Украина армиясы Ресейдің Курск облысындағы бақылау аймағын кеңейтуде. «Украина әрі қарай не істемек» және «Курскі облысындағы шайқастар қалай өрбуде» деген қос сауал қазір әлемдік БАҚ-та қызу талқыланып жатқаны жасырын емес. Бізде өз тарапымыздан оқырмандарымызды Курскі шайқастары туралы ақпараттармен таныс етуді мақсұт тұттық.
КУРСКІДЕ НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?
Украин әскерлері Курск облысының аумағына бекіне бастады. Ал жекелеген учаскелерде өздері бақылауға алған аймақтың ауқымын кеңейте түсті. Украина Реаейдің ішкі аумағына тереңдеп еніп, қол жеткізген плацдармнан барлау рейдтерін жүргізе бастады.
Қазіргі уақытта олар Суджа аудан орталығының басым бөлігін және Суджа өзеннің батысын өз қолдарында ұстап тұр. Ал Ресей әскері биіктіктерді және шығыс жағалауды позициялағанымен, қиын жағдайда қалып отыр. Өйткені Украина әскері оларды екі жағынан да айналып өте алатын позицияда тұр.
АҚПАРАТ КӨП. ҚАЙСЫСЫ ШЫН, ҚАЙСЫСЫ ӨТІРІК?
Ұрыс аймағынан көптеген хабарламалар келіп түскенімен, олардың көпшілігі тексерілмеген хабарлар. Сондықтан орын алып жатқан оқиғаның рас өтірігі көп жағдайда түсініксіз болып қалуда. Оның үстіне шайқас шебіндегі жағдайлар жылдам өзгеріп жатқанын ескеруге тиіспіз. Дәл қазір Курск облысында біртұтас майдан шебінің (сызығының) болмауына байланысты аумақтың орасан бөлігі қақтығысушы екі тарапының да бақылауында деп нақты айта алмаймыз. Бірақ, қанқасап шайқастар тоқтаусыз жалғасуда.
Бейсенбі Украина әскері Суджа ауданынан солтүстік-батысқа қарай 30 шақырымдағы, Украина-Ресей шекарасынан 20 шақырымдағы Кореневті басып алуға әрекеттенді. Ресей әскері тойтарыс беріп, Украина әскері шегінде. Десе де, Украина әскері бұл нүктеден алысқа ұзаған жоқ. Шегініп барып, қайта топталған. Украина әскері Кореневті қайта шабуылдауы мүмкін деген сценариді ешкім де жоққа шығара алмайды.
КОНСЕРВАТИВТІ БАҒАЛАУ
Американдық соғысты зерттеу институты (ISW) – соғысушы тараптардың жағдайын геолокацияның 100 пайыз расталған деректері негізінде белгілей отырып, ұрыс нәтижелеріне оңды һәм ойға қонымды баға береді.
ISW мәліметтері бойынша, Курск облысында украин әскерлерінің ілгерілеуі кем дегенде 10 шақырымды құрап, украиналық бронетехника Суджа-Коренево трассасы бойындағы позицияны басып алған.
«Курск облысындағы шабуылдаушы украиналық бөлімдердің расталған орны олардың кем дегенде екі ресейлік қорғаныс желісін бұзып өтіп, тірек пунктін иеленгенін көрсетеді», - деп жазады ISW.
Ресей бұл екі күшейтілген қорғаныс желісінің құрылысын 2022 жылы аяқтап, Курскі губернаторы президент Путинге сүйіншілеп хабарлаған еді. Міне, Украина әскері Курскіге шабуыл кезінде осы күшейтілген екі бірдей қорғаныс желісін бұзып-жарып өткен.
УКРАИНА КУРСКІГЕ ҚАНША ӘСКЕРМЕН ШАБУЫЛДАДЫ?
Украина Қарулы күштері мен әскери басшылығы тарапынан Курскіге шабуыл жайла егжей-тегжейлі баяндалған жоқ. Бірлі-жарым саясаткерлер мен сарапшылар пікір білдірумен шектелуде.
РЕСЕЙ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ?
Ал Ресей Қорғаныс министрлігі осы үш күннің ішінде Украина әскерлері туралы деректерін сан рет өзгертті.
Әуелде РФ Қорғаныс министрлігі: «Курск облысына Укриана аумағынан 300-ге жуық әскери қызметші кірген», - деп мәлімдеген. Ол кезде Украинаға тиесілі деген әскери техникалардың саны 50-ге жетпейтін.
Ал кеше РФ Қорғаныс министрлігі: «Курск бағытындағы ұрыс қимылдары басталғалы 660 әскери қызметші қаза тауып, 82 бронетехника, оның ішінде 8 танк, 12 бронетранспортер, жаяу әскерлердің 6 жауынгерлік машинасы, 55 жауынгерлік броньды машина мен инженерлік қоршау машинасы жойылды», - деп мәлімдеді. Бұл Ресей тарапы айтқан деректер. Сондықтан, бұл да 100 пайыз рас ақпарат дегенді білдірмейді.
РФ ҚК Бас штабының басшысы В.Герасимов президент Путинге берген баяндамасында: «Курскіге шабуылдаған Украина әскери бөлімшелеріндегі адам саны 1000-ға дейін барады», - деп мәлімдеді.
Ресейлік әскери телеграм-арналар: «Украина қолбасшылығы Курск облысындағы операцияға көмекші қосындарды есептемегенде, ең кем дегенде 5 бригада мен тағы бірнеше жауынгерлік батальонның жеке құрамын қатыстыруда», - деп шулап жатыр.
Тағы бір деректерде, Курскіде сойқан салып жатқан Украина әскерінің саны: 8 бригада, 2 десанттық-шабуылдаушы қосын және 2 механикаландырылған қосын, сондай-ақ, «іс-шараларға шектеулі түрде қатысатын» тағы 4 бригада деген ақпарат тарауда.
УКРАИНАНЫҢ КУРСКІДЕГІ СОЙҚАНЫ: БАСЫП АЛҒАН АУМАҚТАР САНЫ ҚАНША?
Ресейлік телеграм-арналар: «Суджа іс жүзінде Украина Қарулы Күштерінің толық бақылауында. Украина ол жаққа қосымша күштер жіберіп отыр. Ресейлік әскер тек қана қаланың шығысындағы айналма жолды бақылауда. Ал Мирный елдімекеніне украиналық құрылымдар басып кіріп, орнығып үлгерді», - деп жазады.
Жоғарыдағы ақпаратты басшылыққа алып, аталған аумақтың географиясына көз жүгіртсек, Ресей үшін Мирныйдан айырылу – аудан орталығы мен оның төңірегінің толық қоршауда қалғанын білдіреді және солтүстік-шығысқа кететін жалғыз жол - Курск тас жолы болып қалады.
Қазірге дейін Украина әскері Суджа ауданындағы Богдановка, Княжий, 1-ші Княжий және 2-ші Княжий, Казачьей Локни ауылдарына тұрақтаған. Сол арқылы Мартыновка бағытындағы РФ Қарулы Күштерінің алдыңғы қатарлы топтарын қоршауға тырысып, шабуыл жасауға кірісе бастаған.
Тағы басқа деректерде: Украина әскері Льгов қалашығына жол ашып, Кіші Локниді басып алғанын, Снагость селосына шабуыл жасап, Суджадан солтүстікке қарай Анастасьевка селосы маңындағы, Курск АЭС-інен 35 км және облыс орталығынан 65 км қашықтықта қиян-кескі ұрыстар жасап жатқаны айтылады.
ЛИПЕЦККЕ СОҚҚЫ: ӨРТЕНГЕН ӘУЕЖАЙ
Ресейдің Липецк қаласының маңындағы әскери әуежайға соққы жасалды. Әуежай маңындағы 4 елді-мекен тұрғындарын эвакуациялауда. Әуежайда жарылыстар мен өрт жалғасуда.
РЕСЕЙ ЕЛЕУСІЗ ҚАЛДЫРҒАН ТҰСҚА ЖОЙҚЫН СОҚҚЫ ЖАСАЛДЫ
Сарапшылардың пікірінше, Ресей әскери басшылығы Курскі бағытын елеусіз қалдырған. Тіпті, оны екінші дәрежелі бағыт санап, қалдық ақшамен қаржыландыру саясатын ұстанған. Барлық ресурстар Украина жеріндегі ұрыс позицияларына, шекараның сол жағында соғысушы топтарға жұмсалып, ақыр аяғында сол немқұрайлылықты Украина дөп басқан. Курскіде әскерді қарулау өте төмен деңгейде жүргізілген. Техника, байланыс жүйелері, шекараны жабу жолақтары әбден ескірген.
УКРАИНАҒА РЕСЕЙ АУМАҒЫНДАҒЫ ОПЕРАЦИЯ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?
Курск облысындағы Қарулы Күштер операциясы табысты басталғанымен майданның басқа учаскелеріндегі украин әскерлерінің жағдайы күрделі жағдайда екені де жасырын емес. Қазір Украина жеріндегі ең қиянкескі шайқастар Покровскі, Торецкі, Часов Яр аудандарында. Десе де, Украина әскери қолбасшылығының жауынгерлік қабілетті резервтерді жоғарыдағы майдан даласына емес, арқасын кеңге салып отырған Ресейдің Курск облысына жіберу туралы шешімі өзін ақтай ала ма? Оны уақыт көрсетер.
АҢЫРАҒАН АДАМ, ҚАҢЫРАҒАН ҮЙЛЕР: СОҒЫС ҚАЛАЙ РЕСЕЙ ЖЕРІНЕ АУЫСТЫ?
Бірақ қазірдің өзінде Ресей тарапынан жіберілген ең басты әттеген-ай – ұрыс қимылдарының өз территориясына ауысуы. Ресей алғаш рет жер аумағын, онда орналасқан жылжымайтын мүліктерін жоғалтты. Қаза тапқандар, жараланғандар, тұтқындар саны артты. Ел ішінде босқындар пробемасы дүрбелең тудырып, азаматтық қоғам арасында соғысқа қарсы көңіл-күй күшейді. Біртұтас саналынған инфрақұрылымның бейберекеті шығып, қалыптасқан логистика бұзылды. Әлеуметтік желілерде аңырап, азынап: «Путин көмектес», - деп жылаған қатын-қалаштың үні мен «Билік бізді отқа салды» деген ашынған дауыстар қатар естіліп жатыр. Осының барлығы дерлік Ресей билігіне, оның жаһандық кеңістіктегі бет-беделіне ауыр соққы болды!
Енді осыдан соң, Путин ашқан соғысты қос қолдап қолдағандардың патриоттық райы да, шырайы да басқа бағытқа ауа бастайды. Бұл анық!
УКРАИНА ШАБУЫЛЫНЫҢ ЕКІ МАҚСАТЫ
Ресей Курскіні қорғауға тым нашар дайындалғанын жоғарыда айттық. Бұл Ресейдің патша заманынан бері келе жатқан тарихи қамсыздығы. Қорғанысқа сарбаздар жетіспейтіні көзге ұрып тұрса да, РФ армиясының «солтүстік» тобының негізгі күштері Волчанск және Липцы қалаларына шабуыл жасауға жіберілген.
Украинаның күтпеген жерден Курскіге соққы жасауы - Ресей қолбасшылығын Курск АЭС-і орналасқан Курск облысын құтқару үшін өзге стратегиялық нысандардан, басқа да басым бағыттардан әскершығаруға мәжбүрлеу.
Бұдан бөлек, Киевтің алда болуы мүмкін Украина-Ресей арасындағы болжалды келіссөздер кезінде өз айтқанын орындатын позицияларын күшейту үшін де Курскі шабуылы жасалғаны анық.
Mezgil.kz