Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Бұл туралы Ақорда хабарлады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапары Сергеевка су қоймасын, Қызылжар ауданын және Петропавл қаласының төңірегін тікұшақпен аралап көруден басталды.
СУ ТАСҚЫНЫ: ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ АХУАЛЫ ҚАЛАЙ?
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Мемлекет басшысына Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар, Есіл, Шал ақын аудандары мен Петропавл қаласындағы су тасқыны жағдайын баяндады. Өңір әкімінің айтуынша, алты ауданда төтенше жағдай жарияланған. Қазіргі таңда 2 мыңнан астам тұрғын үйді су басқан, 10345 адам эвакуацияланған.
(Суреттер Ақорда телеграм арнасынан алынды)
Су тасқынына қарсы шараларға 5270 адам және 906 техника жұмылдырылған. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне қажетті инфрақұрылымдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Табиғи апаттан зардап шеккен азаматтардың материалдық шығындарын есептеу және өтеу жөнінде комиссия құрылған.
Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының эвакуацияланған тұрғындарымен кездесті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының су басқан аумағын тікұшақпен аралап көргеннен кейін қарғын су салдарынан эвакуацияланған аудандардың халқымен кездесті.
Тұрғындармен әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық тиісті шараны қабылдайтынын айтты. Қазіргі уақытта су тасқынынан зардап шеккен барлық тұрғынға бірреттік көмек беріліп жатыр және комиссия мүлік шығындарын есептегеннен кейін өтемақы төленеді. Тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар зардап шеккен тұрғындардың несиелері мен займдарын төлеу мерзімі шегеріледі.
(Суреттер Ақорда телеграм арнасынан алынды)
ЖАҚЫН 10 КҮНДЕ ЖАҒДАЙ ӨТЕ КҮРДЕЛІ БОЛМАҚ...
Мемлекет басшысы ешбір азамат назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
– Қазір бәріміз өте күрделі кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Бұл – жалпыұлттық апат. Дегенмен, бір жағынан алып қарасақ, оң өзгерістер де анық байқалады. Судың беті қайтып келеді. Жақын арадағы 10 күнде өте қауіпті болады деп ойлаймын. Бірақ біз еліміз бойынша апат салдарын жою шараларын қабылдап жатырмыз. Бұған дейін айтқанымдай, Үкімет зардап шеккен азаматтардың барлығына қолдау көрсетеді. Біз су тасқыны салдарынан болған барлық шығынды өтейміз. Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқорлығында болады. Бұл – мен үшін басты міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқынына байланысты қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, сондай-ақ бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді.
– Мен бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында ірі халықаралық форумды өткізуден бас тарттым. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығынды қысқартамыз. Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бөлек, еліміздің Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев барлық мемлекеттік органға су тасқыны салдарынан сабақ алуы керек екенін айтты.
– Бізде мұндай апаттарды алдын ала ескерту жүйесі жетіспейді. Қажетті мамандар да тапшы. Қазір гидротехник кадрларды даярлау туралы шұғыл шешім қабылданды, – деді Мемлекет басшысы.
(Суреттер Ақорда телеграм арнасынан алынды)
ПЕТРОПАВЛ СУ ТОРАБЫНДАҒЫ АХУАЛ ҚАНДАЙ?
Іргетасы 1973 жылы қаланған нысан Сергеевка және Петропавл су қоймаларының белгіленген режимде толтырылып, іске қосылуын қамтамасыз ету арқылы Есіл өзенінің ағысын реттейді.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, өңірдегі су тасқынына Есіл өзені мұзының еруі және Ақмола облысынан ағын судың келуі себеп болған. Әсіресе, биылғы сең жүру кезеңінде мұздардың кептелісі салдарынан су деңгейі күрт көтеріліп, сел жүрді. Бұл инфрақұрылымның істен шығуына және Есіл өзенін жағалай орналасқан елді мекендерді су басуына әкеп соқтырды. Сондай-ақ ол су тасқынына қарсы іс-шараларға 2500 ерікті белсенді қатысып жатқанын атап өтті. Аймаққа 300 тонна гуманитарлық көмек келді.
Мемлекет басшысына «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Ержан Ыбыраев Солтүстік Қазақстан облысындағы төтенше жағдайдың зардаптарын жою үшін қорғаныс ведомствосының 700 әскери қызметшісі мен 33 техникасы жұмылдырылғанын баяндады. Оның айтуынша, әскерилердің негізгі күші қаптарды құммен толтыру, бөгеттер салу, Петропавл қаласының маңындағы аудандар мен Қызылжар ауданының елді мекендеріне жақын маңдағы жағалауларды нығайту жұмыстарына бағытталған. Су тасқынына қарсы күрес шаралары басталғаннан бері әскерилер жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, бөгеттер салу, оларды нығайту жұмыстарын атқарған. Бұл бөгеттердің жалпы ұзындығы 15 шақырымнан асады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа қалыптасқан жағдайды нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік беретін жылжымалы басқару пункті жабдықталғаны жөнінде мәлімет берілді.
Ол үшін әр 2,5 сағат сайын жергілікті жердің 2D форматты картасы арқылы ақпарат беруге қабілетті ұшқышсыз басқарылатын барлаушы ұшу аппараты пайдаланылады. Сондай-ақ тәулік бойы ұша алатын әрі су тасқынына қатысты жағдайдың өзгеруіне мониторинг жүргізуге мүмкіндік беретін термовизиялық камерасы бар дрон қолданылады.
«ҚазСуШар» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Шұғайып Ибатуллин Президентке Сергеевка су қоймасы 2022 жылы көпфакторлы тексерістен өткенін және оның техникалық жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланғанын мәлімдеді. Бүгінде өңірдегі екі су қоймасы да штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр.
Mezgil.kz