Ресей президенті Владимир Путин жаңа жарлыққа қол қойды. Бұл жарлық Ресей әскерімен келісімшартқа отырғандарды ақшалай ынталандыруға бағытталған. Яғни, соғысқа адам жұмылдыруды көздейді.
(Коллаж: Mezgil.kz)
Ресей президентінің жарлығы бойынша енді Украинаға қарсы соғысқа қатысу үшін Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасағандарға бір кезек 400 мың рубльден төленетін болды. Бұл ақша бәріне бірдей берілмейді. Тек, 1-31 тамыз аралығында келісімшарт жасасқандарға ғана беріледі.
Бұл жарлық әскерге шақырылғандарға немесе Ресей Федерациясының өзге де азаматтары мен шетелдіктерге қатысты қолданылмақ. Егер олар бір жыл немесе одан да ұзақ мерзімге келісімшарт жасаса және Украина аумағында, соның ішінде басып алынған аумақтарда (Қырымнан басқа) әскери міндеттер орындаса төленеді.
2022 жылдың қарашасынан бастап соғысқа қатысу үшін келісімшарт жасағандарға 195 мың рубльден төлентін.
МАЙДАНДАҒЫ РЕСЕЙ ӘСКЕРІ ҚАНША?
Ресей президенті Владимир Путиннің ақпаратынша, қазір майдан даласында 600 мыңнан астам ресейлік әскери қызметші бар. Олар: келісімшарт жасаушылар, жұмылдырылған азаматтар және еріктілер.
РЕСЕЙ ЖЕҢЕ МЕ, ЖЕҢІЛЕ МЕ?
«Financial Times» журналистері жуырда осы сұраққа жауап іздеп, Ресейдің соғысты жалғастыру һәм жеңу-жеңілу мүмкіндіктерін сараптапты. «FT» төрт негізгі саланы басшылыққа алып, сарап қылған. Олар: ұрыс алаңындағы адам күшінің саны, оқ-дәрі қоры, экономикалық ресурс және Ресейдің азаматтық халқы тарапынан қолдау.
РЕСЕЙДІҢ ҚАРУ-ЖАРАҒЫ, АДАМ РЕСУРСЫ МЕН ТЕХНИКАСЫ ҚАНША?
«Financial Times» мәліметтері бойынша, тіпті ресейлік қорғаныс кәсіпорындары соғыс жағдайында тәулік бойы жұмыс істейтінін ескерсек те, майдандағы орасан зор шығындардың орнын толтыру өте қиын.
Майдандағы жағдай да көп нәрсені талап етпейді, себебі 300 мың жұмылдырылған резервшілерді ескерсек те, Ресей армиясындағы әскери қызметшілер жаңа аумақтарды басып алу үшін жеткіліксіз. АҚШ Сыртқы саясатты зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Роб Ли Ресейдің адам ресурсы жауынгерлік іс-қимылдарды қолдауға және басып алынған аумақтарды ұстап тұруға ғана жетеді деп есептейді.
Ал Ресей Қорғаныс министрінің айтуынша, Ресейдің жұмылдыру ресурсы - әскери тәжірибесі бар 25 млн адам. Алайда «FT» сауалнамасына қатысқан сарапшылар бұл сан шындықтан алыс деп санайды.
Сарапшылардың пікірінше, соғысқа дейін Ресей армиясында 740-780 мың адам болған. Бұл ретте жауынгерлік әзірлікте 168 мың ғана әскери қызметші болды. Тағы 100 мың адам резервте қызмет етті. Қалғандарының барлығы көмекші персоналдар болды.
АҚШ ресми тұлғаларының бағалауынша, Ресейлідің әуе-десанттық әскерінің 50%-ға жуығы жауынгерлік іс-қимылдарға қатыса алмады. Адам күшінің жетіспеушілігін көрген украин армиясы қарсы шабуыл дайындауды бастады.
«CNA» аналитикалық орталығындағы Ресейді зерттеу бағдарламасының директоры Майкл Коман әскерге шақырылған резервшілердің жартысы әлі де оқуда және әзірге жауынгерлік іс-қимылдарға қатыса алмайды деп есептейді.
Қазір ресейліктер арасында 30 миллионға жуық ер адам бар, бірақ олардың тек 9-10 миллионының ғана әскери тәжірибесі бар. Алайда бұл санға қызметке жарамсыз адамдар да кіреді. Бұдан басқа, Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты Ресейден 500 мыңға жуық ресейлік кетті, олардың көпшілігі - жауынгерлік қабілетті жастағы ерлер. Осылайша, жұмылдырудың жаңа толқыны кезінде жауынгерлік іс-қимылдарға бірнеше миллион адамды ғана тартуға болады. Бірақ мұндай жағдайда да ресейлік армияның осы адамдарды оқытуға, қаруландыруға және орналастыруға ресурстары жеткіліксіз болуы мүмкін.
Сарапшының пікірінше, жұмылдырудың жаңа толқыны дүрлікпе тудырады және елде әлі де қалып отырған жауынгерлік қабілетті халық жаппай көшіп кете бастайды.
Осы деректердің барлығын талдап шығып, «FT» журналистері Ресейдің Украинадағы батыл шабуылдарды жүргізуге ресурсы жоқ деген қорытындыға келді. Алайда Кремльдің күш-қуаты қазіргі позицияларды ұстап, әскери іс-қимылдарды тағы да біраз уақыт жалғастыруға жетеді.
Mezgil.kz