АҚШ билігі өгіз аяңға салып жүріп, Украина, Израиль мен Тайуанға әскери көмек беру туралы заң жобаларын мақұлдады. Өткенде ғана ызу-қызу талқыдан соң, АҚШ-тың Өкілдер палатасы заң жобаларын мақұлдап, Сенат қарауына жолдаған еді.
Бүгін АҚШ Сенаты Украинаға, Израиль мен Тайуанға әскер көмек қаржысы қамтылған заң жобаларын түбегейлі бекітті, мақұлдады. 79 сенатор қолдап, 18-і қарсы дауыс берген. АҚШ көрсететін әскери-қаржылай көмектің жалпы сомасы – 95 млрд долларды құрайды. Оның 61 млрд доллары Украинаға беріледі.
Енді аталған заң жобаларына АҚШ президенті Жо Байденнің қол қоюы ғана қалды. Ал Байден, Сенат жіберген құжаттарға көп созбастан қол қоятынын айтқан. Осыдан соң, АҚШ Украинаға әскери көмектің алғашқы партиясын аттандырады.
ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕЙДІ?
Укриана президенті Зеленский Украинаға көмек заңын мақұлдаған Сенатқа алғысын айтты. «Бұл дауыс беру – әлемдік саясаттағы АҚШ-тың демократия мен еркін әлемнің жеке дара қорғаушысы екенін дәлелдейді», - дейді.
«Мен сондай-ақ, президент Байденнің қолдауын ерекше бағалаймын. Және Президент мырзаның жылдамдатып қол қоюын, Украинаға қарай жөнелтілетін алғашқы әскери көмекті асыға күтемін. Алыс қашықтықты соққылаутын қарулар, ӘҚЖ (ПВО) және артиллерия, міне, қазір Украинаға ауадай қажет қарулар осылар. Бұл қарулар әділетті әлемді жақындататын қарулар», - деді Украина президенті.
БАЙДЕН НЕ ДЕЙДІ?
Ал АҚШ президенті Байден: «Заң менің үстеліме қалай келіп түседі, солай қол қоямын», - деп жауап қатты.
«Бұл шұғыл шешілуі тиіс шаруа: Бұл күн сайын Ресей әскерінің бомбалауының астында өмір сүріп жатқан Украина үшін, жуырда ғана Иранның шабуылын бастан өткерген Израиль үшін, әлемнің әр түкпіріндегі соғыстар мен табиғи апаттардан зардап шеккен босқындар үшін, соның ішінше Газа, Судан мен Гаити босқындары үшін және біздің Үнді-Тынық мұхиты өңіріндегі одақтастарымыздың қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін шұғыл шешілуі тиіс мәселе», - деді Жо Байден.
ПЕНТАГОН: АЛҒАШҚЫ ӘСКЕРИ КӨМЕК УКРАИНА ШЕКАРАСЫНДА КҮТІП ТҰР!
Пентагон Украинаға берілетін алғашқы әскери көмек осы аптада жіберілетінін айтты. Бұл туралы Пентагон генералы Патрик Райдер сүйіншіледі. Ол үшін қазірге дейін түзілген логистикалық маршурт қолданылады.
«Біз осыған дейін Украина қауіпсіздігіне жәрдемдесу Тобы мен өзге де әріптес, одақтастарымыздың күшімен Украинаға әскери көмек жеткізетін мықты әрі қауіпсіз логистикалық бағыт жасадық. Әскери жүктер жақын күндері Украинаға жеткізіледі», - деді генерал Райдер.
Осыған дейін БАҚ АҚШ-тың Украинаға аттандыратын алғашқы әскер көмек пакеті 1 млрд долларды құрайтынын жазған. Бұл көмек алдын ала дайындалып, Украина шекарасына дейін жеткізілген. Тек әскери көмек туралы заңдарға қол қойылуын ғана күтіп тұрған. Қазір бұл әскери техникалар Германия мен Польшада, бұйрық күтіп тұр.
ҚАНДАЙ ҚАРУЛАР КЕЛУІ МҮМКІН?
АҚШ-тың алғашқы лек әскери көмегіне автокөліктер, «Stinger» зенитті-зымыран кешендеріне арналған оқ-дәрілер, жоғарымобильді реактивті артиллериялық кешендерге арналған қосымша оқ-дәрілер, 155 мм-лік артиллериялық снарядтар, танкке қарсы қолданылатын «TOW» мен «Javelin-дер» және соғыс даласында бірден қолдануға арналоған басқа да қарулар. Сарапшылардың пікірінше, осы жолғы көмектің құрамына ATACMS зымырандары енгізілуі мүмкін.
Mezgil.kz