Президент Тоқаевтың бұл реткі Жолдауында еліміздің экономикалық саясатына едәуір басымдық берілген екен. Білетін мамандардың айтуынша, кезінде экс-кіріс министрі Зейнолла Кәкімжановтан кейін салық, кеден, банк заңында көп өзгеріс болмаған.
(Сурет автордың мұрағатынан алынды)
Одан бері әлемде, елімізде қаншама өзгеріс болды? Бірақ, біз өзгермей, уақыт талабына жауап бермей, ескі сүрдекпен аяңдап кете бергенбіз. Содан да болар банктер ұлттық экономиканы, әсіресе, шағын, орта кәсіпті қолдап, қаржы салудың орнына шетелден төмен пайызбен несие алып, оны табысы мол салаға жоғары пайызбен таратып отырған. Сонымен ел тұрғындарының басым бөлігі банкке қарыз болып қалды.
«Енді банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек!» . Біздің экономикадағы орта бизнестің үлесі әрең дегенде 7 пайызды құраса, Президент енді бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 15 пайызға көтеріуді талап етті. Салық органдары бұдан бұрын жазалаушы болып келген, қит етсе кәсіпкерлердің есепшотын бұғаттап тастап, қарап отыратын. Ал оның айыппұлын пениясымен қоса төлеп, қайта аштыру үшін біраз уақыт кетіп, жүйке сыр беретін. Оның аяғы коррупцияға барып тірелетін. Енді Президент салық заңын оңтайландыруды атап айтты. Салық төлеушілердің жүгі жеңілдеп, тұсауы шешілетін болды.
Президент бұдан бұрын да салық, кеден жүйесінің заңдарын жетілдіріу үшін үкіметке көптеген тапсырмалар берген. 2022 жылғы Жолдауынан кейінгі реформаның бірінші кезеңінде 10 мыңнан астам талаптың күші жойылғанын осы жолғы Жолдауында тағы да қайталап айтты. Оның натижесі мен пайдасын кәсіпкерлер мен халық көріп отыр.
Саясат пен бизнестегі ашықтық, мөлдірлік принципін біз айғай-аттан, қыздырма қызыл сөз, жалған уәдемен орындай алмаймыз! Қайта нақты, нанымды механизм жасау арқылы мақсатқа жетеміз. Бұл барыста цифрлық дамудың жетістігіне көбірек жүгінгеніміз дұрыс. Жолдауда айтылған санда бар, санатта жоқ 2 миллион ірі қара мен 3 миллион ұсақ малдың шын сырына цифрлық дамудың арқасында жеткен сияқтымыз. Бірнеше жылдың алдында ҰБТ-ға өзгенің атынан кіретін пысықтардың жолы да осылай жабылған. Жүргізуші куәлігін сатып алатын жаман әдетке де цифрлық дамудың арқасында тосқауыл қойылды. Енді Астанада жасанды интеллект орталығы құрылса оның игілігін бүкіл ел болып көреміз.
Көптен бері бүкіл елдің аузында жүрген әңгіме Атом электр станциясын салу, салмау, салса кім салады мәселесі еді. Оның да жауабын тапқандай болдық. Біраздан бері бүкіл Республика аумағында талқы болды. Мамандар түсіндіру жұмысын жасады, белсенділер өз алаңдауын ортаға салды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» аса сабырлылықпен бар адамға пікір айтатын мүмкіндік берді.
«Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген халық даналығы бар. Біреу біліп айтты, енді біреу дүрмекке еріп айтты. Енді біреулер қасақана бүлдіріп айтты. Мүдделі топтардың сойылын соққандар да болды. Алда 6 қазанда жалпы ұлттық референдумда бұл істің нүктесі қойылатын болды. Еліміз бұдан бұрын Солтүстіктің қуат көзін Оңтүстікке тарту жобасын сәтті орындап шыққан еді. Қазіргі даму қарқынымыз энергияға денен мұқтаждықты еселеп жіберді. Қазір әлемнің дамыған және дамушы 30 елінде 200-ге таяу атом электр станциясы істеп тұр екен.
Еліміздің Ұлттық ғылым академиясының ядролық физика институтында 750 ден астам ғалымдары мен қызметкерлері осы салада жұмыс істеп жатыпты. Сонымен бірге МАГАТЭ-нің тапсырмасы бойынша, Орта Азия елдеріне маман тәрбиелеп жатыр екен. Оның үстіне елімізде уран қоры өте мол. Барлық мүмкіндік бізде тұрғанда неден алаңдаймыз? Белді бекем буып, Еліміздің ертеңің көбірек ойлағанымыз дұрыс.
Тоғыз бағытта өрбіген Жолдаудың ең соңында: «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет», - деп түйіндейді. Әрине, оның алғы шарты «Адал адам - адал еңбек - адал табыс». Ол мақсаттың үдесінен шығу үшін әркім өз ісінің маманы болу керек. 2025 жыл - жұмысшы мамандықтар жылы болады!
Бұдан бұрынғы Жолдаулар мен осы Жолдауда және Ұлттық Құрылтайдың үш отырысында Президент еліміздің саяси, экономикалық, құқықтық реформалары және ішкі-сыртқы саясаттағы басымдықтары туралы жеткізіп айтты. Енді атқарушы органның іскерлігі мен тәуекелі, халықтың қолдауы мен түсінігі керек. Осы барыста мемлекет иелігіндегі баспасөз құралдары мен жеке блогерлер мемлекеттік мүдде мен қарапайым халықтың шынайы талабын ескеріп өз парыздарын адал атқарғаны жөн.
Омарәлі Әділбекұлы
Mezgil.kz