20 мамырда Украина президенті Владимир Зеленскийдің президенттік қызметіне тұп-тураы 5 жыл уақыт толды. Әуелде, Зеленскийдің президенттік өкілеттігі сол күні аяқталуы тиіс-тін. Егер...
(Сурет: gettyimages.com)
Егер соғыс болмасы, әрине...
Зеленский қызметіне 2019 жылғы 20 мамырда кірісті. Биыл 20 мамырда Зеленскийдің Украина президенті лауазымындағы өкілеттігінің бес жылдық мерзімі аяқталды. Украина конституциясына сәйкес, кезекті президенттік сайлау 2024 жылдың 31 наурызында өтуі тиіс еді, ал 20 мамырда елдің жаңа президенті ант қабылдауы тиіс болатын, бірақ президенттік сайлау өтпеді. Зеленскийдің өзі: «Қазір сайлау өткізу – жөн емес», - деп мәлімдеді. Мұнысы ақылға қонымда да! Себеп? Себеп – елде толық масщтабты соғыс жүріп жатыр! Украина Ресей басқыншылығымен күресуде.
Сол себепті де, оппозициялық партиялардың депутаттарына Конституциялық сотқа барып, Зеленскийдің президенттік құзыретінің заңдылығын даулауға тыйым салды.
ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ 5 ЖЫЛЫ. РЕСЕЙ НЕ ДЕЙДІ?
Ресей Мемлекеттік Думасының ТМД істер жөніндегі комитеттің мүшесі, Дума депутаты Константин Затулин бүйдепті: «Зеленский президенттігінің бес жылы халықты алдауға толы болды. Ол Украина азаматтарына бейбітшілікті уәде еткен. Алайда, ол соғысқа бастап келді. Батыс Украинаның сыртқы ғана емес, ішкі өмірін де манипуляциялап отыр. Елдегі жемқорлық гүлденуде, Зеленский жыл сайын бүкіл әлем бойынша виллалар мен пәтерлер сатып алуда. Ал Украина азаматтары шетке қашып, Украина жерлерінен айырылуда», - деп сөйледі.
Затулиннің көзқарасы бойынша, Зеленский өз елінде танымалдылығын жоғалтты, ал оның билігі соғыс уақытындағы жағдайдың қорқынышына және Батыс мемлекеттерінің көмегіне сүйенеді.
ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ 5 ЖЫЛЫ. БАТЫС НЕ ДЕЙДІ?
Батыс саясатшылары да Зеленский президенттігінің бес жылын назардан тыс қалдырған жоқ. Талқыланып жатқан басты сауал – «Владимир Зеленскийдің 20 мамырдан кейінгі заңдылығына қауіп төніп тұр ма?».
«Ресейлік насихат пен бірқатар украиналық оппоненттер үшін Украина президенті лауазымындағы Зеленский «мерзімі өткен президентке», ал Украина - заңды билігі жоқ мемлекетке айналды.
Қазір Ресей арнаулы қызметтерінің тарихтағы ең ауқымды кешенді ақпараттық операциясы жүріп жатыр, оның мақсаты - Украинадағы заңды билікті құлату және Киевті әскери жеңу!», - деп жазады ВВС агенттігі.
УКРАИНА КОНСТИТУЦИЯСЫНДА НЕ ЖАЗЫЛҒАН?
Бір жағынан, Конституцияда Украина президентінің өкілеттік мерзімі бес жылды құрайтынын анық жазылған. Екінші жағынан, Конституцияда: «Президент келесі мемлекет басшысы сайланғанға және қызметіне кіріскенге дейін қызметте болады», - деп жазылған. Үшіншіден, Конституция соғыс кезінде Жоғарғы рада сайлауын өткізуге тікелей тыйым салады, ал оның мәтінінде президенттік сайлау өткізуге тыйым салынбаған.
ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕЙДІ?
Укриана президенті В.Зеленский өткен жылдың күзінде: «Президенттік өкілеттіктің 5 жылы аяқталған соң, Ресей ақпараты Украина президентінің заңсыздығы тақырыбын қозғайды. Олар: «Зеленский билікті узурпациялады» деп айыптайтын болады.
Егер Батыс сайлауды өткізуді қаржыландырып, оған өз бақылаушыларын жіберетін болса, мен сайлау өткізуге даярмын. Мен билікке деген бөтен өкзқарас болғанын қаламаймын», - деген еді.
Президент Зеленский 2019 жылы екінші президенттік мерзімге бармауға уәде берген. Зеленский былтыр қазандағы сұхбатында «егер сайлау соғыс уақытында өткен, президенттікке түсетінін, елді мұндай жағдайда тастап кетпейтінін, ал сайлау соғыстан соң өтсе, онда президенттік сайлауға қатыспайтынын» айтқан.
САЙЛАУДЫҢ БОЛМАУЫНЫҢ 4 СЕБЕБІ
Біріншіден, Украинаның тыл аудандарындағы жауынгерлік әрекеттер мен зымырандық шабуылдар жағдайында сайлау науқаны мен дауыс берудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес.
Екіншіден, соғыстың белсенді кезеңінде сайлау өткізілсе - жүздеген мың украиндық әскерилер сайлаудан тыс қалады.
Үшіншіден, миллиондаған украиндық босқындардың сайлауға қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету мәселесі тағы туындайды.
Төртіншіден, соңғы тиын-тебенін армияның қажеттіліктеріне жұмсайтын украиндықтар соғыс кезінде бірнеше миллиард гривенді сайлау ұйымдастыруға шығындауды қабылдай алмайды!
«МАЙДАН-3» ОПЕРАЦИЯСЫ
Қалай десек те, «20 мамыр проблемасын» сөз етушілер, яғни, Владимир Зеленскийдің Украинадағы һәм Ресейдегі оппоненттері легитимділік деген тақырыпты басты назарда ұстап отыр.
Украинаның Үкімет жанындағы Стратегиялық коммуникациялар және ұлттық қауіпсіздік орталығының басшысы Игорь Соловей: «Зеленскийдің жақын арада легитимділігінен айрылатыны туралы хабарламаны Украина қоғамына тарату әрекеттері биыл ақпан айынын басталып кеткен», - дейді.
Ал Барлау мәселелері жөніндегі комитет: «Ресей алдағы апталарда «Майдан-3 арнайы операциясы» аясында өз күш-жігерін жандандырмақ», - деп мәлімдеді.
Бұл туралы Владимир Зеленский өткен жылдың қараша айында «Sun» газетіне берген сұхбатында: «Украина билігін ауыстыруды мақсат еткен арнайы операция туралы білеміз. Украинада бұл мәлімдеме ирониямен қаралды», - деген.
Ал сарапшылар, бұл сөз етіліп отырған «Майдан-3 операциясы» ресейлік арнаулы қызметтердің тарихтағы ең қымбат акция болмақ. Оның бюджеті шамамен 1,5 млрд долларды құрайды» дейді.
Түйін. Владимир Зеленский Украина президенті қызметіне кіріскелі – 5 жылдың жүзі болды. Бұл бес жылдың тең жартысынан көбі соғыс жағдайында өтіп жатыр. Ресей толық масщтабты соғыс бастағанына 2,5 жылдан асып барады.
Соғыстың ең дағдарысты кезеңі – соғыстың алғашқы күндері болғаны белгілі. Басқыншы әскер Киевтің дәл түбіне дейін жетті. Дәл сол кезде президент Зеленскийге дәліз ұсынып, Киевтен кетуге көмек ұсынғандар аз болған жоқ. Әсіресе, Батыс лидерлері Украина президентін құтқарып қалуға көп ниет білдірді. Зеленский, бірақ тайсалған жоқ. Табандап тұрып, Киевті тастап кетпейтінін мәлімдеді.
Осыдан соң, Зеленскийге деген құрмет халықаралық саяси ортада да, Украина қоғамында да арта түсті.
Соғыс кезеңінде де Зеленский мен оның командасы сыртқы сауданы (келісімдерді) да жан салмай жасап-ақ жатыр. Украина одақтастарынан қажетті әскери һәм экономикалық көмекке қол жеткізу жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Әрине, тапшылық пен қажеттілік аз емес! Керісінше, көп. Әскери көмектің кейбірі кешігіп жетіп, кейбірі әлі кешеуілдеп жатыр. Десе де, Украина халқының мемлекетшілдігі мен Зеленский командасының тынымсыздығы арқасында Украина өзінен бірнеше есе қуатты армиямен 2,5 жылдан аса шайқасуда.
Сөйткен, Зеленскийдің ресми президенттік мерзімі түгесіліп, сайлаудың өткізілмеуіне байланысты, президенттік құзыреті жалғасты болды. Бұл Ресей идеологтары мен арнайы қызметтері үшін таптырмас орай. Ресей осы талма тұсты қалай пайдаланады, оны алдағы саяси процестер көрсетеді.
Mezgil.kz