Қытай Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі У Жияң бүгін: «АҚШ-тың Тайуанға әскери көмегі толық масщтабты соғыстың басталуына себеп болады. Тайуанға қару жеткізу – аралдың «тәуелсіздік» алуын жақтаушыларды қолдау. Бұл дегеніңіз нағыз соғыс», - деді.
(Коллаж: Mezgil.kz)
ҚЫТАЙ НЕ ДЕЙДІ?
У Жияң: «Вашингон Бейжіңге қатысты екіжүзді саясат ұстануда. Жо Байденнің Тайуанға қару сатып алуға деп 567 млн доллар бөлу туралы шешімі аралдағы ахуалды одан сайын күрделендіріп, ақыры соғысқа алып келеді», - деді.
Ал 2 маусымда Қытайдың Қорғаныс министрі Дуң Зұң «Шангри-Ла диалогы» форумында сөз сөйлеп: «Тайуан мен Қытайды бөлуге тырысқандардың барлығы өз бейіттерін өздері қазып жатқандар», - мәлемдеді. Ол Тайуанның жаңа үкіметінің саясатын айыптап, Қытайдың халық-азаттық армиясы әрқашан ел бірлігін сақтап қалу үшін жеткілікті күшті болғанын атап өтті.
Қытай мен Тайуан арасындағы қақтығыс 2022 жылдың тамызында АҚШ өкілдер палатасының бұрынғы спикері Нэнси Пелоси Тайуанға барғаннан соң өрши түскен.
АҚШ НЕ ДЕЙДІ?
Ал таяуда АҚШ президенті Жо Байден: «Қытай мен Тайуан арасында қақтығыс орын алған жағдайда американдық әскерлер ұрысқа араласады. Егер Қытай біржақты түрде Тайуан мәртебесін өзгертуге шешім қабылдаса, АҚШ осындай қадамға барады», - деп мәлімдеді.
Бұған дейін АҚШ Тайуанда «Stinger» зениттік зымырандарының өндірісін іске қосуы мүмкін екенін хабарлаған. АҚШ 2025 жылы техникалық және өндірістік мүмкіндіктерді, сондай-ақ киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын бағалау үшін мамандарды аралға жіберуді жоспарлап отыр.
ТАЙУАН НЕ ДЕЙДІ?
АҚШ-тағы Тайуан өкілі Александр Юи АҚШ БАҚ-тарына берген сұхбатында: «Тайуан қақтығыс туындаған жағдайда Қытайға қарсы тұруға дайын», - деп мәлімдеді. Сондағы Юи айтқан басты тезистер мынау:
- Қытай бізге басып кірген жағдайда тайуандар өз күшімен қарсы тұра алады. Біз Украина мысалын көріп отырмыз;
- Қытай 2020 жылдан бастап өңірдегі шиеленісті күшейте түсуде. Си төраға өзінің қытайлық арманын жүзеге асырғысы келеді. Мәселе АҚШ-та кімнің басшы болуында емес, Сидің не ойлайтынында болып тұр;
- Тайуан АҚШ-тан көмек қажет болмайды деп үміттенеді, бірақ ұсынылса, одан бас тартпайды;
- Тайуан әлемдік қауымдастыққа қосылғысы келеді, себебі Қытаймен қақтығыс салдарынан ондаған жылдар бойы оқшауланған.
ҚАЗАҚСТАН НЕ ДЕЙДІ?
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі осыған дейін Тайуанға қатысты өз ұстанымын жариялаған. ҚР СІМ: «Қытай Халық Республикасының аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін толық және толық қолдайтынын», - айтқан.
Тайуанда өткен сайлауға қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігі: «Тайуанда өткен сайлауға байланысты Қазақстан Республикасы «біртұтас Қытай» қағидатын берік қолдайтынын мәлімдейді және Қытай үкіметі бүкіл Қытайды білдіретін жалғыз заңды үкімет болып табылатынын, ал Тайуан Қытай аумағының ажырамас бөлігі болып табылатынын растайды», - деп мәлімдеді.
Бұл ұстанымды Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев те бірнеше рет айтқан болатын. Мәселен, өткен жылы қытайлық «CCTV» телеарнасына берген сұхбатында: «Екі Қытай» болмауы тиіс. Тайуан - Қытайдың бір бөлігі. Барлық мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидаты сақталуы қажет Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында солай деп бекітілген», - деген.
Түйін: ҚХР үкіметі мен оның арал провинциясы арасындағы ресми қарым-қатынас 1949 жылы Қытай Коммунистік партиясымен болған азаматтық соғыста жеңілген Чан Кайши бастаған Гоминдан күштері Тайуанға көшіп кеткен кезде үзілген. Арал мен материктік Қытай арасындағы байланыстар 1980 жылдардың аяғында қайта жанданды. АҚШ Тайуан билігін ашық қолдайды.
Mezgil.kz