Украина дрондары Мәскеудің мазасын алуда: Собянин соғысқа дайындала ма?

2,5 жылдан аса, 3 жылға таяу Ресей басқыншылығымен үздіксіз күресіп келе жатқан Украина тамыздың басынан бері Ресейдің Курскі облысына әскер кіргізгенін білесіздер. Курскі облысының шекаралық аудандарын (Суджа, Глушково) бағындырып, буферлік аумақ қалыптастыруда. Одан бөлек, Курскі қаласы мен Курскі АЭС-ін бетке алып, ұрыс жүргізуде.

1724235568977963.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

Әрине, бұл шабуылдар Ресейдің саяси һәм әскери басшылығының беделіне орасан зор соққы болды. Оның үстіне, Украина Ресей территориясына әскер кіргізеді деп про-кремльдік сарапшысымақтардың ешбірі күдіктенген де жоқ.

УКРАИНА МӘСКЕУ МЕН МӘСКЕУ ТҮБІНЕ ШАБУЫ ЖАСАДЫ

Шарасыздықтан шабуылға шыққан Украина мұнымен шектеліп қалмауда. Тамыздың 20-сынан 21-іне қараған түні Украинаның өзұшар соққылаушы дрондары Мәскеу мен Мәскеу облысының мазасын алды.

Ресей Қорғаныс министрлігі және Мәскеу мэрі (әкімі) айтқан деректерге сүйенсек, Украина Мәскеуге бір дегенде 10-нан аса ұшақ түріндегі соққылаушы дрондармен шабуыл ұйымдастырған. Мәскеу тізгіншісі Сергей Собянин: «Бұл соғыс басталғалы-бергі Украинаның Мәскеуге жасаған ең ауқымды дрон шабуылы болды», - деп пікір білдірді.

Украина сол түні Мәскеуге ғана емес, Ресейдің Брянскі, Белгород, Курскі, Калуга облыстары мен Тула қаласына да ұшқышсыз басқыралытан дрондармен шабуыл ұйымдастырған. Сонымен қатар, Ростов облысына зымыран соққысы жасалған.

Соққылаушы дрондар Мәскеу облысында орналасқан Подольскі қаласына дейін жеткен. Бұл қала Мәскеудің орталығынан 30 шақырым, Мәскеудің айналасындағы үлкен айналма жолдан 10 шақырым жерде ғана орналасқан.

Мәскеу басшылығы мен РФ Қорғаныс министрлігі: «Соққылаушы дрондарды әуеде қағып түсірдік. Зардап шеккендер мен зақымданған мүліктер жоқ», - деп мәлімдеді.

МӘСКЕУГЕ ШАБУЫЛ – КРЕМЛЬДІҢ ИМИДЖІНЕ ШАБУЫЛ

Енді осы «Мәскеуге шабуыл» Украинаға не береді, осыған дейін мәскеуге неше рет шабуыл жасалды деген сұрақтарға ықшамды түрде жауап бере кетейік...

Осы жолы мэр Собянин: «Бұл Украинаның Мәскеуге жасаған ең ауқымды шабуылы болды», - деп сөйледі. Дәл осы Сергей Собянин 13 тамызда ғана: «Мәскеу аспаны Ресейдің өзге өңірлерінен гөрі мықты қорғалған. Бір жыл ішінде Украинаның бірде-бір дроны Мәскеуге қарсы өз мақсатына жеткен жоқ», - деп мақтана сөйлеген еді.

Анығында, Украина Мәскеуге қарай бағыттап алғаш рет соққылаушы дрон ұшырып отырған жоқ. Бұған дейін де дәл осындай дрондар Украина аумағынан әуеге көтеріліп, Ресей аспанын армансыз шарлап, Мәскеу түбіне жетіп құлап жатқан еді.

Украина дрондары биыл мамырда Подольскі аспанын шарлаған. Шілдеде Мәскеуге 100 шақырым жердегі Ступино қаласына да жеткен.

Мәскеуге соңғы жаппай шабуыл Ресей президентінің сайлауы күні, 17 наурызда болды. Сол кезде Раменский, Домодедовский, Ступинский қалалық округтерінде Украинаның соққылаушы дрондары атып түсірілген.

УКРАИНА МӘСКЕУДІ НЕШЕ РЕТ ШАБУЫЛДАДЫ?

Одан әрісіне барсақ, тарихы төмендегідей болмақ:

2022 жылғы қыркүйекте сол кездегі Украина Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Валерий Залужный 2023 жылғы Украина армиясының перспективалары туралы мақала жариялап, ресейлік тылға шабуыл жасалғанын жария етті. Залужный сол кезде: «Мәселе Ресейдің біздің күш-қуатымыз жетпейді деген пиғылда. Олар екі араның алшақтығына сенеді. Сол үшін де өздерін жазасыз сезінеді. Біздің оны назардан тыс қалдыруға құқығымыз жоқ», - деген болатын.

Кейін 2023 жылдың ақпан айының соңында және сәуір айының соңында Мәскеу облысында украиналық «Airborne UJ-22» дрондардың сынықтары табылды, ал 3 мамырға қараған түні Кремльге ұшқышсыз басқарылатын дронмен шабуыл жасалды.

2023 жылдың 30 мамырында Мәскеуге тағы да ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасалды. Ол кезде Мәскеудегі бірнеше ғимарат бүлінген болатын.

Осындай шабуылдардың жаңа толқынын Украина әскері 21 тамызға қараған түнде жасады. Сарапшылардың пікірінше, бұндай шабуылдар майдандағы жағдайды өзгертуге ықпалсыз болғанымен, Ресейдің саяси һәм әскери басшылығының, Ресей Қорғаныс министрлігінің халықаралық және Ресей ішілік ақпараттық кеңістіктегі бет-беделіне әжептәуір соққы болады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар