АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм ҚазТАГ агенттігіне сұхбат беріп, Қазақстан мен АҚШ арасындағы интеграциялар жайына тоқталыпты. Біз аталған әңгіменің ішінен әскери саладағы әріптестік мүмкіндіктері туралы тоқталған тұсына шолу жасағанды жөн санадық.
(Коллаж: Mezgil.kz)
Ақ үйдің иесі республикашы президент болса, АҚШ-тың Қазақстанға қатысты саясаты өзгере ме? АҚШ ресейлік саясаткерлердің Қазақстан-Америка қарым-қатынастарына деген ызалы реакциясы туралы не ойлайды? Сұхбатта осы сынды басқа да сұрақтарға жауап берілген. Осының ішінде АҚШ-тың Қазақстанмен әскери ынтымақтастығы төңірегінде біраз нәрсе ауызға алынды.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ МЕН АУМАҚТЫҚ ТҰТАСТЫҒЫН ҚОЛДАЙМЫЗ!
Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Кеңестен қалған ядролық арсеналынан бас тартты. Әйгілі «Будапешт келісімі» жасалып, АҚШ пен Ресей бастаған бес мемлекет Қазақстанның қауіпсіздігіне, территориялық тұтастығының сақталуына кепілдік берді. Алайда, «Будапешт келісімінің» іс жүзінде орындалмауын күллі әлем жұрты, соның ішінде біз қазақтар Украина мысалынан көріп отырмыз. Себебі, 1994 жылы ядролық арсеналынан бас тартып, «қауіпсіздік кепіліне» ие болғаның бірі – Украина еді. Сол қауіпсіздік кепілдігін берген Ресей Украина жеріне соғыс ашып, қалаларында қанқасап жасап жатқанына 900 күннен асып жығылды.
Солтүстіктегі түрлі саясаткерлер тарапынан Қазақстанның территориялық тұтастығына көз алартушылық фактілері соңғы бес жылдықта жиілегені және факт. Бұрындары астарлап айтылатын имперлік пиғылдар қазір ашық және қоқан-лоқы формасына ауысқаны да жасырын емес.
«АҚШ пен Франция Қазақстанға қауіпсіздік кепілдігін берді. Қазақстанға қауіп төнген жағдайда АҚШ бұл кепілдіктердің орындалуына қалай қарайды», - деген сауалға АҚШ елшісі бүйдеп жауап беріпті:
«Қазақстанның қауіпсіздігі - бұл біздің екіжақты қарым-қатынастарымыздың, 30 жыл бойы біздің екіжақты күн тәртібіміздің басты бөлігі. Біз әрдайым Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауды қалаймыз және белсенді қолдаймыз деп мәлімдейміз. Осыны үнемі айтып келеміз. Қазақстанның қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік беретін бірқатар іс-шаралар мен бағдарламалар бар. Және Қазақстан жағы да осы өзара іс-қимылдар, осы бағдарламалар өздері үшін өте құнды және пайдалы екенін мойындайды», - дейді.
АҚШ ЕЛШІСІ: ӘСКЕРИ САЛАДА ӘРІПТЕСТІКТІ КҮШЕЙТУГЕ МҮДДЕЛІМІЗ!
Әрі қарай елші Розенблюм Қазақстан мен АҚШ-тың арасындағы әскери ынтымақтастық туралы сөз етеді: «Қазақстан мен АҚШ әскери қызметшілерінің бірлескен оқу-жаттығуларын өткізіп келеді. Қазақстанның шекара қызметімен шекараны қорғау саласында бағдарламалар бар. Құқық қорғау қызметі саласында іс-шаралар бар, бұл трансұлттық қылмыспен күрес бойынша полициямен жұмыс жұмыс істеу т.б.
Соның ішінде жаппай қырып-жоятын қару ретінде пайдаланылуы мүмкін ядролық материалдар мен басқа да қауіпті материалдардан болатын қатерлердің таралуын тежеуге қатысты бағдарламалар да бар. Біз Қазақстанның осындай қауіп-қатерлерден қорғану қабілетін нығайту үшін бірлесіп жұмыс істейміз», - дейді.
ЕЛШІ РОЗЕНБЛЮМ: АҚШ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАРУ БЕРЕ АЛАДЫ!
Одан әрі журналист АҚШ әскерінің Ауған жерінен шығарылуына және НАТО қару-жарағының бір бөлігі Өзбекстанға берілуіне тоқталады. Қазақстанға НАТО қару-жарақтарын беру мәселесіне тоқталады. Елші Розенблюм НАТО қаруы Өзбекстанға берілмегенін баса айтқан елші Розенблюм бүйдейді: «АҚШ Қорғаныс министрлігінің көпжылдық бағдарламалары аясында Қазақстанға белгілі бір жабдық не грант ретінде, не сатып алуды рәсімдеу ретінде берілді немесе беріледі. Бұл ағымдағы үдеріс және біз Қазақстанның қандай да бір жабдыққа деген қажеттілігі тақырыбындағы диалогты жалғастырып, оны қамтамасыз ете аламыз ба деген мәселені шешетін боламыз», - дейді.
АҚШ: ҚАЗАҚСТАНҒА «НЕ БІЗДІ, НЕ РЕСЕЙДІ» ТАҢДА ДЕМЕЙМІЗ!
Онан әрі АҚШ елшісі Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастар тақырыбын сөз етіп: «Біз Қазақстанның өз көршілерімен жақсы қарым-қатынас орнату қажеттігін жақсы түсінеміз. Бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін тиімді сауда қатынастары, қатынастардың басқа да түрлері табиғи түрде жүргізіледі. Біз Қазақстанға ешқашан «не біз, не Ресей» деген таңдау қоймаймыз. Қазақстан көп векторлы саясат жүргізуде және біз өзімізді сондай векторлардың біріміз деп санаймыз», - дейді.
Mezgil.kz