Украина отарлық дәуірдегі ескерткіштерінен құтылуды бастап кеткен. Ресей олардың бұл әрекетін «нацистік» деген ат қойып, айдар тақты. Орталық Азияда жағдай қандай? КСРО-дан мұраға қалған ескерткіштерге һәм атауларға жұрт қалай қарайды?
(Сурет: Андрей Зайцев / tengrinews.kz)
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚОС ПІКІР: КОЛОНИАЛИЗМНІҢ СИМВОЛДАРЫ
Кеңес дәуірінің ескерткіштері Қазақстанда әлі күнге дейін бар, бірақ ондаған жылдар бұрынғыдан аз. Қазақстанда Кеңестік отарлық кезеңнің мұраларына қатысты қоғам пікірі екіұшты. Бір тобы: «тоталитаризм мен колониализмнің символдары сияқты монументтерден арылу керек» деп есептесе, екінші тобы: «болашақ ұрпақ тарих сабақтарын есте сақтауы үшін оларды қалдыру керек», - деген ұстанымда.
Тіпті, советтік ескерткіштерді бюджет есебінен жөндеу мәселесін көтерген белсенді топтар пайда болып, биліктегілерді қатты састырған жағдайлар да орын ала бастады.
Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданы мәслихатының Ленин ескерткішін жөндеуге 1,5 миллион теңге бөлу туралы шешімі әлеуметтік желілерде пікірталас тудырды. Желі қолданушыларының бір тобы: «Өткен тарихтың ескерткіштерін қорғау керек», - деп жазса, басқалары: «ХХ ғасырда миллиондаған адамдардың тағдырын бұзып, саяси қуғын-сүргін жасап, жасанды аштық тудырған Кеңес үкіметінің рәміздерін құрметтеу артық іс», - деп санайды.
«КҮН КӨСЕМ» ҚАЗАҚСТАНДА ӘЛІ ҚҰРМЕТКЕ ИЕ МЕ?
Шығыс Қазақстан облысындағы ескерткіштер тізімі 2008 жылы жасалған екен. Өзгерістер мен толықтырулар 2014, 2017 және 2021 жылдары енгізілген. Десе де, ол жақта күн көсем онда өз орнын тапқан. Негізі Ленин ескерткіші және өзге де советтік атрибукалар еліміздегі этникалық орыстар көбірек шоғырланған аумақтарда қатты құрметке ие.
Тарихшы, Алматы әкімдігі мәдениет басқармасының бұрынғы қызметкері Нұрлан Атығаевтың БАҚ-тағы мына пікірін Mezgil.kz оқырмандарының талқысына ұсынғанды жөн санадық: Тарихшы Нұрлан Атығаев Алтайдағы Ленин ескерткішінің әлі күнге дейін тізімнен шығарылмағанына таң қалғанын мойындайды. Оның айтуынша, «2007 жылы Мәдениет министрлігі Қазақстандағы барлық ескерткіштерге шолу жасап, олардың тарихи маңызын анықтауды тапсырған.
«Осыдан кейін барлық облыстардың мәдениет басқармалары бүгінгі таңда өзекті емес ескерткіштерді тізімнен алып тастаған. Соның ішінде Ленин ескерткіштері, кеңес идеологиясының символдары да бар. 2010 жылы барлық облыстарда жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімі бекітілген».
Ескерткіштердің тарихи маңызын мәдениет басқармаларының жанындағы комиссиялар анықтайды. Ескерткіштердің заңдық мәртебесі бар. Шағын сәулет нысандары ескерткіштер тізіміне енгізілмейді.
МАСҚАРА: СОВЕТТІ СҮЙСЕҢ, ҚАЗАҚСТАНША СҮЙ!
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бекіткен жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне – Санкт-Петербург коммунарларының ескерткіші (1983 жыл), Чапаевтың ескерткіш-мүсіні (1968 жыл), большевик Сергей Киров ескерткіші (1938 жыл), Кеңес билігін орнатушы күрескерлердің ескерткіштері кіреді екен.
ҚАЗАҚСТАНДА ЛЕНИННІҢ ҚАНША ЕСКЕРТКІШІ БАР?
Мәдениет және спорт министрлігі хабарлағандай, қазір елімізде кеңестік көшбасшы Владимир Ильич Лениннің 109 ескерткіші мен бюсті бар. Олардың басым көпшілігі Павлодар облысында - 42. Ақмола облысында - 39, Қостанай облысында - 11, Абай облысында - тоғыз, Жетісу облысында - үш, Батыс Қазақстан облысында - екі, Атырау, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында - бір-бірден.
Мәдениет және спорт министрлігі тарихи-мәдени мұра басқармасы Ленин ескерткіштерінің барлығы да тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілмегендігімен жұртты хабардар етті.
Қазір Қазақстанда мемлекеттік тізімде екі-үш қана Ленин ескерткіші қалып отырған жайы бар. Қоғам белсенділері бұл ескерткіштерді де алып тастау туралы ұсыныстар айтса да, олар мемлекеттік тізімде тұрғанғандықтан, бұл ескерткіштерді бұзуға ешкімінің құқығы құқығы жоқ. Бірақ осы атың өшкір екі-үш ескерткішті тізімнен алып тастау рәсімі күрделі, бірнеше мекеменің бірлескен жұмысын және комиссияның шешімін талап ететін шешімі қиын дүниеге айналаған.
Ал, біз жоғарыда обылстар бойынша айтқан 109 дана Ленин ескерткішіне келсек, олар кәдімгі монументті көркемсурет ғимараты мәртебесіне ие. Мұндай монументтерді жергілікті әкімдіктер өз қалауы бойынша алып тастай алады. Бірақ жергілікті билік бұл қадамға өз бетімен бара ала ма екені?!
Сонымен КСРО мұрасы мұрты бұзылмай тұра береді. Мұрты бұзылу үшін этникалық орыс азшылдығы мен қазақ тілді ұлттық көпшілік арасында идеологиялық түсіндіру жұмыстары кең көлемде ашық та, айқын түрде жүргізілуі керек. Бұл орайда БАҚ басты орында тұрып, кеңессіздену процесінің бағдаршамы мен темір қазығына айналуға тиіс.
Mezgil.kz