Сарапшылар: «Түркия Ресейді Орталық Азиядан ығыстырып шығаруда: Түркия түркі әлемін өз айналасына топтауда», - деп жатыр. Ендеше, бүгін осы тақырыпта аз-кем талқы жасайық...
(Суреттер: Ақорда және gazeta.uz сайттарынан алынды)
Діни тұрғыдан түркілер негізінен сунниттік исламды ұстанады. Бірақ олардың арасында православ ғағауыздар, чуваштар, алтайлықтар, шоршылар, хакастар да бар. Сақалар да православ, бірақ олардың дәстүрлі сенімдері өте күшті, ал тувалар буддизмді ұстанады.
Білесіздер, 1991 жылдың соңына дейін тек Түркия ғана тәуелсіз держава болды. КСРО-ның күйреуі – әлем картасында түркі мемлекеттерінің санын көбейтті. Себебі, қазіргі түркі елдерінің басым көпшілігі Кеңес Одағынан шықты. Солтүстік Кипрді толыққанды мемлекет деп санауға болмайды, ал мажарлар түркі емес, олардың елі өздерінің шығу тегіне деген көзқарастары кең болғандықтан бірлестікке кіреді.
Кеңес түркілерінің азаттық күресі 1952 жылға дейін созылды. Орыс түркілерінің көпшілігінің кеңес мемлекеті шеңберінде өз мемлекеттілігі болғанымен, Қызыл империя сызып берген бағытта, саяси-эконоикалық бодандықта күй кешті.
Қазіргі Ресейдің құрамында да оншақты түркі халықтарының дербес мемлекеттілігі бар. Ресей Федерациясының көптеген субъектілерінде түркі тілдері мемлекеттік мәртебеге ие. Мысалы, Қырымда – қырым-татар тілі, ал Дағыстанда – ноғай тілі бар десек те, осы тілдерде білім беретін ұлттық мектептер түгелдей дерлік жабылды!
КСРО тараған соң, Ресейдің экономикалық ықпалы мүлдем әлсіреді. Орталық Азия елдерімен Ресейдің экономикалық байланыстары Ресей дезинформаторлары айтатындай күшті емес. Мысалы, Өзбекстанның «Навои» еркін экономикалық аймағында 60 шетелдік компания бар болса, соның 5-еуі ғана Ресейдікі. Онда арабтар басым күшке ие.
Ал Орталық Азия елдерінің көбіндегі әскери-өнеркәсіптік кешенінде қытайлық инвестициялар жетекші рөл атқара бастады.
Қазақстанда жағдай мүлдем өзгеше. Шекаралас болудың салдарынан 2014 жылғы Батыстық санкциялардан кейін ресейлік ірі компаниялар қазақ бизнесінің майлы жіліктеріне көз тіге бастаған. Ал Ресей Украинаға толық күшпен соғыс ашып, әлемнің оқшаулауына түскенде, Қазақстан да Батыс санкцияларын сақтауға уәде беріп, Ресеймен алыс-беріс, барыс-келісті едәуір азайтты. Екі елдің шекарасында шектеулер күшейді.
Және, Қазақстан Орталық Азиядағы драйвер мемлекет статусында интеграцияның әртүрлі бағыттарын қамтуда. Соның ішінде, «ОА5+1» форматымен өтіп жатқан саммиттерді және соңғы жылдары еселеніп қарқын алған Түркі мемлекеттері одағының жұмысын атап айтуға болады.
Жуырда ғана Қырғызстан астанасы Бішкекте Түркі мемлекеттері одағына кіретін елдердің экономика және сауда министрлері бас қосып, одақ аясындағы қадардарды ақылдасып-мақұлдасты. Бұл Түркі елдері экономика министрлерінің 13-ші жолғы басқосуы болды.
Қазақстан министрі Нұрлан Байбазаров сөз сөйлеп, «Түркі мемлекеттері одағының» ерекше маңызға ие игтеграциялық бірлестік екенін және Түркі инвестициялық қорының маңыздылығын айтты.
Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан мен Венгрия министрлері әрі қарай экономикалық әріптестікті дамыту жайын талқылаған.
Тақырыпқа тұздық ретінде, осыған дейін Түркі мемлекеттері одағы аясында «Түркі елдеріне ортақ» латын әліпбие келісіліп, мақұлданса, Түркия барлық оқулықтарына Орталық Азия аумағын «Түркістан» деп өзгертетінін жариялады.
Әрине, Түркі мемлекеттері одағы аясында осындай жақындықтың туып келе жатқаны Мәскеудің мазасын қашыратыны сөзсіз. Оған Ресей құрамындағы субьектілер (түркі халықтарының территориясы) қоса бейнеленген Түркі елдерінің картасын және қосыңыз. Бұл Кремль төңірегіндегі стретагтердің түн ұйқысын төрт бөлетін фактор болып табылады.
Сөзсіз, Ресей Орталық Азия мен Закавказье өңіріндегі өз ықпалын сақтап қалу үшін тегеурінді қарсыластармен күресуі керек. Әзірге, Ресейді Орталық Азиядан қуып шығуға ерекше күш салып отырған – Түркия болып тұр. Ал Ресей қазақ даласының Түркі әлемінің Алтын Қақпасы екенін біледі. Сондықтан, Қазақстанды Түркияға бермеу үшін барын салып бағады...
Mezgil.kz