Елімізде жыл сайын «Айбалта» әскери жаттығуы ұйымдастырылып тұрады. Жаттығудың мақсаты жауынгерлердің біліктілігін арттыру, қорғаныс саласын күшейту, шартты түрдегі қарулы қақтығысқа дайындықты күшейту, елдің бір аймағынан екінші аймағына әскерді жылдам жеткізуді пысықтау болып табылады.
«Мәтібұлақ» әскери полигонында 2-13 қыркүйек арасында «Айбалта-2024» оқу-жаттығуы өтті. Жаттығуға 3 мыңға жуық сарбаз бен 800-ден астам әскери техника қатысты.
Жаттығу барысында дрондарды пайдаланып, түрлі сценарий қарастырылды. Жаттығу барысында қолданылған барлық дрондар отандық өнім болып табылады. Барлау, соққы жасау және камикадзе дрондар жаттығу барысында өз тиімділіктерін көрсетті. Жаттығуда отандық байланыс жүйелері де қолданылды.
Әскери жаттығуда шартты қарсыластарға қарсы тұру, гибридті соғыс тәсілдері, диверсиялық топтарды жою, лаңкестердің шабуылын тойтарып, оларды залалсыздандыру және басқа сценарийлер іске асты.
Mezgil.kz