Ресейлік депутат: Зират жетіспей жатыр. Заңды өзгертейік!

Ресейде зират жетіспеушілігі байқалады. Бұл туралы МемДуманың құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық комитеті төрағасының орынбасары Светлана Разворотнева мәлімдеді. Депутат Светлана Разворотневаның сөзінше зираттың жетіспеушілігі 1996 жылы қабылданған заңның ескіруімен және өміршеңдігін жоғалтуымен тікелей байланысты. Депутаттың сөзінше заң қазіргі талаптарға жауап бермейді.

1728560283729319.png

(Сурет krymr.com сайтынан алынды)

«Қолданыстағы заңда жерлеуді тек муниципалдық ұйымдар жүргізе алатыны тікелей айтылған. Яғни, жеке зираттарды, крематорийлерді, басқа да ғұрыптық нысандарды құру мүмкін емес, бұл салаға мемлекеттен бөлек сырттан капитал мен инвестиция тарту да мүмкін емес деген сөз», - дейді депутат.

Депутат Разворотневаның сөзінше ең ауыр жағдай крематорийлермен байланысты болып тұр. Ол Ресей бойынша 27 арнайы крематорий нысанының барын айтты. Яғни, 5 млн адамға бір крематорийден келеді деген сөз. Бұл өте аз дейді депутат. Ол Жапонияда 79 мың адамға бір крематорийден, АҚШ-та 159 мың адамға бір крематорийден, Ұлыбританияда 242 мың адамға бір крематорийден келетінін мәлімдеген.

«Крематорийлер жетіспейді. Мәскеу, Петербор, Екатеринбург қалаларында 70% жерлеу рәсімін крематорий арқылы іске асырғысы келетіндер бар. Крематорий жетіспеген соң, кей азаматтар облыс орталықтарына баруға мәжбүр. Бұл артық шығын, стресс, уақытты зая кетіру деген сөз», - дейді депутат. Ол заңды өзгертуді сұрауда.

Ол заңды өзгертіп, жерлеу рәсімін өткізетін орталықтарға көбірек өкілеттілік беруді ұсынуда. Соның ішінде крематорий салу, жекеменшік зираттарды көбейту және басқаны іске асыру қажет екенін айтты. 

Сарапшылар Ресейде өлім-жітім саны соңғы жылдары күрт артқанын айтуда. Бұл коронавирус пандемиясымен және Украинадағы соғыспен тікелей байланысты. Росстаттың мәліметі бойынша, 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында қайтыс болғандар саны жылына 4%-ға өсіп, 921,1 мың адамды құраған. Елде туылғандарға қарағанда, қайтыс болғандар саны 1,5 есе көп. Ал кей аймақтарда бұл көрсеткіш 2-3 есеге көп. Жыл басынан бері Ресей халқы 272,5 мың адамға азайған.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар