Пәкістан мен Ауғаныстан шекарасынан тыныштық кете бастады. «Талибан» қозғалысы Пактика және Хост провинцияларына жасалған шабуылдарға жауап ретінде Пәкістанға шабуыл жасады.
«Екі елдің шекарасында пәкістандық әскери қызметшілер қарсы соққыға ұшырады», деп хабарлайды «Reuters» агенттігі. Аталған инцидентке қатысты басқа егжей-тегжейлі ақпарат айтылмады.
18 наурызда Пәкістанның әуедегі әскері Пәкістан-Ауғанстан шекарасына жақын орналасқан Ламан (Пактика провинциясы) және Паса Мелла (Хост провинциясы) елді мекендеріне шабуыл жасаған.
Оның алдында, 16 наурызда «Техрик-и-Талибан Пәкістан» радикалды тобы Пәкістан Қарулы Күштерінің Солтүстік Вазиристандағы базасына (Хайбер-Пахтунхва провинциясы), сондағы шекара маңындағы округіне шабуыл жасаған. Осылайша тарап арасында қақтығысты шиеленіс жалғасып келеді.
Біз тақырыпқа тұздық ретінде бірсыпыра ақпаратты оқырман талқысына ұсынғанды жөн санадық.
ТАЛИБАН ТАРИХЫ. ОМАР МОЛДА ТӘРТІП ОРНАТУШЫ МА, ТЕРРОРШЫ МА?
«Талибан» қозғалысы 1994 жылы Ауғанстанның оңтүстігіндегі ең ірі қала - Қандағарда құрылған. Пушту тілінен аударғанда атауы «оқушылар» дегенді білдіреді. Бастапқыда қозғалыс оның басшысы - молда Мохаммад Омар жинаған бар-жоғы 50 «оқушыны» санады. «Талибан» немесе тәліптер Пәкістанда 1986-87 жылдары босқын пуштундар арасында Пәкістанда пайда болған. Әлемнің көптеген елдерінде тыйым салынған, исламшыл радикалды діни-саяси әскерилендірілген қозғалыс. Деобандиялық террористік ұйым 1996-2001 жылдары Ауғаныстанды басқарған және 2021 жылы билікке қайта оралған: 2021 жылдың көктемінде АҚШ әскерлерін толық шығару ниеті расталғаннан кейін сол жылдың қыркүйегіне қарай «Талибан» ауған армиясының позицияларына шабуыл жасап, тамызға қарай Ауғаныстан аумағының көп бөлігіне бақылау орнатты, ал 15 тамызда елдің астанасы Кабұлды басып алып, Ауғаныстанға толық бақылау жасайтынын жариялады.
Пуштундар тайпасынан шыққан молда Омар – кезінде 1989 жылы Ауғанстаннан шығарылғанға дейін кеңес әскерлеріне қарсы шайқасқан исламшыл шайқастардың командирі болған.
«Талибан» тез өсіп, соғыстан кейінгі хаостан зардап шеккен қарапайым тұрғындар арасында танымал бола бастады. Қатыгез жазаларға қатысты қатаң шариғат орната отырып, тәліптер шынымен де қылмыс пен сыбайлас жемқорлықты тез арада тоқтата алды. Сондай-ақ олар өз аумақтарында жолдар мен сауда қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Халық мұны көптен күткен «тәртіп» ретінде құптады.
1996 ЖЫЛ. ТӘЛІПТЕР АУҒАНЫСТАНДЫ БІРІНШІ ЖОЛЫ АЛДЫ
1996 жылы тәліптер Кабұлды басып алды. 1998 жылға қарай Ауғаныстан аумағының 90%-ын иемденді. 1996-2001 жылдар аралығында олардың бақылауында астанасы Қандағарда орналасқан Ауғаныстан Ислам Әмірлігі мемлекеті болды. Оны сол кезде Пәкістан, Түркіменстан, Сауд Арабиясы және БАӘ ғана мойындаған.
Ал әлемнің басқа елдері үшін мұндай мемлекеттің болуы тиімсіз деп саналды. Иә, тәліптердің жазалары өркениетті елдерді шошытты. Көпшілік алдында өлім жазасын орындау, таспен атқылау, қамшымен сабау, дүре соғу, қолдарын кесу т.б. Музыка, кино және теледидарға тыйым салынды. Қыздарға мектепте оқуға тыйым салынды. Жалпы алғанда, адам құқықтары өрескел бұзылды, көптеген белгілері бойынша жаппай кемсітушілік болды, тәліптерге «жат» тарих және мәдениет ескерткіштері жабайы түрде жойылды.
Мысалы, 2001 жылы тәліптер біздің дәуіріміздің 6-7 ғасырында Бамиан провинциясындағы жартастардан ойып шығарылған әйгілі ежелгі Будда мүсіндерін жарды.
1999 жылы тәліпптер шешендерді белсенді қолдап, тіпті, Ресейге киелі соғыс - жиһад жариялады. Рас, көп ұзамай олар ұстанымдарын өзгертті және американдықтарға қарсы күресте Ресейдің қолдауын алуға тырысты.
2001 ЖЫЛЫ «ТАЛИБАН» РЕЖИМІНІҢ ҚҰЛАУЫ
«Талибандар» өз аумағында АҚШ-тың сол кездегі нөмірі бірінші жауы - «Әл-Каида» халықаралық террористік желісінің көшбасшысы Усама бен Ладенге баспана берді. Дәл солардың қанаты астында Усама бен Ладен «Әл-Каида» лагерлерін құрды және 2001 жылдың 11 қыркүйегінде АҚШ-қа қарсы террорлық шабуылдарды дайындады.
Тәліптер бен Ладенді АҚШ-қа беруден бас тартқанда, олардың әскерлері НАТО бойынша одақтастарымен бірге Ауғаныстанға басып кіріп, 2001 жылдың желтоқсанында молда Омардың үкіметін құлатты. Бірақ ол және қозғалыстың басқа да көшбасшылары қашып, көршілес Пәкістанға кірді.
Ауғаныстандағы халықаралық күштердің болуына қарамастан, тәліптер күштерін арттырып, ықпалын кеңейтті, Кабұлға бірқатар шабуыл жасады.
2021 ЖЫЛ. ТӘРІПТЕР АУҒАНСТАНДЫ ЕКІНШІ ЖОЛЫ АЛДЫ
2018 жылы АҚШ «Талибанмен» тікелей диалогты бастады. АҚШ өз әскери контингентін Ауғаныстаннан шығара бастады. Ол үшін тәліптердің кепілдігі қажет және ол кепілдікке ие болды.
2020 жылдың ақпаны. Дональд Трамп президент болған тұста америкалықтар «Талибанмен» бейбітшілік туралы келісімге қол қойды. Бұл Ауғанстанның ресми «батысшыл» билігінің келісімінсіз жасалды және оған Ауған президенті Ашраф Гани бастаған топ қарсы болды. Себебі мәміле Ганидің беделіне нұқсан келтіріп, мыңдаған тәліптердің түрмеден босатылуына алып келді.
Келісімге сәйкес, тәліптер шабуыл жасамауға, содырлар мен лаңкестермен ынтымақтаспауға және Кабұлда билікпен бейбіт келіссөздер жүргізуге уәде берген. Бірақ шын мәнінде олар тактикасын өзгертті. Қалалар мен әскери бекеттерге жасалған жоспарлы шабуылдардың орнына тәліптерге ұнамайтын және кедергі келтіретін бейбіт ауғандықтарды мақсатты түрде өлтіру толқыны басталды. Журналистер, судьялар, бейбітшілік үшін белсенділер, түрлі әкімшілік лауазымдардағы әйелдер және т.б. нысанаға айналды.
Мәміледен кейін бір жыл бойы тәліптер үзік-үзік шабуылдарды жалғастырып отырды. 2021 жылдың сәуірінде АҚШ президенті Жо Байден барлық әскерлер Ауған соғысының 20 жылдығы қарсаңында 11 қыркүйекте шығарылатынын жариялады. Американдықтар Ауғаннан шығумен айналысып жатқанда, тәліптер үлкен қалаларды тыныш, ұрыссыз басып алып, 15 тамызда іс жүзінде қарсылық көрмей, Кабұлды алды.
20 жыл бойы АҚШ пен НАТО-ның әскери күштері оқытып келген ауған үкіметтік күштері оларға қарсылық көрсетуі тиіс еді. Бірақ шындығында олар бейбіт халықты өлімнен қорғағысы келетінін мәлімдеп, ұрыссыз берілді. Ал жоғары басшылық пен шенеуніктер елден қашты.
НЕГЕ ТӘЛІПТЕРГЕ ЕШКІМ КЕДЕРГІ КЕЛТІРМЕДІ?
Әлемдік баспасөз және сарапшылар мұның екі басты себебін атайды:
1. Американдық генералдар мен саясаткерлер өз есептерінде ауған армиясының, полициясының және арнайы қызметтерінің жауынгерлік қабілеттілігін үнемі арттырып отырды, оларға 20 жыл ішінде 88,3 млрд доллар жұмсады. Ал Жо Байденнің Ауғанстандағы жағдайды бағалауы мүлдем аңқаулық болды: Ол Ауғанның өз әскери күштері тәліптермен күреседі және билікті сақтап қалады деп сенді.
2. Ауғанстанның күш құрылымдары сән-салтанат пен сыбайлас жемқорлыққа батып кетті. Олар АҚШ-тан ақша алып, оны ұрлау үшін тұтас «елес-батальондар» құрды. Кейбір сарапшылардың бағалауынша, күш құрылымдарының нақты саны мәлімделген 350 мың адамның жартысына да жетпеген.
ТӘЛІПТЕРДІ КІМ ҚАРЖЫЛАНДЫРАДЫ?
БҰҰ-ның 2021 жылғы маусымдағы баяндамасына сәйкес: «Талибанды» қаржыландырудың негізгі көздері: есірткі саудасы мен апиын көкнәрін өсіру, барымташылық, сатып алу мақсатында адамдарды ұрлау, пайдалы қазбаларды өндіру және «Талибанның» бақылауындағы немесе ықпалындағы аудандарда салық жинаудан түсетін түсімдер.
Сондай-ақ «Талибан» түсімдерінің едәуір бөлігін сыртқы қаржылық қолдау, соның ішінде ауқатты адамдар мен үкіметтік емес қайырымдылық қорлары желісі құрайды. Түсімдердің көлемін қандай да бір дәлдік деңгейімен анықтау мүмкін болмаса да, «Талибанның» жылдық түсімі 300 млн-нан 1,6 млрд долларға дейін жетеді».
Барлық дереккөздерде тәліптерге ең ірі жеке жарналар Пәкістан, Сауд Арабиясы, БАӘ және Катар азаматтарынан түсетіні нақтыланған.
КЕДЕЙ ҚОҒАМ ҮШІН РАДИКАЛДЫ ИСЛАМ ЗАҢДАРЫ – ӘДІЛДІК ПЕН КҮШТІ ҚОЛ!
Ауғанстанда тәліптердің шынайы жақтастары көп. Ауғанстанның негізгі халқының өкілдері болып табылатын көптеген кедей, білімсіз адамдар үшін радикалды ислам мен шариғат заңдары - бұл әділдік пен күшті қол. Олар үшін автоматы бар ер адам - бұл мәселелерді шешуші адам және тәртіп символы. Екіншіден, тәліптерді қолдаушылар – бұл ауғандықтардың ең басты этносы – пуштундардың өкілдері.
«ТАЛИБАН» МЕН ПӘКІСТАН АРАСЫ ҚАШАН АЛШАҚТАЙ БАСТАДЫ?
Кабұлды тәліптер басып алғаннан кейін Пәкістан Ауғаныстан Ислам әмірлігін мойындаған үш елдің (Сауд Арабиясымен және Біріккен Араб Әмірліктерімен бірге) біріне айналғаны таң қалдырмайды.
Кейінгі жылдары пәкістандықтар Ауғаныстанды өздерінің протекторатына айналдыру үшін көп күш жұмсады. Батыстық сарапшылардың мәліметтерінше, Пәкістанның тұрақты армиясының он мыңдаған солдаттары тәліп әскерлерінде қызмет еткен. Пәкістан барлау офицерлері «Талибанның» Солтүстік альянсқа қарсы операцияларына басшылық етті. Жергілікті жерлерде басқаруды жолға қоюға көмектесті, ал пәкістандық авиация әуе операцияларын қолдады.
Алайда, осы кезеңде де «Талибан» пәкістандықтар мен саудиялықтар арасында шебер тепе-теңдікті сақтай отырып, өз ойынын ойнады. 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған террорлық актіден кейін «Талибан» мен Пәкістан арасы алшақтай бастады.
Ашуланған америкалықтар Мушаррафқа ультиматум қойды. «Не АҚШ-пен болуды таңда, не террористермен болуды таңда. Бірақ дайын болыңыз! Егер сіз террористерді таңдасаңыз, біз сізді тас дәуіріне айналдырғанша бомбалаймыз», - деді мұхит сыртындағы пәкістандықтар. Исламабад АҚШ-ты таңдап, Ауғаныстандағы жауынгерлерін кері шақырып алып, американдық бомбалар астында олардың стратегиялық тереңдік туралы арманы жойылып бара жатқанын қайғырып көрді.
ПӘКІСТАН 20 ЖЫЛ БОЙЫ ЕКІ ФОРНТТА ОЙНАП КЕЛДІ
Пәкістан басшылығы америкалықтардың Ауғаныстанға мәңгі келе қоймағанын түсініп, Солтүстік альянс пен АҚШ-тың шабуылынан қашқан тәліп көшбасшыларына баспана мен қолдау көрсетті.
Пәкістанның жаңа ауған соғысындағы рөлі бірегей болып шықты: Бір жағынан пәкістандықтар Кабұлға оппозициялық күштерді (тәліптерді ғана емес, «Хаккани желісі» содырларын да) дайындап, жабдықтады. Екінші жағынан АҚШ пен оның одақтастарына осы күштермен күресу үшін Ауғаныстанға жүктер мен әскерлерді жеткізуге көмектесті.
Бұл ойын 20 жылға созылды. Ақырында америкалықтар кетіп қалды, Кабұл режимінің қайраткерлері қашты, ал Кабұлда «Талибан» жалауы желбіреп тұр.
ЖАҢА ИСЛАМ ӘМІРЛІГІ
Алайда, жаңа ислам әмірлігі құрылатын жағдай 1990 жылдардағыдан түбегейлі ерекшеленеді. Біріншіден, тәліптердің сыртқы жауы жоқ. 1990-шы жылдары «Талибан» солтүстіктен тұрақты қауіп-қатерді сезінді: Гиндукуш жотасынан шегінген моджахед көшбасшылары стратегиялық жағдай өзгерген кезде бүкіл елді басып алуға жеткілікті күш жинады. Олармен күресу үшін тәліптерге Пәкістанның қолдауы қажет болды. Қазір бұл проблема жойылды.
Екіншіден, өңірдегі жағдай өзгерді. Әлемде жаңа қырғи-қабақ соғыс өршіп жатқан кезде «Талибан» билікке оралды. Егер тоқсаныншы жылдары «Талибан» режимін көршілерінің көпшілігі ерте ме, кеш пе жойылатын архаикалық түсініспеушілік ретінде қабылдаса, қазір өңірдегі ірі ойыншылар Ауғаныстанның Еуразия орталығындағы қара тесіктен транзиттік және ресурстық кеңістікке, тыныш тылға айналуына мүдделі. Қытай, Иран және Ресей «Талибан» режимімен байланыстарды дамытуға дайын екендіктерін білдірді.
Осылайша, тәліптер жалпыхалықтық үкіметті құрудың екінші мүмкіндігіне ие болды. Олардың ықтимал іс-әрекеттерінің ауқымы ішкі және сыртқы факторлармен шектеледі: Егер «Талибан» бұрынғы қарсыластарымен есеп айырыса бастаса немесе шариғаттың ең қатал нұсқасын ұстанатын болса, ол ішкі қоғамда жарылыс, сыртқы саясатта келіспеушілік тудырады. Ал егер тәліптер Кабұлда алдыңғы үкіметтер әрекет еткен қисынды ұстанатын болса, онда Исламабадпен қарым-қатынас суиды.
«ТАЛИБАН» МЕН ПӘКІСТАН АРАСЫ. ЕКІ ҚАБАТ ДУАЛДЫ ШЕКАРА ЖОБАСЫ
«Талибан» мен Пәкістан арасының алшақтай бастағанының бір белгісі – 2017 жылы Пәкістан тәліптердің билікке таяу келгеніне көз жеткізіп, Дюранд сызығы бойында толыққанды шекараның құрылысын бастады. Жоба құны 500 млн доллар. Бұл бойынша бөлу сызығы бойымен тікенекті сым өрілген және бақылау камералары орнатылған, қозғалыстың инфрақызыл датчиктерімен жабдықталған, металл тордан жасалған екі дуал салынады. Пәкістан бұл жұмысты тіпті пандемия кезінде де тоқтатқан жоқ.
Пәкістанның СІМ басшысы Шах Мехмуд Куреши Исламабадтың Кабұлмен байланыста екенін және алдағы уақытта барлық мәселенің дипломатиялық жолмен шешілетінін айтып, әсерін жұмсартуға тырысты. Алайда оған Ауғанның шығыс шекарасына жауапты етіп тағайындаған тәліптердің бұрынғы дала командирі Санаулла Сангин қарсылық білдірді. «Біз, тәліптер, шекара бойына қоршаулар мен қабырғалар салуға жол бермейміз», - деп мәлімдеді ол.
Қабырға құрылысын аяқтауға және Сангиннің жауынгерлік мәлімдемелеріне Кабұл қандай саясат ұстанатыны белгісіз. Бірақ Ауғаныстанның ұлттық мүддесін қорғайтын кез келген үкімет шетелдік достар мен бұрынғы демеушілердің тілектерін емес, өз мемлекетінің мүддесін бірінші орынға қоюы тиіс екені анық. «Талибанның» бұл сынақтан қалай өтетіні жақын арада белгілі болады.
Mezgil.kz