Ең ауқымды кибер шабуыл: Бір мезетте мыңдаған адам жарылды!

Кеше Ливанда адамзат тарихындағы ең ауқымды кибер шабуылдардың бірі орын алды. Бір мезетте Ливандағы мыңдаған адамның пейджер байланыс құралы жарылды.

1726664473996301.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

Бастапқыда ондаған адамның зардап шеккені айтылғанымен, қазір ресми түрде 4 мыңнан көп адамның пейджері жарылғаны белгілі болды. 11 адам қаза тапқан. Жараланғандардың көптігінен Бейрут ауруханаларында ұзын-сонар кезек болды.

«ХАМАС» қозғалысы саяси бюросының жетекшісі Исмаил Ханияға жасалған қастандықтан кейін, Ливандағы «Хезболла» ішкі байланыс құралы ретінде пейджерлерді қолдана бастаған. Жуырда Ливанға арнайы тапсырыспен 5 мыңға жуық жаңа пейджер кіргізілген.

«Хезболла» бұл кибер шабуылға Израиль арнайы қызметін айыптады. «Моссад» арнайы операция ұйымдастырып, 5 мыңға жуық пейджерге жарылғыш зат орналастырған және жарылғыш құрылғылар қашықтан басқарылған», - деп мәлімдеді «Хезболла».

Пейджерлер Ливан астанасынан бөлек, Сирия жерінде де жарылған. Ливанда «Хезболла» қозғалысының 2 жоғарғы шенді мүшесі қаза тапқан. Иранның Ливандағы Төтенше және өкілетті елшісі де жараланған. Иран елшісінің өзі пейджер қолданбағанымен, оның қасындағы көмекшілерінің бірі қолданып жүрген пейджер жарылған.

«Хезболла» солдаттарының қолындағы пейджерлер неге жарылды?

Бірінші пікір: Ливандағы пейджерлердің детонациясы зиянды хабарламалардан туындаған болуы мүмкін, олар аппараттарды бағдарламалық қамтамасыз етудегі осалдықтарды пайдаланып, олардың аккумуляторларының қызып кетуін және кейіннен детонациялануын тудырады.

Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі ливандық сарапшы Халил Сехнауидың пікірінше пейджерлердің жаппай жарылуына қатысты басты нұсқа мынау:

Әуелі Ливан аумағына кіргізілген пейджерлердің белгілі бір партиясы алдын ала бұзылып, жарылғыш зат орнатылған. Олар кейін бір хабарламамен іске қосылған. Израиль арнайы қызметінде «Хезболла» пайдаланатын пейджерлердің маркасы мен моделі туралы ақпараттар болған. Израиль арнайы қызметі хабарлама жіберу арқылы пейджерлердің ішіндегі жабдықты қыздырған. Салдарынан жарылғыш зат жарылған. Бұл ең ықтимал сценарий.

Сарапшылар бұл кидер шабуылға қатысты түрлі үлгідегі смартфондармен болған ұқсас оқиғаларды мысал ретінде айтады. «Samsung» смартфондарымен болған бірқатар оқиғалардан аккумуляторлардың жарылуы мүмкін екені немесе белгілі бір мәтіндік хабар «iPhone-ның» авариялық ақауын тудыруы мүмкін екені айтылады.

«Сондықтан, пейджерлердің қызып кетуі үшін қашықтан бұйрық берілген болуы мүмкін. Оның үстіне, пейджерлерде қазіргі заманғы смартфондарда бар қорғаныс шаралары жоқ», - дейді Халил Сехнауи.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар