2024 жылғы 4 шілдеде Астанада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысында Беларусь Республикасын ШЫҰ мүшелігіне қабылдау рәсімі өтті.
Қазақстан Президенті отырысты аша отырып, бүгін Астанадағы саммитте ұйымды одан әрі кеңейту туралы маңызды шешім қабылданатынын атап өткен болатын.
«Осыған байланысты Беларусь Республикасының Президентін құттықтағым келеді. Сіздің еліңіз қысқа мерзім ішінде ШЫҰ-ға толыққанды мүше болу жолында барлық қажетті рәсімдерді орындады. Егер қарсылық болмаса, отырысты ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құрамына Беларусь Республикасын қабылдау туралы құжаттарға қол қою рәсімінен бастауды ұсынамын», - деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан әрі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Беларусь Республикасын ШЫҰ-ға қабылдау бойынша және оған ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін беру туралы құжатқа қол қойды.
Mezgil.kz