Соңғы күндері Ким Чен Ын тізгінін ұстаған Солтүстік Корейге қатысты суыт жаңалықтар әлемдік ақпараттық кеңістікті жылдам шарлап кетті. Ким пәрмен беріп, соғысқа дайындық қызу жүріп жатыр деген әңгіме желіде желден жылдам тарады. Сол себепті бүгін Солтүстік Корей тақырыбына қатысты маңызды ақпараттарға шолу жасағанды жөн санадық.
(Суреттер: lenta.ru, Korean Central News Agency, Неміс толқыны, ВВС сайттарынан алынды)
УКРАИНА: СОЛТҮСТІК КОРЕЙ РЕСЕЙГЕ ӘСКЕР ЖІБЕРУДЕ!
Украина президенті Владимир Зеленский 13 қазанда, яғни кеше: «Солтүстік Корей Ресейге тек қана қару-жарақ емес, әскерін де жіберіп жатыр», - деп мәлімдеді.
«Біз Ресей мен Солтүстік Корей сияқты режимдер арасындағы одақтың өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Солтүстік Корей қазір Ресейге тек қару-жарақ жіберіп жатқан жоқ. Сонымен қатар, өз әскерінің жеке құрамдарын аттандыруда», - деді Зеленский.
(Сурет: Неміс толқыны басылымынан алынды)
Зеленский әріптес мемлекеттерді үлкен соғысқа жол бермеу үшін Украинаны қолдауды күшейтуге шақырды. «Майдан үлкен қолдауға мұқтаж. Бізге ұзақтан соққы беретін қару керек. Бізге қару-жарақ техника жеткізілімдері – бұл тек әскери мұқтаждық тізімі емес. Бұл – агрессорға қымысның арттырылуы деген сөз!», - деді.
МАЙДАНҒА КІРГЕН КИМ ӘСКЕРІ РЕСЕЙГЕ ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСПЕК?
Осыған дейін «Washington Post» Солтүстік Корейден Ресейге барған бірнеше мың сарбаз қазір Ресейде әскери дайындықтан өтіп жатқанын, ал жыл соңына дейін олар Украинадағы майданға жіберілуі мүмкін екенін жазған.
Бұл ақпаратты «The Guardian» басылымы да растады. «Солтүстік Корей Украинаға қарсы соғысқа жүздеген әскерін жіберді. Олар ресейлік әскерлерге зымыран қондырғыларымен жұмыс істеуге көмектеседі», - деп жазды.
Ресейге көмекке барған Ким әскері қазірдің өзінде «KN-23» зымырандарына арналған ұшыру қондырғыларының операторлары ретінде ресейлік позицияда қызмет қылып, соғысқа араласып жүр.
Батыс сарапшылары: «Солтүстік Корей Украина майданын өз пайдасына жаратуда. Атап айтқанда, Солтүстік Корей онда өз қаруын сынап, жауынгерлік тәжірибе жинақтауда», - дейді.
Осыған дейін БАҚ-та Украинаның Донецкі облысының окупацияланған бөлігіне соққы беруінен Солтүстік Корейдің 6 офицері қаза тапқаны белгілі болған.
Украина барлауының мәліметінше, Солтүстік Корей осы жылдың өзінде Ресейге 2 миллионнан астам снаряд пен «KN-23» зымырандарын берген.
(Сурет Ведомости сайтынан алынды)
ПУТИН МЕН КИМ НЕ КЕЛІСТІ? ЖАҢА ШАРТТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН?
Естеріңізге сала кетсек, биыл маусымда Ресей президенті Владимир Путин мен Солтүстік Корей басшысы Ким Чен Ын «Ресей мен КХДР арасында жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы шарт» жасасты. Жаңа келісімшарт қатысушылардың біріне қарсы агрессия болған жағдайда өзара көмек көрсетуді көздейді.
КОРЕЙ ТҮБЕГІНДЕГІ СОҒЫС ҚАУПІ
Тақырыпқа тұздық: Корей түбегінде жағдай да шиеленісе түсті. Оңтүстік Корейдің дрондары Солтүстік Корей аспанында үш рет байқалып, Пхеньян зымырандарды толық жауынгерлік әзірлікке келтірген.
(Сурет Korean Central News Agency)
Оңтүстік Корейдің дрондары әуелі 3 қазанда, сосын 9 қазанда КХДР әуе кеңістігін кесіп өткен. Онан соң 11 қазанда да осындай жағдай тіркелген. Оңтүстік Корейдің дрондары аспаннан үнпарақтар шашқан.
Осыдан соң Солтүстік Корей Оңтүстік Кореймен шекарасын толық жауып, шекара маңынан траншеялар қазып, ондаған мың мина қойған. Әскерді толық ұрыс жағдайына келтіруге бұйрық берілген. Тіпті, кез келген жағдайда Оңтүстік Корей аумағына соққы жасауға пәрмен берілген.
Mezgil.kz