Украина Ресей аумақтарының тамырын басып көруді сәтті жалғастырып жатыр. Бүгін таңға дейін Украина Ресейдің бірнеше облысына соққылаушы темір құстарды (дрондарды) ұшырыпты. Бұл сөзсіз, Ресей жұртын әбігерге салып жатыр. Сонымен қараңыз:
(Коллаж: Mezgil.kz)
Мәскеу маңы:
Мәскеу облысының аумағына кемі 85 дрон ұшып барған. Мәскеуден 30-ақ шақырым жердегі Раменское дейтін қалашық бар. 115 мыңға жуық халық тіркелген. Сол қалашықтың аспанында атой салған Украина дрондары Мәскеудегі бірнеше әуежайдың жұмысын уақытша тоқтатқан. Тіпті, дрондардың бір-екеуі тұрғын үйлерге түскенін жергілікті билік жыларман болып айтуда. Қаза тапқандар бар.
Украина дрондары Мәскеу орталығынан 30 шақырымдағы Раменское мен Подольскіге, Мәскеудің Казанский теміржол вокзалынан 19 шақырым жердегі Люберцы қалашығына, 20 шақырым жердегі Троискі қалашағына, Мәскеудің дәл ортасынан 37 шақырым жердегі Домодедово мен Мәскеуден сәл алыста (100 шақырым) орналасқан Комомнаға дейін жеткен.
Брянскі облысы:
Украина соққылаушы темір құстардың ең көбін Брянскі облысына бағыттапты. «Шамамен 60-тан астам дронды атып түсірдік», - деп жергілікті басшы-қосшылар айтып жатыр. Демек, атып түсіре алмағаны қанша?
Тула облысы:
Ресейдің Тула облысы да түнімен Украина дрондармен күресіп шыққан. Дрондар Туланың отын-энергетика кешенінің объектілеріне бағытталған.
Липецкі облысы:
Ресейдің Липецкі облысының кемі 3 ауданынан түнгі маза кеткен. Бірақ, неше дрон ұшып барғаны айтылған жоқ. Дрондармен алысып шыққан аудандар: Елец, Липецскі және Воловскі аудандары.
Воронеж облысы:
Ресейдің Воронеж облысына дрондар таңға жуық сәлем сұрай барған. Әзірге неше дрон және олардың нәтижелігі туралы деректер айтылған жоқ.
Калуга облысы:
Мәскеуден небары 150 шақырым жердегі Калуга облысының аспанында да тарсыл-гүрсіл. Жуковскі, Малоярославскі және Дзержинскі аудандарында тыныштық болмаған.
Курскі облысы:
Украина әскері операция жүргізіп жатқан Ресейдің Курскі облысының, соның ішінде Курскі қаласының аспанына 15-ке жуық ұшақ типтес соққылаушы дрон ұшып барған.
Дрондар шабуылынан Ресейдегі Жуковский, Домодедово, Внуково мен Шеремет әуежайларында ондаған рейс уақытша тоқтатылып, уақыты кейінге шегерілген.
Орыс ақпараты: «Бұл Украинаның Ресей қалалары мен облыстарына жасаған ауқымды дрон шабуылдарының бірпі болды», - деп жазуда.
МАЙДАННЫҢ БАСҚА ШЕБІНДЕГІ АХУАЛ ҚАЛАЙ?
Курскі облысы: Суджа ауданының маңайында кескілескен шайқастар әлі жалғасуда. Украина 6 тамызда Курскі облысының аумағына әскер кіргізген. Содан бері бірнеше аудан мен 100-ден астам елдімекенді өзіне бағындырған. Бағындырып қоймай, ор қазып, мықтап бекінген.
Әртүрлі деректерге шолу жасап ұққанымыз – дәл қазір жан алысып, жан беріскен шайқастар Малая Локняда жүріп жатыр. Бұл шағын ауыл. Украина-Ресей шекарасынан 14 шақырым жерде орналасқан. Десе де, Курскі облысының Суджа, Глушково аудандарының әр ауылы үшін ұрыс жүріп жатқанын айта кету керек. Ал негізгі тоқтаусыз ұрыстар Коренево бағытында жүріп жатыр. Украина бұл бағытта РДОЖ (РСЗО), артиллерия мен соққылаушы дрондарды көптеп қолдануда. Онан бөлек, орманды алқапты Украина әскерлері өз пайдасына жаратуда.
Белгород облысы: Ресейдің шекаралық Белгород облысынан да тыныштық кеткелі неше уақыт. Бүгін түнде Украина осы Белгород облысының Грузскі ауылын РДОЖ арқылы атқылаған.
Херсон бағытында: Украина Қарулы Күштердің теңіз бригадаларын мобилизацияланған бұрынғы тұтқындармен толықтыруда деген ақпарат бар. Бұл бағытқа Украина қосымша күш жұмылдыруда. Ұрыстар оккупацияланған территорияларда жүріп жатыр.
Угледар бағыты: Окупацияланған Донецкі облысының Угледар бағытында да ұрыс қимылдары тоқтаусыз жалғасуда. Өкінішке орай бұл бағытта Ресей басқыншы әскері алға жылжып келеді. Әсіресе, Водяное ауылы, «СтройДеталь» зауыты мен саяжай массивіне Ресей әскері орнығуда. Ал Павловкіде Украина әскері жауға тойтарыс беріп бағуда.
Покровскі бағыты: Окупацияланған Донецкі облысындағы басты шайқас осы Покровскі үшін жүріп жатқалы аптаға жуқытады. Әсіресе, Украинскі, Горняк пен Селидово аудандарында кескілескен шайқастар жалғасуда. Украина бұл бағытқа қосымша күш жұмылдырған. Ентелеп келе жатқан жау әскеріне мықтап тойтарыс беріп, тоқтатқан. Ал Ресей әскері дәл осы бағыттағы Украина тылы мен майдан шебіндегі әскерді байланыстыруша дәлізді кесуге тырысуда.
Түйін: Әзірге майдан шебіндегі жалпы картина осылай өрбуде. Әлгінде ғана президент Зеленский: «Әттең, біз Кремльді соққылай алмайтынымызға өкінемін», - деп сөйлеген еді. Бүгін түнде Украинаның аузынан от түкірген темір құстары (дрондары) Мәскеу орталығына 20 шақырым жерге дейін жетіп, Кремльдегілердің зәресін алыпты. Ал Украина алысты көздейтін балистикалық зымырандарға қол жеткізгенде не болмақ?..
Mezgil.kz