Ресейдің Солтүстік Кореямен байланысы артуда. Әскери және экономикалық байланыстардан бөлек, мәдени және туризм саласындағы әріптестік те жанданып, жаңа деңгейге жеткен.
Ресей билігі 250 оқушыны Солтүстік Кореяға демалуға аттандырды. Алғашқы топқа Мәскеу, Петербор, Воронеж, Липецк, Орынбор, Краснодар, Красноярск, Сахалин аймағының оқушылары кірген. Олар Солтүстік Кореядағы «Сондовон» лагерінде 22-шілде мен 2-тамыз аралығында болып, 10 күн демалады.
Ұйымдастырушылар лагерьде оқушыларға қызықты бағдарлама әзірлегенін айтты. Желкенді қайықпен жүзу, садақ атып үйрену, альпинизм, тхэквондо үйрену, сурет салу, 3D форматтағы фильмдер көру іске аспақ. Сонымен бірге футбол, волейбол, үстел теннисінен сайыстар ұйымдастырылып, сыйлықтар табысталмақ.
Лагерьде «Ресей күні» мен «КХДР күні» аталып өтілмек. Мерекелік іс-шаралар қарсаңында ресейлік оқушылар Пхеньянға саяхаттайды. Пхеньянда орталық зообақты тамашалап, «Рынра» ойын-сауық саябағына барады. Масикрен таулы курортына апарып, шанамен сырғанауға мүмкіндік береді.
«Сондовон» лагері 60 жыл бұрын салынған. Лагерьді КХДР реконструкциялап, 2014 жылы балаларға бейімдеп, қайта ашты. Лагерьде ресейлік оқушылар пандемияға дейін бірнеше мәрте демалған болатын. Коронавирустық шектеулерден кейін, КХДР өз шекарасын туристер үшін жауып тастады. Лагерьде демалған ресейлік оқушылар лагерьдің тамағының дәмсіз екенін, ал лагерь қызметкерлері пропагандалық әндерді жиі қоятынын айтып, шағымданған еді. Солтүстік Корея ресейлік оқушыларға ұялы телефонды қолдануға тыйым салуы мүмкін.
Mezgil.kz