Ресейдің ТАСС ақпараттық агенттігі Rambler& Co сауалнамасының қорытындысын жариялады. Сауалнаманың бір бөлігі өзге планеталар мен бөгде ғаламшарлықтардың бар-жоғына арналған. Сауалнама қорытындысы көрсеткендей, әр оныншы ресейлік егер президент ресми мәлімдеме жасайтын болса, онда бөгде ғаламшарлықтардың барына сенуге дайын.
«Әр оныншы ресейлік егер президент ресми мәлімдеме жасайтын болса, бөгде ғаламшарлықтың Жерге келгеніне немесе жалпы бар екеніне сенуге дайын. Сауалнамаға қатысқандардың 6%-ы БАҚ беттері ресми жарияласа сенуге әзір, ал 3%-ы достарының сөзі арқылы сенуге дайын екенін айтқан», - дейді сауалнама қорытындысы.
Ресейліктердің 33%-ы өзге планеталарда тіршілік барына сенеді, ал 27%-ы осы сұрақ аясында ойланып, қызығушылық танытқан екен. Сауалнамаға қатысқандардың 79%-ы бөгде ғаламшарлықтар бар болуы мүмкін дегенге бір сәт ойланып көрген, 10%-ы биліктің бөгде ғаламшарлықтарға қатысты шынайы ақпаратты жасырып отырғанын айтқан, ал сауалнамаға қатысушылардың 9%-ы бөгде ғаламшарлықтар қазірдің өзінде Жерде жүргеніне сенімді.
Сауалнамаға қатысқан ресейліктердің 49%-ы бөгде ғаламшарлықтарды өз көзімен көрсе сенетінін айтқан. Әр бесінші ресейлік бұл сұрақ аясында әйгілі ғалымдардың теориясына сай қорытынды жасайтынын жеткізген, ал сұралғандардың 12%-ы видео дәлел жеткілікті деп санайды.
Сауалнамаға қатысқандардың 24%-ы бөгде ғаламшарлықтар адамзатқа жау болуы мүмкін дейді. Ал 23%-ы керісінше өркениеттер арасында достық пен байланыс орнайтынына үмітті. 21% ресейлік бөгде ғаламшарлықтар жоқ деген ойда. Жалпы сауалнамаға 116 мың адам қатысқан.
Сауалнаманы Ресей ғылыми академиясы тапсырыс негізінде жүргізген. Сауалнамада ғылымға қатысты сұрақтар да болған. Сауалнамаға қатысушылардың 40%-ы соңғы жылдары ашылған маңызды ғылыми ашулар жайлы айтып бере алмаған. Басым көпшілігі коронавирусқа қарсы вакцинаны соңғы ғылыми жаңалық санайтынын жеткізген.
Mezgil.kz