Қазақстан әскерін модернизациялауды жалғастыруда. Әскери саладағы реформа идеологиялық, әскерді толық жарақтандыру және әскерді оқыту салаларында жалғасуда. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы жолдауында қорғаныс саласындағы өнеркәсіп кешенін дамыту мен отандық қару-жарақты шығаруды ұлғайтудың маңызды екенін атып өтіп, тиісті органдарға тапсырма берген болатын. Қазіргі сәтте бұл бойынша нақты жұмыстар атқарылуда.
(Сурет: asker.kz)
Әлемдік саясат аумалы-төкпелі күйге түсті. Геосаяси қақтығыстар ұлғайды, әлемдік державалар мүдделік тұрғыдан қарулы қақтығыстардың шоғын үрлеуде. Гибридтік соғыс түсінігі кең таралып, сепаратистік қозғалыстардың бас көтеруі әлемнің түрлі аймақтарында байқалуда. Әлем милитаристік саясатқа бет бұруда. Жаппай қарулану көріністері бар. Террорлық ұйымдар да шабуыл әдістерін өзгертіп, кең ауқымды операцияларды іске асыруда. Осы және өзге де қауіптер кез келген мемлекет үшін өзінің қорғаныс саласын мығым етуге сигнал болары анық. Қазақстан да болуы ықтимал қауіптерді ескере отырып, қорғаныс саласын күшейтуде.
Қазіргі таңда әскери салада заманауи техниканы алу және оны сарбаздарға үйретіп, оқыту маңызды саналады. Қазақстан көптеген мемлекеттермен қорғаныс саласында келісімдер жасап, қару-жарақ алу мен тәжірибе алмасуды іске асырып келеді. Оның ішінде Израильдің қорғаныс саласындағы компанияларымен келісім жасасып, барлау қызметіне арналған дрондар мен байланыс құралдары сатып алынуда. Бұл әскери құрылғылар өзінің ұрыстағы тиімділігін көрсеткен және Газадағы шайқастарда Израиль сарапшылары дрондардың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан Израильмен қорғаныс саласындағы байланысын арттыра беруге ниетті.
Испания елімен қорғаныс саласындағы байланысты арттырып, әскери транспорттық С-295 ұшағы сатып алынды. Сонымен бірге радиоэлектронды барлау және күресу құрылғылары да әскери бөлімшелерге жеткізілген.
Ұшқыштарды дайындау өте маңызды. Кәсіби ұшқыш ел тәуелсіздігін қорғаушы қаһарман саналады. Ұшқыштарды дайындау мақсатында L-410 ұшақтары алынды. Ал Түркиядан Anka соққы жасау және барлау жүргізу мүмкіндігіне ие дрондар жеткізілді. Түркиялық соққы жасаушы дрондар Таяу Шығыстағы, Қарабақтағы және Африкадағы қарулы қақығыстарда өзінің тиімділігін ұрыс барысында көрсеткен. Украина соғысында да түркиялық дрондардың тиімді екені дәлелденді.
Әуе қорғаныс жүйелерін күшейту де іске асуда. Зениттік зымыран кешендерін модернизациялау іске асып жатыр. Отандық «Нұр» радиотехникалық кешендері еліміздің әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қырағы негізде күзетуде.
Заманауи әскер үшін түрлі типтегі дрондардың маңызы жоғары. Дрондар артиллерияға бағыт сілтейді, ландшафтты барлау үшін қолданылады, қару-жарақ тасу және жаралы сарбаздарды ұрыс даласынан эвакуациялау миссияларын іске асырады. Соңғы жылдары суүсті және суасты дрондары да әскер үшін маңызды бөлшекке айналды.
Қазақстан дрондарды сатып алу және отандық дрондарды жасап шығу бойынша алға жылжуда. Отандық «Шағала» барлау дрондары әскери бөлімшелерге берілуде. Ашық дереккөздерде Қазақстан әскерінде 15 типті дрондардың бары айтылады. Әрине, қорғаныс саласы дрондардың санына және типіне қатысты нақты ақпарат бермейді. Бұл әскери құпия саналады.
Дегенмен қазақ әскерінде барлау және соққы жасау міндеттерін іске асыратын «Skylark-1LEX» дрондары сатып алынды. Дрондар түрлі мақсатта қолданылады. Радиолокациялық станцияларға қолдау көрсету, артиллерияны демеу қызметтерін атқарады.
Биыл қазақ әскеріне отандық «SUNQAR» дрондарынан бөлек, Қытайдың «EVOMax» дрондары да жеткізілуі тиіс. Израильдің Elbit Systems компаниясымен бірлесе отырып шығарылған жоғары сапалы «Тадиран» радиостанцияларын әскери бөлімшелерге табыстау үздіксіз жүруде.
Теңіз әскери күштеріне де түрлі типтегі дрондар берілуде. Олар ел шекарасын күзету мен браконьерлерді ұстау миссияларында қолданылып келеді. Теңіз әскери күштерінің кемелерін күрделі жұмыстан өткізу, модернизация жасау, жаңа кемелер алу іске асуда. Қазақстан мен Түркия арасында кемелерді жөндеу және сатып алу бойынша келісім жасалды. Бұл келісім аясында 2025-2030 жылдары зымыранмен жарақтанған кемені сатып алу, диверсиялық топтарға қарсы арнайы кемелерді алу және десанттық қайықтарды иемдену іске асады.
Қазақстан өзінің бронды техникаларын да дамытып жатыр. 2024 жылы Қазақстан өз әскерін отандық «Арлан» бронды әскери көлігімен және түркиялық «Otokar Cobra II» бронды көлігімен қамтамасыз ететінін айтқан болатын. Қазіргі сәтте бұл тапсырма іске асырылу процесінде.
«Арлан» бронды техникасы минаға қарсы қалың жабындымен қоршалған. Бронды көлікке әлемдік стандартқа сай келетін минадан қорғағыш STANAG 3A және 3B жүйелері орналастырылған.
Қазақстан байланыс саласында отандық өнімдерді көбірек қолдануға тырысуда. Жаңа типтегі байланыс құралдары шығарылуда. Бұл қақтығыс жағдайында ақпараттық қауіпсіздікті сақтау және сигналдың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет әрекет саналады.
Қазақстанның сауытты әскері, яғни танктық бөлімшелері де аса маңызды. Қазақстан қорғаныс министрлігі тарапынан Т-72, БМП-2 және БТР-80 әскери техникаларын модернизациялау іске асуда. Аталған техникаларға қуатты қозғалтқыш қою іске асып, сыртқы қорғаныс жүйесін күшейту шаралары жасалуда. Қазақстан бронды техникаларды модернизациялауда Франция, Ресей, Германия, Түркия, Испания және Польша елдерімен байланыс ұстауда.
Мемлекет басшысы қорғаныс саласында қаруды тек қана бір мемлекеттен сатып алуға басымдық бермей, өзге елдерден де қару алуды күшейту керектігін айтумен келеді. Қазақстан ұзақ жылдар бойы кеңестік қарумен қаруланып, артынша қарудың басым бөлігін Ресейден сатып алумен болды. Алайда ендігі таңда қорғаныс саласында диверсификация іске асуда. Түркияның Aselsan компаниясымен байланыс орнатылып, келісімдер жасалды. Eurocopter компаниясымен бірлесе отырып ЕС-145 тікұшақтарын жасауда. Францияның Tales компаниясымен бірлескен негізде жоғары жиілікті радиостанциялар сатып алынуда. Бұл өзге елдің қорғаныс саласындағы компаниялармен жасалып жатқан жұмыстардың бір парасы.
Әскерді қуатты ету Қазақстан билігінің басты миссиясының бірі саналады. Қуатты әскер – ел қорғаны, тәуелсіздік кепілі және елімізге сырттан қысым көрсетуге қарсы тұратын негізгі қалқан. Қазақ әскері халқына, мемлекетіне қорған, ал қарсыласына сұс пен сес болатын реформаларды жасауды жалғастыруда.
Mezgil.kz