Беларусь провокациясы: Лукашенко кіммен соғыспақ?

Тамыз айының соңында Украина мен Беларусь арасындағы қарым-қатынас әбден ушықты. Бұл туралы осыған дейін Mezgil.kz ақпараттық порталында егжей-тегжейлі жаздық. Десе де, шекара түбіндегі шиеленісті ахуал әлі басылмай тұр.

1725874351404653.jpg

БЕЛАРУСЬ ТӨҢІРЕКТЕН ЖАУ ІЗДЕУДЕ: УКРАИНА, ПОЛЬША, ЛИТВА МЕН ГЕРМАНИЯ..

Беларусь Қауіпсіздік кеңесі кеше ғана екі ауыз сөзден тұратын үш кезек мәлемдеме жасады. Төңіректен жау іздегендей, Беларусьпен шекараласатын һәм шекараласпайтын елдерді әскери агрессия жасауда деп айыптады. Қараңыз:

Әуелі Украинаға соқтығып: «14 мың адамнан тұратын украиналық әскери топ Беларусь шекарасына жақын жерде шоғырланған», - деп дабыл қақты. Беларусь Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы: «Украина соғыстың барлық гуманитарлық нормаларын бұзуда: кісі өлтіру және бейбіт тұрғындарды қорлау, тұтқындарды қорлау т.б.», - деп сөйледі.

Онан соң Польшаны айыптап: «Польшада қауіпсіздікті күшейту сылтауымен шекарамызға орналастырылған топтың жалпы саны 17 мың әскери қызметкерге жетті. Сонымен қатар, Польшада жаңа механикаландырылған дивизия құрылуда», - деді.

Сәлден соң Германия мен Литвадан қауіп іздеп: «Германияның әскери басшылығы Литва аумағында ұлттық қарулы күштердің 45-ші танк бригадасын құру бойынша жұмысты жалғастыруда», - деді.

ШЕКАРА ТҮБІНЕ ТОПТАСҚАН ӘСКЕР: БЕЛАРУСЬ НЕ НӘРСЕГЕ ТІЛЕНІП ОТЫР?

Минск осыған дейін «Полонез» РДОЖ (РСЗО) және «Искандер» кешендері бар әскери бөлімдерін Беларусь-Украина шекарасына орналастыра бастаған еді. «Егер Киев шекараны бұзған жағдайда әскерді іске қосамын», - деп айбар шекті Лукашенко.

Әсіресе, Украина Ресейдің Курскі облысында әскери операция бастаған уақта Беларусь президенті Украинамен шекарадағы армиялық топты күшейтуді тапсырды. Республиканың Қорғаныс министрлігі Гомель және Мозырь бағыттарына арнайы жасақ, құрлық әскерлері мен зымыран әскерлерінің күштері шоғырланғанын, олардың қарулануында «Полонез» РДОЖ (РСЗО)  мен ресейлік «Искандер» кешендері тұрғанын хабарлады. Бұдан басқа, авиациялық топ саны да арттырылды.

ЗЕЛЕНСКИЙ БЕЛАРУСЬ ПРОВОКАЦИЯСЫ ТУРАЛЫ НЕ ДЕДІ?

«Беларусь Республикасының шенеуніктерін Мәскеудің қысымымен өз елі үшін трагедияға ұласуы мүмкін қателікті жасамауға шақырамыз. Беларусь тарапын мемлекеттік шекарамызға жақын тұсқа әкелген әскерін әкетуге шақырып отырмыз.

Украина ешқашан беларусь халқына қарсы қандай да бір қастық әрекет жасаған емес, жасамайды да. Беларусь тарапынан біздің шекарамызды бұзып өту әрекеті тіркелсе, БҰҰ-ның қорғану құқығына сай біздің еліміз барлық қажетті шараны іске асыратынын ескертеміз», - деді Украина.

«Біз Беларусьқа шабуыл жасамаймыз және ешқашан жасамайтын едік. Ондай ниетіміз жоқ. Бұл бүкіл Украина халқының Беларусь халқына берген басты белгісі», - деді президент Зеленский.

ЛУКАШЕНКО НЕ ДЕЙДІ?

Беларусь Украинаға қарсы соғыста Ресейге көмектесіп жатыр деген айыптауға президент Лукашенко бүйдеп жауап берген: «Біз неге көмектеспейміз? Біздің одақтасымыз соғысып жатыр!», - деген.

«Минск Украинаға қауіп төндірмейді, шекарадағы белорустық топ қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін орындайды және «ол украинаға қарағанда бірнеше есе аз», - деп мәлімдеді Беларусь Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Александр Вольфович.

«Біздің шекараларымызға жақын жерде Украинаның, басқа да әскерилендірілген құрылымдарының 14 мыңға жуық әскери қызметші орналасқан, біздің әскеріміз мемлекеттік шекарамыздың маңында. Ол Украинаның қауіпсіздігіне қауіп төндіреді деп айту тым күлкілі», - деп мәлімдеді Вольфович.

Вольфовичтің сөзінше, Беларусь шекара түбіне 4,5 мың әскер апарған-мыс.

Лукашенко: «Мәскеу Минсктен еш қиындық күтпеуі керек және белорустар ресейліктердің арқасына ешқашан пышақ салмайды», - деп сөйлеген. Осы белорустардың «Ресейдің арқасына пышақ салмауы» Киевті Беларусь шекарасында әскер ұстауға мәжбүр етіп отырған жайы бар. Екі ел арасындағы жағдайды тек бір ғана адам – Лукашенко ушықтыруда.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар