Тұтқындағы Қадыров сарбаздары: Жасақ жайлы қандай деректер бар?

Украинаның «Хочу жить» жобасы қолға түскен ресейлік сарбаздардың видеосын жариялады. Ақпаратта ресейлік сарбаздар Курск облысында тұтқынға түскені айтылған. Тұтқындағы сарбаздардың үшеуі «Ахмат» жасағынан екенін айтты, олар өздерін Грозный қаласының тумасы ретінде таныстырған.


Кадыров опубликовал новое видео с чеченскими военными на Украине — РБК

 

«Хочу жить» жобасы жариялаған роликке қатысты былай дейді: «Рамзан Қадыров «Ахмат» сарбаздары тұтқынға берілмейтінін айтқан болатын. Әдетте расымен де солай. Себебі олар көбіне ұрыс аймағынан алыстау шепке бекінеді. Алайда Курск облысындағы оқиғалар қарқынды негізде өрбуде. Ал "Ахматтың" сарбаздары тіпті қарсылық білдірмей, тұтқынға түскен».

 

«Ахмат» жасағының қолбасшысы Апти Алаудинов Украина әскері Курскке басып кіргеннен кейін, бірнеше видео үндеу жариялады. Ол Курск шекарасында «Ахмат» сарбаздары болғанын айтты, ал украин сарбаздары қадыровшылар тұрған аймақты айналып өтті дегенді меңзеді. Алайда оның сөзін ресейлік әскери сарапшылар сынға алып, күмән келтіруде.

 

2006 жылы Рамзан Қадыров «Оңтүстік» және «Солтүстік» батальондарын құрды. Әр батальонда кемі 3 күзет ротасы мен 1 барлау ротасы жасақталды. Жалпы екі батальонның құрамы 1200 сарбазды құрады, ал оған кіретіндер келісімшарт арқылы жасаққа мүше болып отырды.

 

2010 жылы «Солтүстік» батальоны Ахмат-Қажы атындағы полк атауына ие болып, өзгеріске ұшырады. Құрамы 700 сарбаздан жасақталып, Грозныйда бас штабы жайғасты. Ал «Оңтүстік» батальоны 2011 жылы заманауи қару-жарақпен қамтамасыз етілді.

 

Қадыров жасақтарының саны нақты белгісіз. Ашық дереккөздерде саны 5 мыңнан басталып 25 мыңға дейін деп көрсетіледі. Алайда нақты саны құпия. Украина соғысы басталған сәтте қадыровшылар жаңа қару түрлерін алуға мүмкіндік алды. Жеңіл атыс қарумен қаруланған жасақта ендігі таңда бронды техникалар саны көбейген.

 

Қадыров жасақтары соғыстың бастапқы кезеңінде ауыр шайқастарға түсті. Гостомель әуежайы үшін шайқас, Ирпень қаласындағы екі апталық ұрыстар, Мариуполь бойындағы майданда айтарлықтай шығынға ұшырады. Сарапшылар тұтқынға түскен қадыровшылардың жоғары бағаланатынын айтты. Бейресми деректер бойынша "Ахмат" жасағының бір сарбазына 10 украин сарбазын алмастыру тәжірибелері кездескен. 


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар