Әлгінде ғана өзінің бесінше мәрте таққа отырған рәсімін ұлықтап өткізген Ресей президенті Владимир Путин Үкіметте азды-кем ауыс-түйіс жасады. Соның ішінде, әскери саладағы өзгерістер туралы кеше егжей-тегжейлі жаздық.
(Коллаж: Mezgil.kz сайты. Суреттер: euronews.com және РБК сайттары)
Ресей басшысы жасаған ауыс-түйістер айтарлықтай бола қойған жоқ. Премьер-министр Михаил Мишустин бастаған Үкіметтің көп мүшесі өз қызметтерін сақтап қалды. Қызметінде қалғандардың бірі – Сергей Лавров.
Владимир Путин Ресейдің СІМ басшысы лауазымына қайта тағайындау үшін Сергей Лавровтың кандидатурасын ұсынды. Осы тағайындау кезінде Лавров бұрынғы жүрісінен жаңылмай, Батысқа жуан жұдырығын біледі. Сонда Лавров не деді?
«Егер Батыс елдері Украина дағдарысын ұрыс алаңында шешкісі келсе, онда Мәскеу оған дайын. Бұл жолды таңдау – олардың құқықтары», - деді екіленіп, екпіндетіп. Бұл Лавровтың министр міндетін атқарушы деген уақытша статуста айтқандары.
Маусым айында әлемнің 160-тан астам мемлекеті Швейцарияда жиылып, Украина бойынша «бейбітшілік конференциясын» өткізетіні белгілі. Бұл алқа-қотан жиынға Ресей шақырылмады. Шетқақпайлданды. Осыған өкпелегендей, Сергей Лавров: «Олардың Ресейді шақырмауы – оқушыға сөгіс бергені секілді», - деп сөйледі. Деп сөйлеп тоқтаған жоқ. Әрі қарай жалғап: «Швейцария күн тәртібінде не қойылса да, бейбіт келіссөздер өткізілетін орын ретінде түкке тұрғысыз», - деді Сергей Лавров.
Айта кетейік, аталған конференция жұмысы Украина президенті Владимир Зеленский ұсынған формулаға негізделген. Онда Қытай тарапы ұсынған «бейбітшілік формуласы» да талқыланбақ.
Онан әрі: «Швейцарияны біз осыған дейін бейтарап ел деп атап келсек, дәл қазір Швейцария Украинаның сойылын соғушыға айналып, дәстүрлі ұстанымынан айырылды», - деп кіжінді. Кіжінді де: «Ресей шақырылмаған бұл конференция тек Мәскеуге ультиматум қоюға қауқарлы», - деп сөйледі.
Лавров осылай деп жатқанда, Ресейдің федералдық кеңесі «Ресейбасының сенімді серігі болған Сергейді» СІМ басшысы қызметіне қайта тағайындап үлгерді.
Ал Ресейлік БАҚ бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай: «НАТО елдері қақтығысқа тікелей араласуға құлықты. Бұл отпен ойнау», - деген тезисті тарқатысып жатыр.
Сергей Лавров: «Украинаға арналған қару-жарақ тиелген кез келген жүк - Ресей үшін заңды мақсатты нысанға айналады», - деп құқайланды.
Лавровтың айтуынша, НАТО мен АҚШ түбі бұл соғысқа араласады. Және АҚШ пен НАТО қақтығысқа тек қару-жарақ жеткізумен ғана емес, Ұлыбритания, Германия, Италия және басқа да елдер аумағында кадрлар даярлаумен де тікелей қатысады-мыс.
Mezgil.kz