Кеше француздың «Libération» гәзетінде Украина президенті Владимир Зеленскийдің кезекті сұхбаты жарияланды. Онда президент Зеленский болжалды келіссөздер мен майдандағы ахуал жайлы сөз еткен.
(Сурет: rbc.ua)
Сонымен, президент Зеленский не дейді?
«Украинаның аумақтық тұтастығына қатысты кез келген мәселені халықтың қатысуынсыз бір президент шеше алмайды! Референдум? Халық мұны қалауы керек! Бірақ бұл ең жақсы нұсқа емес!», - дейді Украина Президенті.
Онан әрі:
▪ ️ Украинаның соғыстың аяқталуына қатысты жоспары туралы: «Біз әлемнің бірінші бейбітшілік саммитінде ұсынылған формулаға негізделген жоспар әзірлейміз. Мен барлық құжаттардың қараша айының соңына дейін дайын болуын және оған Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығы енгізілуін сұрадым», - деді.
▪ ️ Әлемнің екінші бейбітшілік саммитіне Ресейдің қатыстырылуы туралы: «Менің ойымша, көптеген елдер сияқты, екінші саммитте Ресей өкілдері болуы тиіс. Егер барлығы оларды келіссөздер үстелінде көргісі келсе, онда біз қарсы бола алмаймыз. Саммитте бас қосу - 1991 жылдың шекарасын дәл сол сәтте өзімізге қайтарамыз дегенді білдірмейді. Бірақ мен Украина үшін әділ бейбітшілік біздің аумақтық тұтастығымызды қалпына келтіруде деп санаймын», - деді.
▪ ️ Украина өз аумағын қандай жолмен қайтара алатыны туралы: «Менің ойымша, біз барлық аумақты күшпен және қарумен босатпауымыз керек. Себебі бұлай болса біз көп уақыт пен адам өмірін құрбан етеміз. Сондықтан біз өз аумағымызды дипломатия арқылы қайтара аламыз деп ойлаймын», - деді.
▪ ️ Украина өз аумақтарының бір бөлігінен бас тартып, осы тақырыпта референдум өткізе ала ма?: «Украинаның аумақтық тұтастығына қатысты кез келген мәселені бір президент, бір адам, украин халқының қатысуынсыз шеше алмайды. Бұл мүмкін емес... Украина ешқашан өз аумағынан бас тартпайды, өйткені бұл Конституцияны бұзу болар еді. Референдум? Украин халқы мұны қалауы керек. Мен сізге ашығын айтайын: бұл ең жақсы нұсқа емес, өйткені біз Путинмен жұмыс істейміз, егер ол біздің аумағымыздың бір бөлігін өзіне қайтарса, ол үшін жеңіс болады. Тіпті кейінірек, егер жанжал тоқтатылса, ол қайтып оралуы мүмкін», - деді.
▪ ️ Қытай соғысты тоқтату үшін Ресейге ықпал ете ала ма?: «Егер Қытай қаласа, ол Ресейді бұл соғысты тоқтатуға мәжбүрлеуі мүмкін. Қытай - ықпалы бар ел. Мен олардың делдалдық жұмыспен айналыспай, АҚШ пен ЕО сияқты Ресейге қысым көрсетуін қалаймын. Елдің ықпалы көп болған сайын, ол Ресейге соғұрлым қысым көрсетуге тиіс», - деді.
▪ ️ Ресей аумағына Батыс қаруымен соққы беру туралы: «Ресей қарулы күштері біздің шекарамыздан 50 шақырым жерде орналасқан және біздің оларға оқ атуға құқығымыз жоқ екенін біледі. Біз үшін бұл бас ауруы. Бірақ біздің таңдауымыз жоқ, себебі егер біз Ресей территорияларына қарсы серіктестеріміз ұсынған қаруды пайдалансақ, соңғылары бізге болашақта көмек беруден бас тартуы мүмкін», - деді.
▪ ️ АҚШ-тағы президенттік сайлаудан кейін Вашингтонның Украинаға қандай қолдауы туралы: «Азаматтық қоғам американдық қоғамның ең маңызды институты болып табылады деп есептеймін. Бұл демократиялық және елеулі ел... Меніңше, біз Украинаның Конгресстегі қолдауын сақтап қаламыз, себебі олар [заң шығарушылар] халық өкілдері. Президент пен оның командасына келетін болсақ, оны көре жатамыз», - деді.
▪ ️ Камала Харрис туралы: «Ол жеңіске жеткен жағдайда Украинаға көмек, бейбітшілік формуласы мен соғыстың аяқталуына қатысты оның ұстанымын түсіну қажет», - деді.
▪ ️ Дональд Трамп туралы: «Мен оның командасымен алты рет сөйлестім. Мен мұны [Украина бойынша ұстанымды] естігім келді. Қайталап айтайын, бүгін біз диалогтың не туралы болатынын білмейміз», - деді.
Келіссөздерге қатысты бүгін Ресей Федералдық кеңесінің спикері Валентина Матвиенко де пікір білдіріп: «Біз Украинадан алынған жаңа жерлерді, Донецкі, Луганскі, Запорож бен Херсонды қайтармаймыз. Себебі бұл Конституцияны бұзу болып табылады. Өйткені, ол жаңа жерлер Ресей Конституциясына енген», - деді.
Mezgil.kz