Қазақстанда соңғы ақпарат бойынша 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Солардың ішінде 45 мыңға жуығы Алматы қаласында тұрады. Қазақстан билігі үшін мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тең құқықты қоғам құру, әлеуметтік нысанда жүріп-тұру мүмкіндігін жасау, білім алу мен жұмыс істеудегі кедергілерді азайту басты міндеттің бірі саналады. Алматы қаласының әкімдігі үшін де бұл басты приоритеттегі міндеттердің бірі.
Зерттеулер көрсеткендей, Алматы қаласы еліміз бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау және оларға жағдай жасау бойынша көш бастап тұр. Оның ішінде әлеуметтік нысандарды мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімдеу бойынша бірінші орында тұр. Мыңдаған нысанда арнайы құрылғылар орнатылған. Жолдан өту өткелдеріне арнап арнайы көтеру құрылғылары, аялдамаларды мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімдеу, дүкендер мен сату орталықтарында, мемлекеттік мекемелер мен өзге де ғимараттарда пандустар қою іске асуда. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бағдаршамдарды арттыру (дыбыс күшейткіш құрылғысы бар) мен жаңа салынған тұрғын үйлерді қабылдау стандартына мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы ету жағы қарастырылып, іске асуда. Бұл бойынша арнайы тексеріс жұмыстары да іске асып тұрады.
Алматы қаласында қалалық инфрақұрылым нысандарын паспорттау алғаш рет іске аса бастады. 2023 жылы бұл жұмыс 7,5 мың нысанды қамтыған. Әлеуметтік инфрақұрылымды мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімдеу, атап айтқанда, емханаларда, ауруханаларда, халыққа қызмет көрсету орталықтарында пандустарды, қосалқы тұтқаларды, тактильді тақталарды орнатуды 2025 жылдың соңына дейін жүргізу жоспары қабылданып, жүзеге асырылуда. Алматыда келесі жылдың соңына дейін әлеуметтік нысандардың 30 пайызы, ал 2030 жылға қарай қала нысандарының 75 пайызы жүріп-тұруы шектеулі адамдарға ыңғайлы етіп бейімделетін болады. Бұл туралы қала әкімі мәлімдеген еді.
Бұл жұмыстар қарқын алып, дамуда. Биыл Алматыда инклюзивті ортаны дамыту жөніндегі кеңес құрылды. ҮЕҰ мен сарапшылық қоғамдастық өкілдері мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүруіне тең мүмкіндіктер жасау жұмыстарын үйлестіру үшін күш біріктіріп, жұмыла жұмыс атқаруда. Кеңеске қала әкімі төрағалық етіп, жұмыстың атқарылуын бақылайды. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғап жүрген белгілі заңгерлер, танымал тұлғалар да кеңес мүшесі атанды.
Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдетуге бағытталған бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін басты мәселенің бірі жүріп-тұрудың қиындығы. Қоғамдық көлікті тұтынушылар саны көп, ал қарапайым такси қызметтері әдетте мүмкіндігі шектеулі азаматқа тиісті негізде қызмет көрсете алмай жататын сәттер байқалады. Міне, осыны ескере отырып Алматыда 100 көліктен құралған «Инватакси» қызметі іске қосылды. Бұл пилоттық жоба 2 мыңға жуық азаматтың қала бойынша қатынауына жағдай жасайтын болады.
Қалада өзге де жұмыстар атқарылуда. Қаладағы кітапханаларда Брайль әліпбиі негізінде жасалған түрлі туындылар саны артуда. Оның ішінде көркем шығармадан бастап, өзге де жанрдағы туындылар жетерлік. Бұл жұмыстарды тоқтатпау қала басшылығы үшін маңызды саналады.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мақсатында арнайы оқыту курстары да ашылған. Ол онлайн және офлайн форматта іске асуда. Көбіне тігіншілік, заманауи мамандықтар (ІТ саласы бойынша), құқықтық және компьютерлік сауаттылық, қаржылық сауат және басқа мамандықтар бойынша оқыту іске асады.
Алматы - мүмкіндіктер қаласы. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергілер болмауы тиіс.
Mezgil.kz