Ресей империясы қанша жерден отарлаушы болса да, екі ұлтты төбесіне көтеріп өтті. Бірі – еврей, екіншісі – армян.
(Коллаж: Mezgil.kz)
Ақ патша парсы империясы құрамындағы әзербайжандардан тартып алған өңірден – Ереван уезін ашып, Ресей, Осман және Парсы империясында шашылып жүрген армяндарды шоғырландыра қоныстырса, қызыл иперия – әуелі Қырымнан кейін оның орнына Сібірден еврейлердің автономиялық облысын құрып берді.
РЕСЕЙ ТҮРКИЯ МЕН ИРАННАН ҚОРҚАДЫ: ЕРЕВАННЫҢ ӨКПЕСІ
Міне, осындай қадірі өткен орыс империясына шын адал болуға тиіс Армения өзінің өткенін ұмытты деп тас-талқан болуға Ресейдің тарихи құқығы бар.
Бірақ, екі жақта, оның ішінде Ресей қүш-қуатты артып келе жатқан Түркиядан және көңілін енді тауып отырған Ираннан сескеніп, тарихтың осы бір жабулы бетін ауызға алмайды. Сонымен хош, Ресей өз отарларының ішінде мәңгілік қарыздар ұлт деген армяндар 2020 жылғы Қарабақ соғысынан кейін орыстармен ат құйрығын кесіспек ниет тантыта бастады. Бұл Ресейдің билік басындағыларына жақпады.
РЕСЕЙ АРМЕНИЯҒА АШЫҚ ҚОҚАН-ЛОҚЫ ЖАСАУДА...
Ереван Киев режимін таңдаған жолды қайталамайды.
Ресей Арменияны «бауырлас ел» деп санайды және «Ереван бір кездері Киев режимін таңдаған жолды қайталамайды» деп үміттенеді. Бұл біздің емес, РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтің сөзі. Сөзбе-сөз! Бұл пікірді Песков кеше айтты.
Кремль спикері: «Армения – өзара іс-қимылдың басым бағыттарын өзі таңдайтын егемен ел. Бұл ретте Ресей үшін Армения «біздің одақтасымыз, бауырлас ел» болып қала береді. Біз «мұндай балама әріптестікті іздестіруді құрметтейміз, бірақ бұл Киев режимі таңдаған режимде орындалғанын қаламаймыз», - деп атап өтті.
Кремльдің айташысы аузы көпіріп, айтып жатқанда Армения мен АҚШ-тың «Eagle Partner» («Бүркіт-серіктес 2024») бірлескен әскери оқу-жаттығуы аяқталып жатқан.
Бұл 2023 жылдың қыркүйегінен бастап Армения мен АҚШ әскерилері бірлесіп өткізетін екінші оқу-жаттығу. Сарапшылардың айтуынша, Ереван үйлеспейтін екі әскери альянсты - НАТО мен ҰҚШҰ-ны біріктіруге тырысады.
Армения министрлер кабинетінің басшысы Никол Пашинян өз мемлекетінің ҰҚШҰ-дан шығуына рұқсат бергенде, Песков Ресей Федерациясы Армениямен жұмысты жалғастыра беретінін және серіктестік пен одақтастық қатынастарды жалғастыруға үміттенетінін атап өтті.
ОҢТҮСТІК ҚАПҚАЗДЫ БАТЫС АРБАУДА: РЕСЕЙ САЯСИ ЭЛИТАСЫ НЕ ДЕЙДІ?
Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова: «ЕО-ның Арменияға €10 млн бөлу жоспары геосаяси есеп болып табылады. Еуроодақ (ЕО) Арменияның қарулы күштеріне өз ықпалын аймаққа тарату мақсатында 10 млн еуроға жуық қаржы бөлгісі келеді. Оңтүстік Қапқазға қару-жарақты үйіп-төгуден ештеңе шықпайды», - деді.
«ЕО-ның геосаяси есептеулері осы өңірге, яғни Закавказьеге өзінің деструктивті ықпалын таратуы керек. Мұны Украинаның мысалынан көруге болады. Еуропалық бейбітшілік қоры - бұл бейбітшілік туралы емес, тұрақтылық туралы емес, бұл қауіпсіздік туралы емес, бұл соғыс туралы, елдерді арандату туралы, бұл қантөгіс туралы қор», - деді Захарова зәрін төге.
ЛАВРОВТЫҢ ЛЕПІРМЕСІ: АРМЕНИЯНЫ АРАНДАТЫП ОТЫРҒАН – АҚШ...
Ал Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров: «Батыс Арменияны Ресейден айыруға тырысып жатыр», - де пайғайға басқалы да біраз болды.
Енді Лавровтың Ресей-Арменияның суынып бара жатқан қарым-қатнасына байланысты не дегенін бір тізбектеп кетейік.
Бір жолы Лавров: «Ресей бұрынғысынша Арменияны өзінің одақтасы деп санайды», - деп мәлімдеді.
Сосын: «Біз тек заң тұрғысынан ғана одақтас емеспіз. Меніңше, Ереванда Арменияның қауіпсіздігі мен экономикалық дамуы үшін Ресейдің маңызын түсінетіндер бар», - деп сөйледі.
Тағы бірде: «Америка Құрама Штаттары мен оның одақтастары Арменияны Ресейден жедел қарқынмен аластатуға тырысып, өздерін тым «ұятсыз және әдепсіз» ұстауда», - деп айтты.
Лавров Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕАЭО) аясында Ереван пропорционалды өлшемде ең көп пайда көріп отырғанын еске салып: «Армян экономикасының 35 пайызы қоғамдастыққа қатысу есебінен жүзеге асырылады. Бұл ел көлемі бойынша аз үлес қосақанымен, бірақ шешім қабылдауда барлығымен тең құқыққа ие», - деп сөйлеген.
Бұған дейін Лавровтың: «Оңтүстік Қапқаз ісіне аймақтан тыс күштердің жауапсыз және деструктивті араласуы, сондай-ақ олардың өңір елдері мен олардың көршілері арасында сынаны қағуға ұмтылуы өңірдегі тұрақтылық, қауіпсіздік және экономикалық даму үшін ең теріс салдарға, оның ішінде жаңа бөлу желілерінің пайда болуына, сондай-ақ шиеленістің бақылаусыз өсуіне әкеп соқтырады», - деп сөйлегені тағы бар.
«Әрине, Батыс Арменияны Оңтүстік Қапқаздағы аса қауіпті ойларын жүзеге асыру құралына айналдырғысы келеді», - деді әлгінде Лавров.
Осылайша, Крелмьдің түрлі лауазымдағы шенділері Батыспен интеграциялану жолын таңдаған Ереванның ісіне бұлқан-талқан болуда.
Mezgil.kz