Кеше Украина Сыртқы істер министрлігі дабыл қақты, ресми мәлімдеме жасады. «Беларусь билігі шекара маңына әскер топтастырып жатыр», - деп жаһан жұртын құлағдар етті.
(Коллаж: Mezgil.kz)
Украина СІМ-і ресми мәлімдемеде не деді? Қараңыз:
УКРАИНА ДАБЫЛ ҚАҚТЫ: НЕ ДЕЙДІ?
«Украинаның арнайы қызметі Беларусь әскері жаттығу деген желеумен Украина шекарасына әскери күшін топтастырғанын анықтады. Әскери техника, танктер, артиллерия, инженерлік көліктер және т.б. солтүстік шекарамызға жақын Гомель ауданына әкелуде. Сонымен бірге «вагнерліктердің» де бары анықталды.
Шекара сызығы маңындағы Чернобыль АЭС-іне жақын тұста үлкен әскерді топтастырып, жаттығу өткізу Украинаның ұлттық қауіпсіздігі мен әлемнің қауіпсіздігіне қатер төндіруде.
(Сурет: Reuters)
Беларусь Республикасының шенеуніктерін Мәскеудің қысымымен өз елі үшін трагедияға ұласуы мүмкін қателікті жасамауға шақырамыз. Беларусь тарапын мемлекеттік шекарамызға жақын тұсқа әкелген әскерін әкетуге шақырып отырмыз.
Украина ешқашан беларусь халқына қарсы қандай да бір қастық әрекет жасаған емес, жасамайды да. Беларусь тарапынан біздің шекарамызды бұзып өту әрекеті тіркелсе, БҰҰ-ның қорғану құқығына сай біздің еліміз барлық қажетті шараны іске асыратынын ескертеміз.
Ондай сәтте Беларусьтағы барлық топтасқан әскери күштер мен нысандар, әскерді жабдықтау орталықтары мен қамтамасыз ету маршруттары Украина қарулы күштерінің заңды нысанасына айналады», - деді Украина.
Украина тарапы ұсынған мәліметтерден ұққанымыз, Беларусь билігі Украинамен шекаралас Гомель облысының аумағына әскери күштерді топтастырған. Соның ішінде: танктерді, артиллерияны, «РСЗО», ӘШҚҚ құралдарын және инженерлік техниканы қоса алғанда, Арнайы операциялар күштерін, қару-жарақ пен әскери техниканы шоғырландырған.
(Сурет: president.gov.by)
ЛУКАШЕНО НЕГЕ ӨЙТТІ?
Бұл дабыл 25 тамыз кеш бата қағылды. Ал 24 тамыз күні Украина Тәуелсіздік күнін атап өтті. 3 жылға таяу уақыт бойы Отанды, Тәуелсіз Украинаны, оынң халқы мен территориясын басқыншы Ресей әскерінен дамылсыз қорғап, жан аямай күресіп келе жатқан Украина халқын алғашқылардың бірі болып басқа-басқа емес, Беларусь басшысы Александр Лукашенко құттықтады деген ақпарат алты құрлықты шарлап кеткен еді. Шынымен солай болды да. Беларусь басшысы арнайы жеделхат жолдап, «ортақ тағдыр» һәм «Ресеймен келіссөздер» туралы сөз қозғаған еді.
Беларусь ақпараттары: 23 тамыздағы жағдай бойынша, елдің оңтүстік бағытында 1 мыңнан аса әскер шоғырланғанын, соңғы уақытта Гомель облысына бірнеше тікұшақ пен шабуылдаушы ұшақтар, сондай-ақ «БТР», танкілер мен «С-300ПС» ЗЗК бар бірқатар бөлімшелер жіберілгенін жазады.
Украина ақпараттары: Беларусь тарабы Украинамен шекара түбіне 20-дан астам әскери бригада жеткізгенін жазады. Кей деректерде, Беларусь өз армиясының 3/1 бөлігін Украина шекарасына әкелгені айтылады.
Бұған дейін Беларусь басшысы Александр Лукашенко Беларусь шекарасында Украина Қарулы Күштерінің «арандатушылығы» туралы жаһанға жар салғаныда мәлім. 18 тамызда Лукашенко Беларусь әскерінің үштен бір бөлігін Украина шекарасына қарай апару туралы бұйрық берген. Сол бұйрықтың орындалғаны туралы деректер 25 тамызда жарыққа шығып отыр.
(Сурет: Telegraf)
СОҒЫС: БІРІНШІ НЫСАН – МОЗЫРЬ МҰНАЙ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ
Әлемдік ақпарат беттерінде «Беларусь соғысқа араласа ма», «соғыс бола қалған жағдайда, майдан шебіндегі ахуал не болмақ» деген сұрақтар қызу талқылана бастады.
Лукашенко Украиамен шекараға 20 бригада әскерді жөнелткені белгілі. Сарапшылардың пікірінше, Украина дрондық қару-жарақпен жақсы жарақтанған және Украинада Белаурсь әскері орналасқан қашықтыққа соққы беруге қабілетті соққылаушы дрондар модельдердің үлкен тізімі бар. Оның үстіне Курск облысындағы ұрыстарға байланысты қазір Ресей мен Беларусь арасында пойыздар уақытша тоқтағаны да Украина пайдасына шешілер фактор болып тұр.
«Екі елдің арасындағы соғысқа әлекедей жаланып, кіріспес бұрын өз еліңді ойла» деген Киевтің ақылы Лукашенконы сабасына түсіре қояр ма? Әлде ол өз елінде орналасқан «Вагнер» ЖӘК-тің қалған-құтқан тамтығына сеніп, соғысқа кіріспек пе?
Бұл мәселеге қатысты сарапшылар пікірі екіұшты. Бір тобы: «Шекарадағы жағдайдың осылайша шиеленісуі әскери емес, ақпараттық және саяси мақсаттарды көздейді», - десе, екіншілері: «Беларусь әскерін Украина шекарасынан 50 шақырым қашықтыққа әкелген. Ресей билігі де Украинаға толыққанды соғыс бастамас бұрын, әскери жаттығу деген желеумен өз әскерін Украина шекарасына әкелген еді. Лукашенко Кремль қысымымен жаңа фронт ашуы әбден мүмкін», - дейді.
Сарапшылар арасында: «Лукашенко агрессор ретінде трагедиялық кейіпкерге айналды, өйткені бұл оның саяси өлімі болып табылады», «Беларусь әскерінің жауынгерлік дайындығы тек оқу-жаттығуларда сыннан өткен», «Вагнершілер» белорустық күш құрылымдарында нұсқаушы ретінде ірге тепті, бірақ олардың саны мүлде аз» және «Беларусьтің бірқатар стратегиялық кәсіпорындары украин артиллериясына қол жетімді жерде орналасқан», деген пікірлер де айтылып жатыр.
Mezgil.kz