200 млрд доллар: "Үлкен жетілік" Орталық Азияға қаржы құймақ!

Орталық Азия елдеріне Батыстың қызығушылығы артуда. 2022 жылы Ресей әскері Украинаға басып кіріп, әлемнің келбеті өзгере бастады. Еуропа елдері ресейлік мұнай мен газ, көмір және басқа ресурстардан бас тартуда және Мәскеуге дүркін-дүркін санкция салуда.


Экономика Центральной Азии - BRIF

 

Еуропа елдері басқа аймақтан ресурс іздеуде. Африка мен Орталық Азия Еуропа үшін тартымды аймақ саналады. Ресурсқа бай және тасымалдауға тиімді аймақтар болғандықтан, ЕО елдері 2022 жылдан бастап аталған аймақтармен байланысын күшейтуге тырысуда.

 

Африкадағы тұрақсыздықтар саны артып, бірнеше мемлекетте билікке төңкеріс арқылы антибатыстық көзқарас ұстанатын топтар келді. Бұл Еуропа елдері үшін Орталық Азияны тіпті құнды ете түсті. Қазіргі уақытта Орталық Азия мен Еуропа арасында бірнеше диалогтық алаңдар құрылған. Олар «ЕО+ОА» форматында және жекелеген мемлекеттер форматында жұмыс істейді. Мысалы «Ұлыбритания+ОА», «Германия+ОА» форматтары бойынша бірнеше кеңейтілген жиындар өтіп, экономикалық, сауда-саттық және логистикалық мәселелер талқыланды.

 

Ендігі таңда Орталық Азияға «Үлкен жетілік» (G7) елдері де қызығушылық танытуда. «Үлкен жетілікке» Еуропадағы беделді бірнеше мемлекет мүше саналады.

 

Қазіргі таңда «Үлкен жетілік» Орталық Азия елдерінің инфрақұрылымына инвестиция салуға дайын екенін айтуда. «Жаһандық инфрақұрылым және инвестиция бойынша серіктестік» бағдарламасы бойынша АҚШ-тың арнайы координаторы саналатын Хелаина Матцаның сөзінше, ОА-ға салынатын инвестиция көлемі 200 млрд долларға жетуі мүмкін.

 

Бұл туралы Хелаина Матца мен Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Нәзира Нұрбаеваның Астанада өткен кездесуінде айтылды. Кездесу қорытындысы бойынша ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде Қазақстанды «Үлкен жетілік» инфрақұрылымдық жобаларды ұйымдастыру бойынша аймақтағы негізгі серіктестердің бірі ретінде қарастыратыны айтылған.

 

Хелаина Матца өз сөзінде әлемдегі тауар және ресурс тасымалдау тораптарын әртараптандырудың маңызды екенін атап өткен. Бұл әлемдегі азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікті сақтау үшін маңызды саналады.

 

Орталық Азия мен Еуропа арасындағы байланыс Транскаспий бағытының қарқын алуымен арта түсті. Инфрақұрылым кешендерін дамыту инвестициялары арнайы порттар салу, тасымал жолдарын кеңейту әрекеттерін қамтитын болады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар