Таяу Шығыста тағы соғыс: Израиль-Ливан қанқасап қырылысуда!

Израиль әскери-саяси басшылығы ресми түрде Ливандағы «Хезболлаға» қарсы кең ауқымды операция бастады!

1727175289820425.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

СОҒЫС ОПЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТАУЫ - «СОЛТҮСТІК ЖЕБЕЛЕРІ»

Операцияға «Солтүстік жебелері» деп ат қойды. Операцияның мақсаты - еврей мемлекетінің шекаралас аудандарын бомбалауды тоқтатып, тұрғындарды елге қайтару.

Израиль армиясы қазірдің өзінде «Хезболланың» 1300 нысанасына шабуыл жасаған. 492 адам қаза тауып, 1645 адам жарақат алған. Бұл ақырғы есептеулер емес. Демек, бұл сандар сәт сайын өзгеретіні және рас.

Израиль премьері Беньямин Нетаньяху Ливан тұрғындарына үндеу жасап, «қауіпті аймақтардан» кетуді сұрады. АҚШ Таяу Шығысқа әскер жіберіп жатыр, ал оңтүстік Ливан тұрғындары асығыс эвакуациялануда.

БІР АПТАДА: ЖҮЗДЕГЕН АДАМ ҚАЗА ТАУЫП, 5 МЫҢ АДАМ ЖАРАЛАНДЫ

Израиль Әскери-әуе күштері ливандық «Хезболла» қозғалысының объектілеріне соққы беру үшін тәулік ішінде 650-ден астам жауынгерлік ұшырылым жасаған. Соққылардың дені Ливанның оңтүстік және шығыс бөліктеріндегі елді мекендерге жасалған.

Ливанның денсаулық сақтау министрі Фирас Абиад бір аптадан аз уақыт ішінде Израильдің шабуылынан 5 мыңға жуық адам жарақат алғанын айтады. Тек қана пейджерлер мен радиолардың жаппай жарылысы кезінде 3 мыңға жуық адам зардап шеккен. Ливан билігі бұл шабуыл үшін Израильді айыптап отыр.

Израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, «Хезболла» 2023 жылдың 7 қазанынан бері үнемі алыс қашықтықтағы зымырандарды Израильге қарсы қолданып келеді. Әзірше Израиль тарапынан қаза тапқандар мен жараланғандар туралы ақпарат түскен жоқ.

ИЗРАИЛЬ ҚАНДАЙ ҚАРУЛАР ҚОЛДАНУДА?

ЦАХАЛ баспасөз қызметі ливандық «Хезболлаға» қарсы соққы беру үшін 1,4 мыңнан астам оқ-дәрілер пайдаланған. Салмағы 1000 килограммдық ауыр зымырандар, радиусы 200 шақырымға дейінгі орта қашықтықтағы зымырандар, қысқа қашықтықтағы зымырандар және «Сиад 107» дейтін соққылаушы дрондарды қолданған.

ЛИВАННЫҢ ЖАУАБЫ

Кеше Ливандағы «Хезболла» Израильге жауап ретінде, Израильдегі ауқымы жағынан үшінші қала саналатын Хайфаны зымырандармен атқылады. Зымырандардың басым-көпшілігін «Темір күмбез» ӘҚЖ кешендері әуеде қағып түсірген. Хайфа соғыс басталғалы-бері алғаш рет шабуылға ұшыраған.

Денсаулық сақтау министрлігі басшысының айтуынша, ливандықтар 1975-1990 жылдардағы азаматтық соғыс аяқталғаннан бері алғаш рет осындай ауқымды шығынға ұшырауда.

Ливан премьер-министрі Наджиб Микати Израильдің жаппай шабуылын айыптап, оны «деструктивті жоспардың» бір бөлігі» деп атады. Хабарламада айтылғандай, ол БҰҰ-ны «Израиль агрессиясын тоқтатуға» шақырды.

БАСТЫ НЫСАН – ҚОЛБАСШЫ ӘЛИ КАРАКИ

Әскери құрылым иерархиясындағы үшінші нөмірлі адам – Әли Караки Бейрутқа жасалған шабуыл кезінде  ЦАХАЛ ӘӘК соққысы салдарынан жараланғаны жайлы ақпарат шықты. Дереккөздердің мәліметінше, Каракимен бірге тағы 6 адам жарақат алған. Өткен аптада Ибрагим Акылдың көзі жойылғаннан кейін Әли Караки «Радван» арнайы жасағын басқаратын болған. Ол оңтүстік майданға және «Хезболланың» Израильге қарсы барлық ұрыс қимылдарына қолбасшылық еткен. Оның қарамағында үш бірдей алдыңғы қатарлы «Хезболла» дивизиясы («Бадр», «Насер» және «Азиз») болған.

НЕТАНЯХУ НЕ ДЕЙДІ?

Израильдің Ливан аумағындағы операциясы қатысты пікір білдірген Израиль премьері Нетаняху: «Әлі түсінбегендер үшін мен Израильдің саясатын нақтылағым келеді: Біз қауіп күтпейміз, біз одан озамыз. Барлық жерде, әр майданда, кез келген уақытта. Біз жоғары лауазымды командирлерді жоямыз, террористерді жоямыз, зымырандарды жоямыз! Бұл тек бастамасы ғана. Кім бізге соққы беруге тырысса, біз оларға осылай жауап береміз!», - деді.

ИЗРАИЛЬ МЕН ЛИВАН АРАСЫНДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫС ТАРИХЫ

Енді осы екеуінің арасындағы кикілжіңдер тарихына кеңінен тоқтала кетейік.

1970 жылдан кейін 1978 жылы Ливанға Израиль әскерлері қайта басып кірді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарына сәйкес елдің оңтүстік аудандарына БҰҰ Уақытша күштері енгізілді.

Жаңа жағдайда христиан лагерінің жетекші топтарының көпшілігі Израильмен одаққа бағдарланды. 1980 жылғы желтоқсан мен 1981 жылғы маусым айларындағы ұрыстардың нәтижесінде христиан күштері сириялықтарды Захладан ығыстырды. Израиль Ливандағы палестиналық отрядтарға шабуыл жасады. Сауд Арабиясы тарапынан дағдарысты реттеу үшін делдалдық жасау әрекеті нәтиже бермеді.

1982 ЖЫЛҒЫ СОҒЫС ЖӘНЕ ОНЫҢ САЛДАРЫ

1982 жылғы маусымда Израиль Ливанда кең ауқымды әскери операцияларды бастады және ел аумағының көп бөлігін басып алды. Күзге қарай палестиналықтар Батыс Бейруттан, ал сириялық әскерлер Бейрут-Дамаск тас жолының оңтүстігіндегі астаналар мен аудандардан кетуге мәжбүр болды. Палестина құрамаларының шығарылуын көпұлтты күштер бақылап отырды.

1982 жылдың тамызында Ливан президенті болып «Ливан күштерінің» қолбасшысы Башир Жмайель сайланды, бірақ ол қызметіне кіріскенге дейін өлтірілді. Одан соң оның орнына ағасы Амин Жмайель (1982-1988) Ливанның президенті болды. Израильдіктер Батыс Бейрутты басып алып, «Ливан күштеріне» палестиналықтарды Сабра және Шатила босқындар лагерлерінде өлтіруге мүмкіндік берді. 1982 жылдың қыркүйек айының соңында Бейрутқа АҚШ, Франция, Италия және Ұлыбританияның контингенттері кірген көпұлтты күштер қайта енгізілді.

А.Жмайель 1982 жылдың желтоқсанында Ливаннан Израиль әскерін шығару туралы келіссөздерді бастады. Нәтижесінде 1983 жылдың мамырында Ливан аумағынан Израильге қарулы шабуылдарды тоқтату үшін Оңтүстік Ливанда «қауіпсіздік аймағын» құру туралы келісімге қол қойылды.

Ашуланған палестиналықтар мен мұсылман экстремистері мұны Израиль мен Батыстың алдында капитуляция деп санап, көпұлтты күштер құрамындағы американдық және француздық әскери қызметшілерге шабуыл жасады.

Маусым айында оппозиция «Ұлттық құтқару» майданына бірікті. Валид Джумблат бастаған достар мен палестиналықтар астанадан шығысқа және оңтүстік-шығысқа қарай Шуф және Алей таулы аудандарында ливан үкіметінің күштеріне шабуыл жасады.

Сауд Арабиясының делдалдығымен 1983 жылғы 25 қыркүйекте оқ атуды тоқтату туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Алайда қазан-қараша айларында Женевада өткен конференция нәтижесіз аяқталды. Сирия ливан-израиль келісімін бұзуды талап етті.

1984 жылы ақпанда Джумблаттың күштері мен Набих Берри бастаған «Амаль» шиит отрядтары Сирияның қолдауымен ливан армиясының бөлімдерін, Батыс Бейрутты басып алды.

1983-1984 жылдары Американың Ливандағы елшілігінде және көпұлтты күштер штабында «Хезболла» қозғалысына жақын топтардың ұйымдастыруымен болған бомбалар 1984 жылдың ақпанында көпұлтты күштерді Ливанды тастап кетуге мәжбүрледі.

1984 жылы 5 наурызда А.Жмайель Сирияның талаптарын қабылдауға мәжбүр болды және 1983 жылы Израильмен жасалған келісімдердің күшін жойғанын жариялады. Осыдан кейін наурызда Лозаннада жаңа конференция жиналды, ал сәуірде елде Р.Карам бастаған «ұлттық бірлік» үкіметін құруға қол жеткізілді. Ливан істерінде Сирия жетекші рөл атқара бастады.

1985 жылдың маусымында Израиль өз әскерлерін ел аумағының көп бөлігінен біржақты тәртіппен шығарды. Оңтүстікте ені 10-нан 25 км. дейінгі «қауіпсіздік аймақ» қана қалды. Бұл аймақ генерал Антуан Лахад бастаған «Оңтүстік Ливан армиясының» бақылауына берілді.

1985 жылы қыркүйекте Захлдағы бомбадан кейін қалаға сириялық әскерлер жіберілді. Сириялықтар Триполиге де кірді. Ливандағы Сирияның негізгі одақтасы 1985 жылдың мамырынан бастап «Амал» шиит қозғалысы болды.

«ХЕЗБОЛЛА»

Оңтүстік Ливанның Израиль оккупациясына қарсы күресу үшін 1982 жылы шииттік «Хезболла» (Хизб-Аллах, араб. «Алла партиясы») ұйымы құрылды. Ұйымға 1500 «ислам революциясының сақшыларын» Ливанға жіберген Иран қолдау көрсетті. Ұйым Иран мен Сириядан қаржылық көмек пен қару-жарақ алды және өз кезегінде Ливанда Сирияның одақтасы болды.

«Хезболла» Ливанда Иран үлгісі бойынша ислам республикасын құруға ұмтылады. 2003 жылғы саяси тұғырнамада ұйым бейбіт демократиялық құралдармен ислам басқаруын орнатуды жақтайтынын атап өткен. Қозғалыс Израиль мемлекетін жою ұранын қолдайды.

1980-1990 жылдардағы «Хезболла» қызметінің негізгі мақсаты Ливаннан Израиль және Батыс әскери күштерін шығару болды. Ол құрған «Ислам қарсылығы» қарулы отрядтары партизандық соғыс және террорлық акциялар тактикасына кеңінен жүгінді.

Израильдің Оңтүстік Ливанды басып алуы кезеңінде «Хезболла» Израиль армиясының күштеріне және оларға одақтас Оңтүстік Ливан армиясына қарсы қарқынды партизандық соғыс жүргізді. Бұл әрекеттер Израильді 2000 жылдың мамырында Ливаннан өз әскерлерін шығаруға итермелеген маңызды факторлардың бірі болды.

Израиль күштерінің Ливан аумағынан шығарылуына қарамастан, «Хезболла» Израиль 1967 жылға дейін Сирияның Голан биіктіктерінің құрамында болған Шебаа ауданын иеленгендіктен, басқыншылық тоқтаған жоқ деп есептейді.

Қазіргі Ливанда «Хезболла» саяси ұйым ретінде жұмыс істейді. 1992 жылдан бастап парламенттік сайлауға қатысады. АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Австралия және Израиль үкіметтері, сондай-ақ Еуропалық парламент оны террористік ұйымға жатқызады.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар