Ырыс алды – ынтымақ!

Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясын онлайн түрде өткізуі - аса оңтайлы шешім болды. Еліміздің 11 өңірінде қарғынсумен күрес жүріп жатқанда, қазір алқалы жиынға жиналу қиын. Алайда, осынау жауапты кезеңде барлық өңірлермен бір мезгілде мұндай тікелей сұхбат қазір өте маңызды.

1714051348978236.jpg

Қазақстандықтардың су тасқыны зардаптарына күрес барысында тікелей Президенттің аузынан айтылған нақты нұсқаулар мен шешімдер - апатты еңсеруде елдің еңсесін көтерері сөзсіз. Ассамблеяның кезекті сессиясына әр өңірден қатысқан жеті жүзден аса қатысушылары қатарында, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ сенаторлар Парламент ғимаратынан байланысқа қосылдық.

Су тасқынының зардаптарына қарсы бірлесе және жалпыға ортақ күрес қазақстандық қоғамның шын мәнінде біртұтас халық екенін айғақтады. Ассамблея алғашқылар қатарында қиналған жұртқа қайырымдылық көрсетіп, 12 мың еріктілер көмекке қол созып, «Жүректен жүрекке» ауқымды акциясы аясында 770 миллион теңге, 1500 тонна гуманитарлық көмек жөнелткен.

Мемлекет басшысы, Қазақстан Халықтары Ассамблеясына сын сағатттағы белсенділігі мен қолдауына алғыс білдірді. Тасқын судан зардап шеккен адамдардың ешқайсысы көмексіз, ескерусіз қалмайтынын Қасым-Жомарт Тоқаев шегелеп айтты. Бұл бағытта мемлекеттік арнайы қордан көмек бөлініп жатыр.

Президент тасқын бойынша көп мәселені мәймөңкелемей ашығын айтты. Биылғы апат ондаған жылдар бойы жинақталған проблемаларды, қордаланған мәселелерді жалаңаштап жатыр.

Ел Президенті, енді көптен бері шешілмей келе жатқан көптеген мәселелердің түйінін шешу міндетіне екпін түсірді.

Үкімет бір жағынан, көптеген салаларда қарапайым тәртіпті жедел қалпына келтіру, екінші жағынан, еліміздің одан әрі тұрақты дамуының негізін қалау қажет.

Еліміздегі бөгеттер мен су қоймаларының барлығы дерлік өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынып, күрделі жөндеу тұрмақ, уақтылы тексерілмей келді. Заманауи суды реттейтін құрылымдардың жоқтықтың қасы. Сондықтан қазіргі су тасқыны салдары айтарлықтай көптігі түсінікті болып отыр.

Ел Президенті, “Қазақстанның 11 облысында 20 жаңа су қоймасы салынып, 15 қолданыстағы су қоймасы қайта қалпына келтірілмек.

Біз Төтенше жағдайлар министрлігінің техникалық базасын жаңартып, оны арнайы техникамен, тікұшақтармен және ұшақтармен қамтамасыз етуді арттырамыз. Жер асты суларының ресурстарын зерттеп, қорғайтын Ұлттық гидрогеологиялық қызмет қайта құрылады”-деді.

Еліміз аз ғана уақыт ішінде жүйелі саяси реформалар арқылы үлкен жолдан өтіп жатыр. Өркениетті елдер ғасырлап өткен жолды аз уақытта игеру міндеті тұр. Әлемдік деңгейдегі трансформация, климаттық өзгерістер де арқаны кеңге салуға мүмкіндік бермейді. . Дөңгелеген дүниедегі алаңдатарлық оқиғалардың тұсында ұлт ретінде ниетіміз мен мұратымызды бұрынғыдан да біртұтас болуы маңыздылығына Президент назар аударды.

“Радикалды идеологияны ілгерілету және ксенофобияны қоздыру үшін халықаралық турбуленттікті пайдалану әрекеттері белең алды. Соның салдарынан бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде экстремистік күштердің барлық түрлерінің күрт күшеюі байқалады. Жақында Мәскеу облысында болған қанды лаңкестік оқиға да осыны көрсетті.

Қоғамда этникалық ерекшелік пен оқшауланудың кез келген көріністеріне, әсіресе арандатуларға және азаматтарды мәдени, тілдік, этникалық немесе діни белгілері бойынша кемсіту әрекеттеріне төзбеушілік ахуалын қалыптастыру маңызды”.

Тірліктің көзі - бірлік. Ассамблеяның бүгінгі сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталды.” Халықтың күш-жігерін экономика, әлеуметтік, мәдени салаларда біріктіре оң өзгерістер нәтижесіне қол жеткізе алатынымыз анық.

Елдің еңсесін тезірек көтеріп, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуде экономиканы жаңғырту мен қоғамдық сананың жаңартудың бір-бірімен ажырамас жұмысы қолға алынды. Дәл осы саяси реформалар қазірдің өзінде азаматтық қоғамның дамуына күшті серпін беріп, азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтіп келеді.

“Біз әділеттілік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаттарына негізделген және барлық адамдардың әл-ауқатын жақсартудың берік негізін қалайтын жаңа экономикалық модельге көшуді бастадық. Біз әркім лайықты өмір сүру деңгейіне ие болатын тең мүмкіндіктер елін құрып жатырмыз. Бұл реформалар ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған және оларды сапалы жүзеге асыру жалғасын табуы керек”-деді Мемлекет басшысы.

Атыраудағы Құрылтай шын мәнінде ұлтымыздың дамуының жаңа философиясы мен идеологиясының бастау нүктесі болды.

Құрылтайда айтылған ұлттық доктрина немесе тұғырнама азаматтық қоғамның барлық жетекші институттарының қолдауына ие болған жағдайда ғана толық күшінде жұмыс істейтін болады.

Ел болып бір мүддеге жұдырықтай жұмыла жұмыс істегенде, халқымыздың көрер игілігі де мол болары анық.

Бибігүл Жексенбай

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар