Пригожин расын айтты: Белоусов Шойгудың командасына қарсы соғыс ашты!

Шойгудің кезінде атқа мінгендердің қазір бастарына ақырзаман орнай бастады. Жуырда ғана президент Путиннің пәрменімен РФ армиясына басшыс болып тағайындалған Андрей Белоусов экс-министр Сергей Шойгудың ескі кадрларынан арыла отырып, Ресей Қорғаныс министрлігінде өз командасын құра бастады.

1716893728416811.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

Сонымен, әскерде болмаған, әскери салаға еш қатыстылығы жоқ Белоусов пен оның қайта жасақтап жатқан командасы Ресей-Украина соғысына қандай өзгеріс жасау мүмкін?

БЕЛОУСОВТЫҢ ТӨРТ МІНДЕТІ

Батыс сарапшыларының жиынтық пікірінше, Белоусовтың төрт міндеті бар. Олар:

Бірінші – кез келген бұйрықты орындауға дайын болуы міндет!

Екіншісі – экономиканы соғыс үшін жұмылдыру керек! Немесе экономикасын соғыс жағдайында РФ бейімдеуі тиіс.

Үшіншісі – соғыс кезінде әрқашан саяси салмақ ала бастайтын әскерилерді саяси тұрғыдан жоғарғы қызметке ұсынбауы шарт.

Төртіншісі – және ең бастысы – Путиннің қауіпсіздігіне қастандық көлеңкесін түсірмеуі керек!

АЛАС, АЛАС, ШОЙГУ АЛАС!

Міне, осы төрт міндетті құлшына орындауға кіріскен жаңа министр Белоусов ескі министр Шойгудың бұрынғы ведомствосында «жаңа күн - жаңа қамаулар мен отставкалар» дүрбелеңін бастап кетті.

Сондай тазартулардың бірі әрі соңғылары – мемлекеттік тапсырыс бойынша РФ Қорғаныс министрлігінің басқарма басшысы, жоғарғы шенді офицер Владимир Вертелецкийдің тұтқындалуы болды. Ол 70 миллион рубльден астам шығын келтірген деп айыпталуда.

Оның ізін баса Ресей Қарулы Күштерінің 20-шы армиясының қолбасшысы Сухраб Ахмедов те қызметінен алынды. Бұл генерал бір жыл бұрын майдан даласында сауатсыз іс-әрекеттер жасап, қарауындағы әскерін бос шығынға ұшыратқан, сол үшін жұртшылық тарапынан қатаң сынға ұшыраған болатын.

Экс-министр Сергей Шойгуда 12 орынбасар болды: Олардың үшеуінің тағдыры не болғаны баспасөзде жарияланды. Енді олардың тоғызы қалды.

Әлгінде РФ президенті Путин Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы, генерал-полковник Юрий Садовенконы қызметінен босату туралы нұсқауға қол қойды.

Тұтқындаудан басқа Қорғаныс министрлігінде отставкалар да жалғасуда. Генералдар Юрий Садовенко, Руслан Цаликов және қаржы жөніндегі Шойгу орынбасары Татьяна Шевцова өз қызметтерінен кетті.

Иә, тағы бір «отставканы» ұмытып кете жаздаппыз. Өз бастығының соңынан Шойгудың баспасөз хатшысы болған Росияна Марковская қызметінен кетті.

ПРИГОЖИННІҢ СӨЗІН БЕЛОУСОВ РАСТАДЫ!

Осылайша, Ресейдің әскери ведомствосына жаңа тағайындалған басшы ескі кадрлердің бірсыпырасын тұтқындап, қалғандарын отставкаға жіберуден бастап кетті, жұмысты.

Ресей Қорғаныс министрлігі жемқорлық пен біліксіздікке батқан дегенді Кремль соғыс бастағаннан бергі уақытта алғаш ашық айтып, Мәскеуге жорыққа шыққан «Вагнер» ЖӘК басшысы Евгений Пригожин еді.

Басқа-басқа дәл осы Пригожин Шойгу мен Герасимов тандемін қатал сынап, президент Путинге бірнеше жолы қайрылу жасаған. Алайда, Пригожин Мәскеуге жорыққа шыққанда, Кремльдегі басшы-қосшылардың қандай әрі-сәрі күйге түскенін күллі жұрт көрді. Пригожиннің Шойгумен ерегесі – Путиннің беделін әбден түсірді. Жаһандық саяси кеңістікті айтпағанда, Ресейдің өз ішінде Пригожиннің беделі артып, Путин мен оның әскери басшылары екінші, үшінші пландарға ығысты. Әсіресе, Пригожин әскер бастап, Мәскеуді бетке алғанда, Кремль қожайынынан тартып, өзге де ірілі-ұсақты басшы-қосшылар бытырай қашқаны әмбеге аян. Сөйткен Пригожин жағы талғанша қақсаған жалғыз сөз болды – ол Шойгудың РФ армиясын жемқорлық былығына батырғандығы туралы ақпарат.

Алайда, Пригожиннің ақыры немен аяқталғаны және белгілі. Сол Пригжиннің сөздері рас екенін араға уақыт салып, жаңа әскербасы Андрей Белоусов растап отыр.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар