шықты?

Евгения Гуцул Молдова құрамындағы Ғағауыз автономиясының басшысы. Жасы – 37-де. Мамандығы – заңгер. 2023 жылғы сайлауда Гуцул ресейлік «Шор» партиясынан дауысқа түсіп, Ғағауыздардың басшысы болып таңдалды. Гуцулдың сайлаудағы компаниясын РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Леонид Слуцкий қолдаған. Оның һәм ол мүшелік ететін партияның басшысы – әуелі Ресейге қашып, қазіргі уақытта Израильде тұратын және халықаралық іздеуде жүрген олигарх Илан Шор.

1710500270280745.jpg

ИЛАН ШОР МОЛДОВА БИЛІГІНЕ ҮМІТТЕНЕДІ

Жаңағы Евгения Гуцул оппозициялық «Молдова қайта өрлеу партиясымен», бұрынғы президенттер – Игорь Додон және Владимир Воронинмен, сондай-ақ, Илан Шормен осы бағытта бірқатар кездесулер өткізуге ниетті екенін мәлімдеді. Ал Илан Шор Молдовада тыйым салынған оппозициялық «Шор» партиясының серіктестерімен бірге Ғағауыз басшысымен келісім жасауға дайын екенін мәлімдеді.

1710500328678028.jpg

МОЛДОВА ГУЦУЛДЫ ТҰТҚЫНДАЙ АЛМАЙ ОТЫР

Соғысты зерттеу институтының (ISW) пайымдауынша, Кремль Ғағауызия мен Приднестровьені Молдованың ЕО-ға кіру процесін саботаждауға және Молдованы Ресейдің ықпалында ұстап тұруға бағытталған гибридтік операциялар үшін пайдаланады.

Сарапшылар пікірінше: Кремль «Додон социалистік партиясы», «Воронин коммунистік партиясы» және «Шормен партиясы» және олармен байланысты түрлі саяси құрылымдар арасында коалиция құрып, батысшыл Мая Санду мен ол мүше болған «Әрекет және ынтымақтастық партиясына»  қарсы әрекет етпек.  Сондай-ақ, Ресей молдаван халқы арасында Мая Санду жүргізіп отырған саясатқа наразылықты күшейту үшін Гуцулдың өтінішін орындап, Ғағауыздарға арзан газ жеткізбек.

ҒАҒАУЫЗИЯ ЖАЛЫНДАП ТҰР!

Бұдан басқа, Ғағауызияның ауыл шаруашылығы өнімдерін ресейлік нарыққа экспорттау үшін преференциялар режимі талқылануда. Евгения Гуцулдың айтуынша, қазір акциздер мен баж салықтары бойынша жеңілдіктердің нақты саны пысықталуда.

«Біздің экспорттаушылар Молдованың басқа өңірлерімен салыстырғанда айтарлықтай артықшылықтарға ие болуы мүмкін», - деп сөйледі Гуцул. Ол сондай-ақ: «Путин ғағауыз халқының заңды мүдделерін қорғау үшін барлық мүмкіндікті қарастыруға уәде берді», - деді.

Гуцул өзі ресейлік «Россия-24» телеарнасына берген сұхбатында Сочиден оралғаннан кейін оған Молдова билігі тарапынан қысым күшейгенін мәлімдеді.

«Кез келген сәтте қазіргі билік тарапынан қылмыстық қудалау басталуы мүмкін. Барлық алғышарттар бар. Менің Путинмен жолығуымды Молдовада көп жұрт жылы қабылдады. Ал Кишинев билігі қасақана русофобтық саясат ұстануда», - деді Ол.

Әзірге Ғағауызияда ешкім Молдовадан шығып, Ресейге қосылуға ашық үндеген жоқ. Бірақ ресейлік БАҚ Ғағауызия тұрғындарының Ресейге қосылуға деген жаппай ұмтылысы туралы сөйлей бастады.

Бұған қоса, 12 наурызда Ресей Федерациясының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары Дмитрий Полянский Молдова мен Арменияның Еуроодаққа кіру ниеті – Украинадағы секілді соғыстарға алып келетінін ескертті.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар