Бүгін Иран астанасы Тегеранда ХАМАС саяси бюросының жетекшісі Исмаил Ханияны жерлеу рәсімі өтті. Оған ондаған мың адам қатысты.
(Коллаж: Mezgil.kz)
Иран Президентінің инауругациясына барған Исмаил Ханияны Израиль дәл зымыран соққысы арқылы Терегарндағы штаб-пәтерде өлтірген еді. Бұл туралы егжей-тегжейлі жаздық.
ИЗРАИЛЬ ХАМАС-ТЫҢ ЕКІНШІ КӨШБАСШЫСЫН ӨЛТІРДІ
Ал бүгін Израиль ХАМАС-тың екінші көшбасшысының көзін жойғанын хабарлады. Израиль Қорғаныс армиясы Газа секторында ХАМАС әскери қанатының қолбасшысы Мұхаммед ад-Дейфтің өлтірілгені туралы хабарлады.
Израиль бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бейсенбі, 1 тамызда барлау мәліметтерін ұзақ тексеріп, зерделегеннен кейін Израиль Қорғаныс Армиясы 13 шілдеде Газадағы Әл-Мауаси ауданындағы нысана бойынша авиаудараның нәтижесінде «Иззаддин әл-Қасам бригадаларының» (ХАМАС әскери қанаты) жетекшісі Мұхаммед ад-Дейфтің көзі жойылғанын хабарлады.
«Мұхаммед ад-Дейф ХАМАС жауынгерлік қанатының қолбасшысы және Газа секторындағы ХАМАС лаңкестік ұйымының басшылығындағы екінші адам болды. Ол 7 қазанда Израильдің оңтүстігінде 1200 адам қаза тауып, 251 адам барымтаға алынған қылмысқа тікелей жауапты болды», - делінген хабарламада.
Ад-Дейфтің өлген болуы мүмкін деген мәліметтер соңғы апталарда БАҚ-та бірнеше рет жарияланды. Бірақ бүгінгі күнге дейін ЦАХАЛ бұл жөнінде ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Израиль әскері «Хан-Жүніс» бригадасының командирі ад-Дейф пен Раф Салама жасырынған кешенге әуеден шабуыл жасаған. Олар аумақтағы басқа содырлармен бірге жойылды.
31 шілдеге қараған түні Тегеранда ХАМАС-тың саяси көшбасшысы Исмаил Хания зымыранның тікелей атылуы салдарынан қаза тапты. Палестиналық топ пен Иран Хания қазасы үшін Израильді айыптайды.
(Коллаж: Mezgil.kz)
КЕКТІҢ ҚЫЗЫЛ ЖАЛАУЫ: ҚАНҒА-ҚАН, ЖАНҒА-ЖАН!
Ал Иранның Жоғарғы көсемі Аятолла Әли Хаменей елдің Қауіпсіздік кеңесін шұғыл жинап, Израильге жауап соққы жасауға бұйрық берді. Осыдан соң Иран Жамкарандағы мешіттің күмбезіне кектің қызыл жалауын көтерді! Осыған дейін кектің қызыл жалауы генерал Қасым Сүлейманидің қазасынан кейін көтерілген еді. Қызыл жалау шиіттік дәстүр бойынша қанға-қан дегенді білдіреді.
«The New York Times»: «Иран дрондар мен зымырандарды қолданып, Израильдің Тель-Авиві мен Хайфасына соққы жасауды ойластыруда. Соққыны әскери нысандарға жасайтын болады, ал азаматтық нысандарға қауіп төндірмеуге тырыспақ. Иран басқа аймақтағы (Ирак, Сирия, Ливан, Йемен) проксилерін де қолданып, бір реттік шабуыл жасауға жұмылдыруы мүмкін», - деп жазды.
Ал «CNN»: «Израильдің арнайы жасағы ХАМАС-тың бас қолбасшысы Яхья Синвардың көзін жоюды жоспарлауда. Болжамды түрде Израиль мен ХАМАС арасында келісім жасалмаса, Синвардың көзін жою іске аспақ. Қазіргі сәтте Синвар Хан-Жүніс қаласындағы жерасты туннельдерінің бірінде жасырынып отыруы мүмкін. ЦАХАЛ Синварды Рафах қаласынан іздеп, таба алмаған еді», - деп жазады.
Mezgil.kz