«Мәскеу үшін жан пида»: Ресей үшін кімдер соғысуда?

Ресейдегі автохонды ұлттардан бөлек, КСРО тарағаннан кейін ОА-ның өзге ұлттары мен сол аумақтардағы этникалық орыстар Ресейге тұрғылықты қоныс тебе бастағаны әмбеге аян. Оның алғашқылары Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиындықтарды сылтау етсе, кейінгілері этникалық шығу-тегін себеп етті. Ең тез көбейіп келе жатқан ұлт болып табылатын – өзбек жеріндегі азаматтар осы санатта басты орында.

1729157724814296.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz)

ӨЗБЕКСТАН АЗАМАТТАРЫ

Орталық Азияның еңбек мигранттары орыс-украин соғысына дейін саясатқа арласқан жоқ. Ресейдің басқыншылық соғысы һәм Ресей саяси басшылығының соңғы жылдардағы мигранттарға қатысты саясаты жағдайды мүлде өзгертті. Ресей төлқұжатын алу үшін қырғыздар, өзбектер мен тәжіктер өз еріктерімен соғысқа сұрана бастағанын білеміз.

1729156329803219.jpg

(Көрнекілік сурет kun.uz сайтынан алынды)

ӨЗБЕК БИЛІГІ: СОҒЫСҚА ҚАТЫСҚАНДАР – БІЗ ҮШІН ҚЫЛМЫСКЕР!

Ал аталған үш елдің билігі осы соғысқа қатысушыларды «қылмыскер» деп табатындарын талай мәрте мәлімдеді. Сондай қатаң ескертуді күні кеше ғана Өзбекстанның Қазандағы бас консулдығы жасады. «Арандатушыларға ермеңдер! Шет мемлекетке соғысқа бармаңдар! Мұндай адамдар біз үшін қылмыскер. Соғысқа барғандар  «жалдамалы жендеттік» бабы бойынша сотталады. 10 жылға дейін қамау жазасы кесіледі», - деп ескертті.

Біздің «Ресей үшін кімдер соғысып жатыр» деген сауалды қоғам талқысына шығаруымызға да, осы мәлімдеме себеп болды. Сонымен:

Ресей Украинаға қарсы соғыс бастап, оған қоса елдегі еңбек мигранттарына қатысты заң талаптарын қатайтқаннан кейін, Ресейге күнкөріс қамымен баратындардың саны күрт кеміген. Соғысқа дейін Ресейге барғыштайтын Өзбекстан азаматтарының саны 4-6 миллион аралығын құраса, қазір бұл 1 миллионға дейін азайған.  

1729156485633193.png

(Сурет sputnik.ru скрині)

РЕСЕЙДЕГІ ӨЗБЕКТЕР: «МӘСКЕУ ҮШІН ЖАН ПИДА»

Ресей жерінде жүрген өзбектер Украинаға қарсы соғысқа баруға ынта-шынта құлшыныстарын білдірген. Пермдегі өзбек диаспорасы осыдай бастама көтерген, әуелде. «Ресейдегі өзбектер мен Өзбекстаннан Ресейге жұмыс іздеп келген өзбектерден арнайы жасақ құрайық», - деп ұсыныстаған. Оны жасаған - Пермдегі өзбек диаспорасының басшысы, «Перм аймағындағы өзбектер қоғамы» РҚБ басқарма төрағасы Джахонгир Джалолов деген адам. Алайда, бұл «жалақшылық» Мәскеуге де, Тәшкенге де ұнай қойған жоқ. Десе де, Ресей әскери-саяси билігі пұлдап берген тиын-тебен үшін өмірлерін бәске тігіп, қару асынып, Украинаға қарсы майданға кірген өзбектер аз болмай тұр.

Бұл Ресей үшін соғысуға асық болған өзбек ағайындардың жағдайы. Қазір майдан даласында Ресей үшін кімдер соғысып жүр? Бірсыпырасын тізбелейік, біз. Сіз қараңыз:

1729156619425060.jpg

(Сурет Коммерсант басылымынан алынды)

СОЛТҮСТІК КОРЕЙ АЗАМАТТАРЫ

Соңғы күндері Солтүстік Корей әлемдік ақпаратты шулатып жатыр. Әуелі, Ким Чен Ын тізгіндеген оқшауланған Солтүстік Корей қасындағы Оңтүстік Кореймен жауласып, екі елді байланыстыратын құрлық жолдарып тарсылдатып-гүрсілдетіп жарып жатыр. Жә, Корей түбегіндегі бұл қақтығыстардың басталғаны кеше-бүгін емес қой.

Ең сорақысы, Ресей басқыншылығын ашық қолдаған Ким Ресейге тек вагон-вагон қару-жарақ, миллиондаған оқ-дәрі ғана емес, мыңдаған сарбазын жіберіп, соғысқа араласты.

10 МЫҢ КӘРІС САП ТҮЗЕДІ...

Батыстық аналитиктер, Ким Чен Ын  Мәскеуге көмекке бірнеше мың сарбаз жібергенін жазса, Украина сарапшылары Солтүстік Корейден барған әскердің саны 10 мыңға жуық екенін айтады. Олар «KN-23» зымырандарына арналған ұшыру қондырғыларының операторлары ретінде ресейлік позицияда қызмет қылып, соғысқа араласып жүр.

Батыс сарапшылары: «Солтүстік Корей Украина майданын өз пайдасына жаратуда. Атап айтқанда, Солтүстік Корей онда өз қаруын сынап, жауынгерлік тәжірибе жинақтауда», - дейді.

1729156725899700.jpg

(Сурет russian.rt.com сайтынан алынды)

КУБА АЗАМАТТАРЫ

Ресей үшін жан аямауға шешім қабылдаған және бір ел – Куба. Дәлірек айтсақ, осы елдің азаматтары да Ресей армиясының қатарын толықтырып жүр. Куба билігі өз азаматтарының Ресей үшін Украинаға қарсы соғысуына қарсы емес. Кубаның Ресейдегі елшісі Хулио Антонио Гармендия Пенья биыл қыркүйекте ғана: «Біз Куба азаматтарының Ресейге келіп, соғысқа қатысуына қарсы емеспіз. Бір ғана шарт: Бұл процесс заң шеңберінде болуы тиіс», - деп сөйлеген.

1729156861159462.png

(Сурет novayagazeta.eu сайтынан алынды)

ҮНДІСТАН АЗАМАТТАРЫ

Майдан даласында жүрген Үндістанның азаматтары да аз емес. Бірді-екілі БАҚ көзіне ілініп те жатыр. Олардың дені Ресей жағында соғысуда. Алғашқыда арзан ақшаға желігіп, қару ұстаған Үндістан азаматтары, нағыз қанқасапқа кіріп көріп, көздері бадырайған күйі: «Бізді елімізге қайтарыңдар, ойбай», - деп шулағанын әлем көрді. Бірақ, Кремль оларды жібере қойған жоқ. Келісімшарт жасалып, ақысы төленген соң, кері шегінерге жол да жоқ.

1729156998487715.png

(Сурет currenttime.tv скрині)

ТӘЖІКСТАН АЗАМАТТАРЫ

Ресей-Украина соғысына қатысушы Тәжікстан азаматтары да аз емес. Алайда, олардың нақты саны туралы тұщымды дерек жоқтың-қасы. Тәжіктер Ресей үшін соғысып, майдан даласында қаза тапқаны туралы БАҚ-та ондаған дерек жария болған. Олар соғысқа екі жолмен кірген. Біріншісі: Ресей армиясымен ақылы келісімшарт жасасып аттанғандар. Екіншілері – Ресейдің мигранттар заңын бұзып немесе өзге де қылмыстар жасағаны үшін сотталып, түрмелерде келісімшарт жасасып, майданға аттанғандар.

1729157207531524.png

(Сурет economist.kg сайтынан алынды)

ҚЫРҒЫЗСТАН АЗАМАТТАРЫ

Қырғызстан билігі де Ресей үшін соғысқан азаматтарға 10 жылдық түрме жазасын тағайындаған. Десе де, бұл жаза «жанкешті» қырғыздарды соғысқа барудан тыя қойған жоқ. Ресей үшін соғысып жүрген қырғыздардың нақты саны белгісіз. Олар Қырғызстаннан Ресейге күнкөріс қамымен барғандар және Ресей азаматтығын алу үшін соғысқа қатысқандар.

Ресей Күштік құрылымдарының дерегінше, қазір Орталық Азия елдерінен барып, Ресей үшін соғысып жүргендердің саны 10 мыңға жуықтайды. Олардың барлығы ОА еңбек мигранттары.

1729157506278185.jpg

(Сурет armyinform.com сайтынан алынды)

РЕСЕЙДЕГІ АЗ ҰЛТТАР

Ресейдің әскери һәм саяси басшылығы Украинаға соғыс бастаған алғашқы уақытта әуелі майданға Ресейдегі этникалық азшылық өкілдерін айдап салды. Соғыстың алғашқы күндері, алғашқы айларында қынадай қырылып жатқан саха-буряттардың, қалмақ-ойраттардың, шешен-ингуштардың, қазақ-татарлардың, тыва-дағыстандықтардың т.б. деректері әлемдік БАҚ беттерінде жария болғаны шындық. «Ресей халқы» бүкілресейлік форумында сөйлеген сөзінде РФ Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Магомедсалам Магомедов: «Ресейдің бүкіл халқы бүгінде Ресей үшін соғысуда», - деп мәлімдеді.

АВТОХОН ҚАЗАҚТАР

Биылғы қазанның басындағы жария деректерге көз жүгіртсек, осы соғыста ұзын-саны 3 мыңдай қазақ қаза тапқан. Олар автохон қазақтар және бұл соңғы нақты есеп деп те айта алмаймыз. Ресей бастаған соғысқа ерікті-еріксіз форматта қатысып, қаза тапқан қазақтардың саны әлдеқайда көп болуы да ықтимал.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар