«Қазақстан ыдырайды» деген Хазинге жауап: Жаңа Ресей империясы - өлі жоба!

Ресейден Михаил Хазин деген экономист шығыпты. Жай шықпапты. Ол жуырда Қазақстанның тағдыры туралы өз болжамын айтып, «Қазақстанның болашақта ыдырап, Ресейдің айналасында бірігуден басқа амалы қалмайды», - деп сөйлепті.

1713793413856137.jpg

Сонымен, ресейлік сарапшы Қазақстанның болашағын тек қана Ресеймен байланыстырып қарайтынын білдірді.  Әрине, ол одан өзге не айта алсын, себебі, қазір кез келген Ресей азаматына Ресейдің соғыс жағдайындағы саяси және экономикалық жағдайна сын айту – заңмен қудаланады. Сондықтан, Ресей сарапшылары көп мәселе бойынша ойларын астарлы түрде «Ұлы Россия» парадигмасына апарып тіреп, сараптамасын тек «ұлыресейлік империялық мүдде» тұрғысынан жасайды. Ал, шындық қандай?

Хазин айтады: «Қазақстан әртүрлі элиталық топтар арасында өте үлкен ішкі шиеленісі бар осал ел. Оған дәлел 2022 жылғы қаңтар оқиғасы».

Бұл Хазиннің Қазақстанмен аса қатты таныс емес екенін білдіреді. 2022 жылы Қазақстанда «билік төңкерісі» орын алды. Ал, «элитааралық күрес» – оның қасында баланың ойыншығы емес пе? Өйткені, «элитааралық күрес» кез келген мемлекетте - мейлі, ол демократиялық, не авторитарлық болмасын – орын алатын құбылыс. Ол құбылыс қазіргі соғыс жағдайындағы Ресейдің өзінде астарлы түрде орын алып отыр. Ал, Қазақстанда ол ашық байқалмайды.

Хазин айтады: «Қазақ элитасындағы терең қайшылықтар жойылмаған. Елде күрт саяси өзгерістер орын алса, бұл топтар жиналып, ашуын сыртқа шығарады. Сондықтан Қазақстанда елдің бірнеше жекелеген бөліктерге ыдырау қаупі жоғары».

Иә, дұрыс. Тасада тұрып аяқтан шалар «ескі қазақстан» әлі де отыр билікте. Бірақ олар мемлекетке қауіп төндіретіндей қауқарлы емес. Олардың «бір аяғы Қазақстанда, екінші аяғы ақшаларын тыққан елде тұр». Сондықтан, олар бел шешіп, «Қазақстанды жаулап алу» деген «революциялық әрекетке» бармайды. Оларды ұрлаған-жырлаған миллиардтары ұстап тұр. (Қызығын көрмесе несіне ұрлады?). Бірақ, қазіргі Қазақстан билігіне оппозиция ретінде шет елге қашқан олигархия тұрғаны рас. Олар ақшалары қазір ұлттық мүддеге қарсы жұмыс жасауда. Алайда, ел егесі саналатын қазақ халқының «авторитарлық ұйқыдан» ояну қарқыны жоғары. Ол қарқын ендігі «олигаполия ықпалына» бағына қоймас...

Хазин айтады: «Болашақта еуроаймақта экономикалық дағдарыс орын алса, еуропалықтардың Қазақстан шикізатын сатып алуға ақшасы болмайды. Қазақстанға өз тауарларын сата алатын жалғыз орын Ресей Федерациясы болады».

Хазин тағы да қателеседі. Қазақтан Ресеймен сауда-саттықты ешқашан азайтқан емес. Керісінше, Ресейдің соғыс жағдайына енуімен бірге, сауда көлемі арта түсуде. Ал, ЕО-ға біріккен Еуропада «шеттен шикізат сатып ала алмайтындай жағдай орнайды» деу – абсурд. Олар қазір АҚШ-пен бірігіп, Украинаға барынша көмектесіп жатыр. Жаңа қарумен қаруланған Украинаның әскери қуаты арта түсуде. Ал «ұзақ уақыттық соғыс» күнделікті Ресей экономикасынан жүздеген миллион долларды жалмап жатыр. Осы қарқынға бұрын да әлемдік тауар өнімінің (ӘТӨ) 2 пайызын ғана өндіретін ресейлік экономика төзе ме, төзбей ме – міне, Хазиннің өз-өзіне қояр сұрағы осы болса керек. Ол аз болса, Ресей болашақта шет елдердегі 300 млрд доллардан астам активтерінен айырылатын жағдайда тұр. Ақша қайда?

Хазин айтады: «Қазақстанның Еуропамен сауда қатынастарын құру әрекеттері Қазақстанды сәтсіздікке әкеледі».

Жақсы, солай болғанның өзінде, Қазақстанның Қытай деген көршісі бар. Ол қайда қалады? Иә, болашақта Қазақстанның Еуропаның кейбір елдерімен сауда көлемі азаюы мүмкін. Бірақ ол Қазақстанның өз өндірісінің даму қарқынымен байланысты болмақ.

Хазин айтады: «Жаһандық экономикалық дағдарыс бұрынғы кеңестік республикаларға Ресеймен Одаққа бірігуінен басқа жол қалдырмайды. Владимир Путин мұны болжап, 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақты құрған. Енді Ресей «ресейлік ТМД-ның» барлық елдерін біріктіруі керек. Егер бәрі «жоспар бойынша» жүрсе, болашақта ЕАЭО толыққанды валюта аймағына айналып, Ресей оның орталығында болады».

Міне, мына жерде Хазин нағыз шындықты айтты. Ол: «қазіргі Ресейдің соғысты жоспармен жүргізіп жатқаны», «Ресейдің бұрынғы империяны қалпына келтіруі керектігі», Барлығының Мәскеуге бағынышты болуы». Бұл Ресейдің қазіргі саяси бағыты. Бірақ, ол орындала ма? Ол жағы бізге де, Хазинге де әзірге белгісіз – Украинамен соғыс бітпейінше.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар