Ресейдің «ақпараттық армиясы» Франция басшысы Макрон мен Ұлыбритания сыртқы істер министрі Камеронға қарсы шабуылын бастап кетіпті. Солтүстіктегі соғысқұмар елдің ақпараты не дейді? Бүгін бірсыпырасына шолу жасағанды жөн санадық. Ендеше мархабат...
(Коллажды жасаған Mezgil.kz сайты)
Әуелі Антон Трофимов деген адамның «Миротворцы Макрон и Кэмерон грозят штыками и ракетами» атты мақаласы болса, екіншісі Мишель Абу Наджмнің «Asharq Al-Awsat» басылымына шыққан: «Макронның агрессивті үндеулері - бос сөз» деген мақаласы.
МАКРОННЫҢ МАҚАЛАСЫ. КАМЕРОННЫҢ КИЕВКЕ САПАРЫ
Бұл екі мақала тап қазір Ресей аудиториясын шулатып-ақ жатыр. Бұған себеп – Макронның «The Economist-ке» берген көлемді сұхбаты һәм онда айтылған тезистер және Камеронның Киевке сапарлап барып, сойқан келісімдер жасап қайтуы.
Батыстағы басқалар Ресейге қарсы уәж айтуға дәттері шыдамай, іштен тынған шақта, нақыты қимыл мен іскереттік тәуекелге бел буған екеудің (Макрон мен Камерон) ұстанымы Ресей үшін шындап қауіп төндіре бастады.
(Сурет ВВС сайтынан алынды)
МАКРОН: РЕСЕЙ УКРАИНАДА ЖЕҢЕ АЛМАЙДЫ!
Макрон британдық «The Economist-ке» берген сұхбатында: «Басым көпшілік елдер араға уақыт салып, біздің ұстанымымызды түсініп, онымен түгелдей келісетінін және бұл дәл қазіргі кездегі ең дұрыс ұстаным екенін мойындады. Менің өз алдыма қойған нақты стратегиялық мақсатым бар. Ресей Украинада жеңе алмайды», - деп мәлімдеді.
Одан ары Франция Президенті: «Егер Ресей Украинада жеңіске жетсе, Еуропада қауіпсіздік болмайды. Миллиардтаған қаржы бекерге жұмсалып, құрлығымыздың өмір сүруіне қауіп төнеді. Бейбітшілікті әзірге қорғап тұрған Украинаға қаражат бермейтінін мәлімдеген еуропалықтарға деген сенім бұдан соң қандай болмақ? Сондықтан да, біз ештеңені жоққа шығармауымыз керек. Себебі біздің мақсатымыз - Ресей Украинада ешқандай жеңіске жетпеуі керек», - деді. Осы сөздерден көп нәрсе аңғарылады.
ЕУРОПА ҮШКЕ ЖАРЫЛЫП ОТЫР...
Бүтін Еуропа бүгінгі күні қаққа емес, үшке жарылып отыр. Оларды әлемдік саясатшылар мен сарапшылар «бәсең», «шартты» және «белсенді» қолдаушылар деп екіге бөліп отыр.
Бәсеңдер – тек сөзбен уәде беріп, нақты қаржы беруге келгенде бұғып қалады.
Шартты қолдаушылар – болса, айтқан ақшасын беріп, техникалық көмекті үзіп-созып беріп, ары қарай ауыздарын қу шөппен сүртуде.
Белсенділер – ашық шайқасуға шақырып, өздері үлгі болуда.
Осы ашық шайқасқа шақырушылардың өз көздегені бар. Ол – өз елдеріндегі мирганттарды орыс-украин майданына тартып, елдерін өзге нәсілдерден арылту. Осы майданға қатысуышылар қайтып Еуропаға оралмайды. Жеңілген Ресей мен Жеңген Украинаның аумағында қалады. Және бұл зеңберек жемдерінің жаңа соғыс технологияларын меңгерудегі білімі мен біліктілігі орыс пен украинаға қарағанда жоғары екені дау тудырмайды. Әрі БҰҰ ресми тілі болып табылатын ағылшын және француз тілінің барлық құрылықта өз қолданушылары бар. Олардың Макрон мен КАмеронды қолдауы өз еліне қарағанда жоғары болуы ғажап емес. Бұл қолдау Ресейге салынған санкция аясын кеңейтеді дегенді саясаттанушылар айта бастады.
(Коллаж: Mezgil.kz сайтына тиесілі)
ӘЛЕУЕТТІ ТӨРТЕУ: ТҮРКИЯ, ФРАНЦИЯ, АЛМАНИЯ ЖӘНЕ АНГЛИЯ
Ең басты себеп ретінде әскери шолушылар екі мәселені атап көресетеді.
Соғыстан кейінгі Ресей мен Украинаның экономикалық кеңістігін игеруді ағылшындар басты ұлттық мүддесіне айналдырды. Оның бұл ойын түсінген Ресей тарабы әрине үнсіз қала алмайды.
Екінші мәселе Франция өз әскерін жаңа замандағы соғысқа бейімдеу үшін және әскери әлеуетін арттыру үшін, сондай-ақ, жаңа қару түрлерін шығарып һәм сынау үшін Украина табылмайтын сынақ алаңы деп санауда.
Егер Украина жеңіліп қалса, не болмаса, жылдам жеңіске жетсе, ағылшындар мен француздардың дегені болмайды. Я қанша жерден еуропалық елдер дегенімізбен, олардың арасында империялық амбициясы бар төрт ел ғана бар: Түркия, Франция, Алмания және Англия.
Осы төртеуінің мүддесінің бір жерден шыға қалуы – Ресейдің көмекейіне қорғасын құяды. Әрі ағылшындар мен француздар Украинадағы және Ресейдегі соғыс әсерінен туындаған демографиялық апатты еуропа арқылы ағылатын босқындармен шешудің алғашқы қадамының қалай жасалатынын Ұлыбритания СІМ басшысы Киевке келіп, Украинаға одан әрі көмек көрсету туралы айтқанынан-ақ ұғынуға болады.
(Сурет Украина Президентінің ресми сайтынан алынды)
КАМЕРОННІҢ КЕЛІСІ: ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ӘРІПТЕСТІК
Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Камерон Украинамен «жүз жылдық әріптестік» туралы келіссөздерді бастады. Ол мұны Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуінде, 2 мамырда Киевке ресми емес сапары кезінде жасады.
«Жаңа келісім біздің елдеріміз арасында сауда, қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз ету, ғылым мен технология, білім беру, мәдениет және тағы басқа қатынастардың барлық спектрі бойынша берік байланыстар орнатады», - делінген ресми хабарламада.
Ол сондай-ақ Украинаның энергетикалық инфрақұрылымына 36 миллион фунт стерлинг көлемінде көмек және Украинаның энергетикалық ауысуын және оны қалпына келтіруді қолдау үшін болашақ инновацияларға инвестициялар пакеті туралы жариялады.
«Біз Украинаның жеңіске жету үшін қажет нәрсенің болуына кепілдік беру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Ұлыбритания Украинаны көпжылдық әскери қаржыландырумен, қару-жарақ жеткізумен және елдің энергетикалық инфрақұрылымын қорғау мен қалпына келтіру үшін өмірлік маңызды қолдаумен қолдайды. Біз Украинаны қажет болғанша қолдаймыз», - деп сендірді Камерон.
Осы сендірудің ар жағында көп нәрсе жатыр. Және Макрон мен Камерон әлем жұртының бойына «Украина жеңеді» сенімді ұялата білді. Әрі өз елдерінің бас пайдасын да ұмытқан жоқ.
Mezgil.kz