Газадағы соғыстың бір жылы һәм аш қалған 2 миллион адамның тағдыры не болмақ?

Газа секторындағы қанқасап соғыстың жалғасып жатқанына 7 қазанда тура бір жыл болады. Ресей-Украина соғсынан кейінгі әлем картасында пайда болған екінші ірі соғыс ошағындағы қазіргі ахуал қандай? Бір жылда аталған аймақта не өзгерді? Аз-кем тоқтала кеткенді жөн санадық...

1725952567837230.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

7 қазанда Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыстың басталғанына бір жыл толады. Әлем жұртшылығы тап осы қақтығысты бейбіт реттеуге шақыруға қарамастан, ол әлі жалғасуда. 7 қазаннан бастау алған ХАМАС шабуылы 1,2 мыңнан астам израильдіктің өмірін қиды, жүздеген адам кепілге алынды.

Жуырда Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыстың оңы мен терісі жайлы егжей-тегжейлі айтылған «And The World Stood Still!» атты материал ЕО мемлекеттік саясатының аккредиттелген адвокаттары қауымдастығының сайтында жария етілді.

СОҒЫСТЫҢ БІР ЖЫЛЫ: ГАЗАДА НЕ ӨЗГЕРДІ?

Материалда Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыстың басталған күннен бүгінге дейінгі өзгерістер жіпке тізіліп, цифр тілімен өректелген екен. Ендеше қараңыз:

* 1,9 млн адам немесе Газаның 80%-дан астамы босып кетті. Басым көпшiлiгi БҰҰ мекемелерiн, мектептер мен ауруханаларды паналауда. Дегенмен, қауіпсіз деген тап осы жерлерде 400-ден астам адам қаза тапты және кем дегенде 1400 адам жарақат алды.

* 7 мың адам хабар-ошарсыз жоғалып кетсе, аты-жөні белгісіз нешелеген адам қираған ғимараттарда тірідей көмiлді.

* Газадағы кемінде 370 мың тұрғын үй-жай жарамсыз болып, оның ішінде 79 мың толық қиратылды. Бұл Газадағы барлық тұрғын үйдің 65%-ын құрап, шын мәнісінде 1 млн-нан астам адам баспанасыз қалды.

* Білім нәрін беріп келе жатқан мектептердің 85%-ына нұқсан келіп, олардың 70%-дан астамы күрделі жөндеуді немесе түгелдей сырып тастап, қайта салуды қажет етеді. Дәл қазір 625 мыңға жуық оқушы білім алуға қол жеткізе алмай отыр.

* Газадағы көптеген ауруханалар қираған немесе бүлінген, ал жұмыс істеп жатқан ауруханаларда персоналдар мен материалдар жетіспейді.

* 2024 жылы Газа секторының ЖІӨ 51%-ға қысқарған.

* Аймақтағы экономиканың түп негізіне нұқсан келіп, жұмыс істеп келген басты салалардың 90%-дан астамы шығынға ұшыраған.

* Соғыс басталғалы-бері экономика 81%-ға қысқарып, 201 мың жұмыс орны жойылды. Ал, қазір бұл салада «Гипержұмыссыздық» деңгейі 45%-ды құраған. Осылайша 1,8 млн палестиналық кедейшілік шегінде қалды.

* Газаның 350 мың тұрғыны созылмалы аурулардан зардап шегуде.

* Израильдің өмірлік маңызы бар инфрақұрылымға шабуыл жасауынан кейін Газадағы ауыз суға қолжетімділік  едәуір қысқарып, қолжетімді судың 97%-ы ДДҰ стандарттарына мүлдем сәйкес келмейді.

* Газа секторында 1 миллионнан астам палестиналық әйел мен қыз бала аштықтан зардап шегу үстінде. Бұрымдылардың, әсіресе, бала емізетін аналар мен жүкті әйелдер үшін өте маңызды тамаққа, қауіпсіз суға және санитарияға қолжетімділігі жоқ.

* Газа секторындағы қақтығыс нәтижесінде шамамен $50 млрд инвестиция көзден бұлбұл ұшты.

* Алдын ала есептеулер бойынша, жүз мыңдаған палестиналықты уақытша баспанадан алғашқы тұратын жерлеріне қайтаруға мүмкіндік беретін 3 жылға арналған қалпына келтіру бағдарламасының құны 3 млрд. долларды құрайды.

* БҰҰ Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек көрсету және жұмыстарды ұйымдастыру агенттігі (UNRWA) оның ғимараттарына 350-ден астам израильдік әскери шабуыл жасалғанын, нәтижесінде 161 нысан бүлінгенін хабарлайды. БҰҰ қызметкерлерінің ең көп саны (176) Газада өлтірілді.

* Дәл қазіргі қолда бар дерек бойынша: 36 мыңнан астам палестиналық қаза тапты, оның ішінде 15 328 бала мен 10 171 әйел, сондай-ақ 83 309 адам жарақат алды. Бұл деректер күн санап өзгеріп жатқанын айта кету керек.

ИЗРАИЛЬДІҢ ҚҰРЫЛУЫНА КЕҢЕС ОДАҒЫ, ЯҒНИ РЕСЕЙ СЕБЕПШІ БОЛҒАН!

Ескерту: Бұл ретте Израильдің басына түскен кеп пен орын алған шығындары көрсетілмейді. Жалпы алғанда, бұл құдыстықтардың құқығын елемей келген Израильге деген қатал жауабы. Мақаладағы жариялаған мына жолдарға ден қойсақ көп нәрсені аңғарамыз: «Палестиналықтар мен израильдіктер сөзсіз азаптарды, қайғыны және жоғалтуларды бастан кешуде. Газа секторында 2 миллионнан астам адам өлім мен қираудың шексіз де, шетсіз түнекті түнінің құшағында қалуда. Олардың өмiрi қорқынышқа, аштыққа, ауруларға, қарапайым санитарлық жағдайлардың болмауынан құрылған», - деп жазылған.

Міне, ымыраға келмейтін қос тараптың бейбіт тұрғындарға жасаған сойқанды сыйының сықпыты осындай. Таяу Шығыс қақтығысы әйтеуір бір күні аяқталады, өйткені қарсы тұрған күштердің ресурстары таусылады. Бірақ Палестина мемлекеті мойындалмаса, бұл дағдарыс ешқашан өз шешін таппайды!

Осы тұста тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік: 1945 жылғы Ялта конференциясы мен шешімдері жеңімпаз елдерді (КСРО, АҚШ және Ұлыбритания) Таяу Шығыс мәселесін қайта қарауға мәжбүрледі. Нәтижесінде Палестина аумағында екі ұлттық субъект - еврей және араб мемлекеттерін құру туралы шешім қабылданды. Алайда Израиль мемлекеті жаңа әлемнің шындығына айналса, ал Палестина мемлекеті әлі күнге дейін қағаз жүзінде қалды.

Саяси және тарихи әдебиеттерде әлемдегі беделді еврей диаспорасының мәселесін шешу, Израильдің құрылуы мен нығаюы және Палестина мәселесін «бұғаттау» үшін әлемнің жетекші елдеріне (ең алдымен АҚШ пен Ұлыбританияға) зор ықпал ете алды деген пікірді жиі кездестіруге болады. Мұндай пікірді жақтаушылар Израиль мемлекеті құрылуының басты бастамашыларының бірі - Кеңес Одағы, яғни Ресей болғанын «ұмытады».

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар